05 ақп, 2017 сағат 10:00

Әзімбай Ғали: «Ресей Иманғалидай ұлтжанды адамдарды жақтырмайды»

Соңғы кезде елімізде үлкен саяси өзгерістер болып жатыр. Солардың бірі һәм елеулісі - Иманғали Тасмағамбетовтің Ресей елшісі қызметіне тағайындалуы. Қоғамның назарын аударған бұл жағдай турасында саясаттанушылар не дейді екен? Алдымен Әзімбай Ғалиға сөз берейік...

-  Иманғали Тасмағамбетовтің қызметінен кетуін халық сан-саққа жүгіртіп жатыр. Вице-премьердің аяқ асты елшіге айналуында қандай саяси астар бар?

- Менің ойымша, бұл оқиғаның саяси астары бар. Біріншіден, бұл ауыс-түйіс негізсіз емес. Иманғали – қазақ элитасындағы ықпалды саясаткерлердің бірі. Қолынан іс келетін тұлғалардың қатарынан. Қазақ интелегенциясының арасындағы сүйкімді персона. Өзінің саяси амбициясы бар. Мүмкін, «бірінші орынға» шыққысы келеді. Сондықтан басқа саяси элита өкілдерінің «осы жігіт билікті қағып ала ма» деген қауіпі бар сияқты. Бұл оқиға осындай себептерге қатысты «реакция» деп ойлаймын. Жалпы Иманғалидің бір-екі кінәраты бар. Біріншіден, ол Алматының «Шаңырағын» жылатқан адам. Бұл туралы жиі айтылып та жүр. Соған қарамастан, қазақ интелегенциясының ішінде «ұлтжанды» деген имиджі бар. Өзге элита өкілдері бұл тұрғыда суықтау қарайтын болса, ол ұлттық үрдістерге, қазақтың рухани тағдырына жанашыр тұлға ретінде сипатталады. Сол себепті, қазаққа жақын осындай факторлар саяси элитаның бір бөлігін шошытады. Бұл – кездейсоқ жағдай емес. Өзі сұранды деген пікір бар. Қызбалау жігіт қой, сұранса, сұранған шығар, бірақ оның ар жағында өкпе жатқан секілді. Соңғы қызметінде де көп уақыт отыра алмады. Мен өзім бұл жағдайды белгілі дәрежеде тосын қабылдадым.

- Тасмағамбетовтің Ресей елшісі болуының мемлекет үшін, қоғам үшін, қала берді өзі үшін қандай оң және теріс тұстары бар?

- Ашығын айтқанда, Ресей Иманғалидай ұлтжанды адамдарды жақтырмайды. Бәлкім, АҚШ-тың елшісі атанса маңыздырақ болар ма еді. Ал, солтүстік көршімізбен арақатынасымыз жақсы екені белгілі. Елшісіз-ақ елдесе аламыз. Бұны мен пәлендей маңызды қызмет деп ойламаймын. Тағы бір ашық айтыла бермейтін мәселе, аймақтық тұрғыда. Тәжиннің келуі – Иманғалидің орнын алмастырғандай. Яғни, батыс өлкеден бір қайраткер жетеді деген әңгіменің аясында. Бірақ Тәжиннің орны бөлек әрине. Ол да бір жақсы қайраткер. Лас істерден ада. Демократиялық құндылықтармен өсіп келе жатқан қайраткер. Иманғали екеуінің орны екі басқа. Салыстыруға болмайды.

- Оппозиция өкілдері «Тасмағамбетовтың барар жер, басар тауы қалмағанда оппозицияға келетінін» айтады. «Өзі сұранған елшінің» өзгеріп кетуі мүмкін бе?

- Егер біздің демократиялық бағытқа кетіп бара жатқанымыз рас болса – әңгіме басқа. Бізге жетіспейтіні – экономикалық және саяси бәсекелестік. Бұны салқынқанды қабылдау керек. Бізде бірнеше партия бар. Егер солардың бірінің серкесі болса, оған таңқалудың түгі жоқ. Ең бастысы, шошымаған жөн. Иманғалидің өзі «Назарбаевтің туындысы» екенін жиі айтып жүреді. Аса алыс кете қоймас. Негізі, халықтың саяси мәдениеті біз ойлағаннан да биік. Менде инсайдерлік ақпарат жоқ. Өмірі билікте болған адам емеспін. Бірақ кей кезде реті түсіп жігіттермен сөйлесіп қалғанда, көбінің біліктілігі жеткілікті екенін, деңгейінің жоғары екенін байқаймын. Тіпті, бізде альтернативті оппозициялық партия пайда болғанның өзінде, шыны үйге тас лақтыратын адам болмайды деп ойлаймын.

