05 мам, 2019 сағат 16:20

Әзімбай Ғали: "Қазақстанда бір ғана ұлт бар"

 

Кеңес билігі біздің барлығымызды бір идеологияға бағындырып, ұлттар арасындағы достық пен ынтымақтастықты насихаттаумен болғанын жақсы білеміз. Бұл өте дұрыс саясат дегенімізбен, мұнда да бұра тарту болмай қалған жоқ. Мәселен, барлық ұлттар бір-бірімен тең дегенімізбен, орыс ұлты солардың барлығынан басым түскенін, үстемдік жасалғанын қалай жасырамыз?! Ал ұлттар арасындағы теңдік пен ынтымақ Ұлы Дала елінде ықылым замандардан салтанат құрғанын енді ғана айтып жүрміз.

Қазақ жері әлемде көлемі бойынша тоғызыншы орында тұр. Ал халқының саны жағынан әлдеқайда аз екені де белгілі. Бар-жоғы 18 миллион тұрғын болса, оның 70 пайызына жуығын жергілікті ұлт өкілдері құрайды. Біздің жерімізде құмды шөлдер де, тақыр далалар да болғанымен, барлық өлкеміз сондай деп айтуға келмейді. Бізде айдыны шалқыған көлдер де, асқар шыңдары бұлттармен таласқан таулар да, жасыл желегі  жайқалған орманды аймақтар да кездеседі. Демек, жерімізге ешкім қызықпады, көзін алартпады деген де шындыққа жанаспайды. Ондай болса, осынау алып аймақты ата-бабаларымыз қалай қорғады деген сұрақ туындайды. Әрине, ерте кезден асауды ауыздықтап мініп, бес қаруы сайлаулы тұрған жауынгер халыққа жаулық жасауға әркімнің батылы бара бермесі белгілі. Сонымен қоса, Ұлы Далада ежелгі замандардан бері демо- кратиялық үрдістер берік орын алған болатын.

Ынтымағы жарасып отырған елді ыдыратудың түрлі айла-шарғылары жасалғанын біз тарихтан жақсы білеміз. Соның нәтижесінде жүз бен руға бөліну басталып, ақыры отаршылыққа ұрынған болатынбыз. Дегенмен, қаншама дәуірлеп тұрған империялар тарихтың шаң-тозаңына айналған замандарда, тағдыр тауқыметін тарта жүріп  қазақ мемлекеті бүгінгі күнге аман жетіп отыр емес пе?! Тіпті, бір кездері алты Алаштың құрамына кірген ұлттардың бәрі бірдей тәуелсіз ел дәрежесіне жете алған жоқ. Бұл ең алдымен қазақтың ымырашылдығы мен демократиялық басқару жүйесінің жемісі десек, ақиқаттан алшақтай қоймаймыз.

Сол Алаштың бір бұтағы өзбектер дейтін болсақ, халқының саны 33 миллионға жеткенімен, экономикасы орныға қойған жоқ. Мысалы, олардың экономикасы Қазақстаннан 4,5-5 есе төмен. Қырғыз ағайындардың экономикаға мән бермей, саясатты жағалап кетуі кедейлікке әкелгені анық. Бір Алматының ішкі жиынтық өнімі бүкіл қырғыз елінің өніміне пара-пар. Мұның барлығы еліміздегі татулық пен ынтымақтың, ұлтаралық және дінаралық түсіністіктің нәтижесі.

Қазақ халқы тумысынан толерантты ұлт екені анық. Біз жерімізге келген өзге ұлт өкілдерінің барлығын құдамызды көргендей қабылдап, төрімізден орын беріп келеміз. Небір зұлматты басымыздан кешірсек те, қайта түлеп, көктемде бой көтерген жауқазындай көбейіп отырғанымыз сондықтан. Ел басына күн туған сәттері «қара қазан, сары баланың» амандығы үшін дүниені кезіп кетсек те, айналып келіп, Отанымызға оралатын қанға сіңген дәстүріміз бар. Небір репрессияларды басымыздан өткізіп, ашаршылықты көрсек те, ұлттық бірегейлігіміз бен тілімізді, салт-дәстүрімізді сақтай алдық, құмға сіңген судай құрдымға жібере алмады бізді.