-  Биліктегі үлкен дүрбелең дүйім жұрттың назарында. «Тәжиннің  Президент аппаратына оралуы, Тасмағамбетовтің Ресей асуы, министрлердің жиі ауысуы, бірқатар басшының қамауға алынуы, Елбасының бірнеше рет мәлімдеме жасауы, жазбаша жарияланған жолдау...»  Мұндай қадамдар үлкен өзгерістердің басталғанынан хабар бермей ме?

- Иә, өзгерістің бастамасы деп қабылдауға толық негізіміз бар. Құқықтық-саяси реформалардың басталуы орынды әм қуанышты. Негізі, біздегі суперпрезиденттік вертикаль өз  қызметін, өз функциясын толық орындады. Тоқсаныншы жылдардың басындағы және ортасындағы өте ауыр дағдарыс кезеңінде тиісті реформалар жасалды. Ол – «Қажыгелдин-Назарбаев реформасы». Негізгі жүк әрине президентке түсті. Сондықтан оны «Назарбаев реформасы» десек те қателеспейміз. Сонымен қатар, ол – өте табысты реформа бола алды. Ал, табыс суперпрезиденттік вертикальдің арқасында келді. Яғни, қос билік. Ол да өзін сөзсіз ақтады. Бірақ уақыт өте келе «қос билік» кедергі бола бастады. Жалпы қоғамның әлеуметтік-экономикалық прогрессіне, одан бөлек те көп дүниеге. Сондықтан президенттің классикалық «демократиялық-либералдық» жүйеге құқықтық реформа жасады. Құзырының көп бөлігін парламент пен үкіметке бергені дұрыс-ақ.

Осы өзгерістермен бірге ұлтжанды саясаткер Тәжиннің елге оралғаны да көңіл қуантты һәм дұрыс болды (әлеуметтанушы, өлкелердің жағдайымен жақсы таныс өте сауатты азамат). 

Ал, анау сотталғандардың көбі берілген жазаға әбден лайық. Олар - іс жүзінде қылмыстары дәлелденген ұрылар. Билік қолына тиген күннен бастап түрлі схемалармен ұрлық жасауға көшетін адамдар олар. Басшымыз да ай қарап отырған жоқ. Кішкентай дүниелерді байқамағанымен, шектен тыс кеткен жағдайлармен әшкереленген ұрылардың жазасын лайықты береді.

Екіншіден, сотталғандар арасында командада өзгенің мүддесін қорғайтын түсініксіз пиғылдағы артық, бөтен әңгімелер жүргізген азаматтар да жоқ емес. Ал билікте ондай «артық әңгіме» саяси интрига болып есептеледі. Ашығында, көп басшы саяси интриганы жек көреді. Әрине, бір жағы демократиялық механизм болмаған жерде де саяси интрига жүрмек. Сондықта мұның бәрінен тазару керек болған шығар.

Майлыбаевқа келер болсақ, ол керемет орысшыл жігіт еді. Оның уақытында сол орында қалай жүргеніне таң қалушы ем. Жалпы, менің сондай бірнеше жайтқа таңым бар. Кезінде КИСИ-дің басшысы болған Болат Сұлтановтың билікке жақын жерде қалай жүргенін түсінбейтінмін. Ол да ашық ресейшіл-тін. Ешкім білмесе бір жөн. Онысын жарты Қазақстан білген. Орысты жек көр демейміз әрине. Бірақ Қазақстанда отырып, Ресейдің сойылын соғу – мүлде орынсыз, ойға сыймайтын іс. Cатқындық демеймін, бірақ олай істеуге болмайды. Айталық, Украинадағы Ресейдің әрекеттерін ақтау, одан өзге де теріс саяси көзқарастар. Ал, сол Ресей Украинаға істегенін Қазақстанға істеуі мүмкін еді. Соны ойлауға, түсінуге парасаты жетпей ме олардың? Қызық. Менің ойымша, Қазақстанның азаматы, Қазақстанның жоғарғы элита өкілдері ұлттың ғана сойылын соғуы керек.

- Келесі жүріс қандай болмақ?

- Тасмағамбетовке қатысты айтатын болсақ, бұл жердегі мәселе – біреуге орын босатып беруде емес. Оның орнын басар адам табылады. Бұл қадам – персонаны сырттату. Қорғаныс министрі болған кезінде түрлі әңгімелер жүрді. Төңкеріс жасардай үрейленді кейбіреулер. Әрине, мұның бәрі бекер сөз. Провакациялық алып-қашпа әңгімелердің бір парасы. Алайда мұндай жағдайлардың белгілі бір адамдарды шошытуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз.

Сұқбаттасқан: Шерхан Талап, Айбол Исламғали

Ұлт порталы