Қазақ жерінің байлығы мен мол қазынасын еркін игеру үшін небір қитұрқы саясаттар жүзеге асырылды емес пе?! Сонау аласапыран соғыс кезінде Қап тауынан шешен, ингуш, түріктерді, Қиыр Шығыстан кәрістерді вагондарға тоғытып әкеліп төксе, өнеркәсіп ашу, тың игеру деген желеумен Кеңестер одағының әр шалғайынан мыңдаған адамның қоныс аударуын мәжбүрлегені біздің есімізде. Қазақ осы дүрмектердің барлығын басынан кешіріп, қалыпты қабылдағаны тағы ақиқат. Тек өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап қана ұлттық сана мен рухымыз қайта оянды.

Бүгінде қала қазақтарының үлесі 60 пайыздан асып кетті. Демографиялық көрсеткіштерге көз жүгіртер болсақ, жылына қазақтың саны 263 мыңға артып отырады екен. Бұл – қазақ ұлты төрт жылда бір миллионға көбейеді деген сөз. Он жылда екі жарым миллионға өседі деген сөз. 1992 жылдан бастап посткеңестік кеңістіктегі орыс ұлтының ішінде депопуляция, яғни, туған адамнан өмірден өткендердің саны басым түсуі орын алса, Қазақстанға келгендерден көшкендердің саны арта бастады. Тәуелсіздік алғаннан кейін өзге этнос өкілдерінің өз Отандарына жаппай көшуі орын алды. Мысалы, бір кездері Қазақстанда бір миллионнан астам неміс тұратын болса, қазір олардың саны 130 мыңнан аса қоймайды.

Қуаныштысы, жыл өткен сайын еліміз қазақыланып келеді. Алайда солай екен деп аз ұлттың өкілдеріне әлімжеттік жасау бізде атымен жоқ. Тіліміз бен дінімізді дәріптей бастағанымызды көре алмай, байбалам салып жатқандардың бар екенін де жасырмаймыз. Бірақ бұл ақиқатқа қайшы екенін сіз бен біз жақсы білеміз.  Оған «мемлекеттік тіл» мәртебесіне ие болғанымен әлі күнге дейін тұғырына қонбай келе жатқан қазақ тілінің қасіреті айқын дәлел бола алады. 

Осындай мәселелердің барлығына қарамастан бір кездері құрдымға кеткен тіліміз өркен жаюда. Еліміздегі мектептерде оқитын оқушылардың 91 пайызы қазақ тілінде дәріс алады. Қазақ тіліне деген ұмтылыс байқалады. Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында ғана жергілікті ұлт өкілдерінің саны төмен. Алайда бұл да уақытша құбылыс. Демек, бейбіт саясатты ұстана отырып елімізді өркендетуге болады. Алыс-жақын шет мемлекеттермен байланыста да осындай үрдіс сақтауда.

Енді «ұлтаралық неке» деген мәселеге келейік. Елімізде аралас некеге тұратындар 7,5 пайызды құрайды екен. Оның 3,5 пайызы қазақ пен ұйғыр, қазақ пен өзбек сияқты мұсылман ұлттары арасындағы неке. Бұл жерде біз қаннан да, тілден де ұтылмаймыз. Қалғаны еуропалық ұлт өкілдерімен некелесу. Бұл жерде біз тілден ұтылғанымызбен, олардың 65 пайызы «ұлтым қазақ» деп жазылады. Мұндай некедегілер бір-екі баладан артық тумайтыны да белгілі. Демек, денсаулығы мықты, жақсы тәрбие, терең білім алған ұрпақ тәрбиеленіп, сапалық құрамды өзгертетініміз анық.

Қазір Қазақстанды 130-дан астам ұлт өкілдері мекендейді деп айтылып жүр. Бұл – қате пікір. Қазақстанда бір ғана ұлт бар: ол – қазақтар. Қалғандары – этностар. Қазақстан: моноұлтты, полиэтносты мемлекет. Мұнда ассимиляциялық үрдістер қазақтың пайдасына шешілуде. Яғни, бізде ешқандай ұлтаралық мәселелерсіз-ақ қазақтану жүріп жатыр. Егеменді елімізде байсалды саясаттың нәтижесінде, өзге этнос өкілдерінің мүддесіне нұқсан келтірмей-ақ жергілікті ұлт өкілдерінің мәртебесі көтеріліп келеді. Алғашында неге тез бола қоймады деп ашу шақырған ұлтжанды азаматтар болғанымен, Елбасының ұстанған саясаты өте дұрыс болғанына қазір көзіміз жетіп отыр. Ендеше, сонау ықылым замандардан бері демократиялық үрдістерді берік ұстанып, өзге ұлт өкілдеріне төзімділік танытқан қазақ мемлекеті Ұлы Далада мәңгілік жасайды деген сеніміміз берік.

Әзімбай ҒАЛИ,
тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы