26 қыр, 2016 сағат 06:42

Әзімбай Ғали: Индустрияландыру туралы сөз айтуға әлі ерте

ХХІ ғасыр әлем елдерінің алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Ел болып, мемлекет болып сақталып қалудың шарттары күрделене түсті, жаһандық   үрдістер басымдық алды, экологиялық, демографиялық, діни, әлеуметтік мәселелер өткірленді, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жіктелуі күшейді, геосаяси мүдделер тартысы басталды. Бұл үрдістерден Қазақстан да тыс қала алмайды, сондықтан елімізде терең  әлеуметтік-экономикалық реформалар, қоғам дамуына ықпал ететін стратегиялық міндеттер  белгіленген. Соның бірі – Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы (ҮИИДБ).

Индустрияландыру қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтиды, әсіресе, әлеуметтік мәселелердің шешімін табудың бір ұшы осында жатыр. Міне, қазір елімізде индустрияландырудың екінші бесжылдығы жүріп жатыр деп есептеледі. Атқарылған шаралар аз емес, бірақ, көпшіліктің көңілі толмайтын мәселелер де көп. Осы ретте Қазақстандағы индустриялық-инновациялық дамудың деңгейі қандай, оның ерекшелігі,  индустрияландырудың ықтимал қайшылықтары мен тиімділігі жайында белгілі тарихшы-демограф ғалым, саясаттанушы Әзімбай Ғалимен сұхбаттасқан едік.   

Ғылыми-техникалық прогресс, индустрияландыру жаһандық құбылыс және ол әлем елдерінің барлығын дерлік шарпыды деуге болады. Бірақ, ол әр елде әртүрлі деңгейде және негізінен тарихи-әлеуметтік себептерге байланысты жүрді. Қазақстанды да бұл үдеріс айналып өткен жоқ. Кеңестік кезеңде басталған қазақстандық индустрияландыру мен қазіргі индустрияландырудың айырмашылығы неде?  

- Қазақстанда индустрияландыру бұған дейін де болған, 1928-1940 жылдары. Кеңес Одағындағы индустрияландыру тым қайшылықты болды және оның ауыр зардаптары тарихтан белгілі. Кеңестік индустрияландыру алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін қатаң әдіс-тәсілдер қолданды және бұл адам құрбандығы мен материалдық шығындарға алып келді. Бұл үдеріс 2-дүние жүзілік соғыстың басталуына байланысты тоқтады. Бірақ соғыс кезінде неміс басқыншылары жаулап алған аймақтардағы бірқатар зауыт-фабрикалар Қазақстанға көшірілуіне орай ол жалғасын тапты. Соғыс аяқталған соң бұл кәсіпорындар өз сипатын өзгертіп, бейбіт мақсатта пайдалану үшін қайта жарақтандырылды. Алайда, Қазақстандағы индустрияландыру негізінен шикізаттық бағытта дамыды. Бұған табиғи қазбаның бай қоры негіз болды.  

Дәп қазір ескіше индустрияландыру емес, жаңа технологиялармен жаңаша индустрияландыру жүріп жатыр. Ал Батыста деиндустрияландыру басталды. Мысалы, Еуроодақта бұған дейін ЖІӨ-нің 80%-ы өндірістен келетін, ал қазір қызмет көрсету саласынан келеді. Ал индустрияның үлесі 19%  ғана. Ұлыбритания, Франция және т.с.с. дамыған елдер кәсіпорындарды жинап, Бангладешке, Үндістанға, Пәкстанға апарып қайтадан құрады. Өйткені, Еруопада еңбек құны өте жоғары. Айталық, Бангладеште бір зауытта 500-ге тарта адам жұмыс істейді, айлықтары – 100 доллар. Бізде ондай ақшаға ешкім де келіспейді. Сондықтан еңбек өнімділігі, сапасы төменірек болса да, еңбек құны арзан. Сол себепті өндірісті Қытай, Үндістан сияқты елдерге ауыстырып жатыр. АҚШ бүкіл табиғи қазбаларын консервациялап қойды. Олар жаңа индустрияландыру деп жаңа технологияларға негізделген, яғни Күн сәулесін, жел энергиясын пайдалануды атайды. Бұл – «ақылды индустрияландыру». 

Сондықтан, Қазақстан да бұрынғыдай миллиондаған тонна металл өндіруден бас тартуы тиіс. Қазір Қазақстанның экономикасы сыңаржақты. Біз 80 млн тоннадай мұнай өндіреміз, ал оның бағасы барған сайын төмендеп барады. Ескі мұнай көздері көптеген қосымша қаражатты талап етеді. Жұмысшылардың да айлығын көтеру қажет. Тасымалдауы тағы бар. Шикізат өңдеу саласында ең көп өндірілетіні – мұнай, уран, түрлі-түсті металл, көмір. Бірақ, бәрінің де бағасы түсіп барады. Сол себепті бізде де жаңа технологияларға негізделген өндіріс жасау керек. Ол – жаңа индустрияландыру. Ал, бізде өзіміздің жаңа технологиялар мүлде жоқ, бәрі шетелдік лицензияны сатып алу арқылы жасалуда. Индустриялық инновацияда өндірісті ғылыми жетектеу жүйесі болуы тиіс. Біздің ерекшелігіміз – әлі жаңа технологияға өткен жоқпыз. Енді ғана мына ЭКСПО-ға байланысты тәжірибелер басталды.  

Қазір  индустрияландырудың 2-ші бесжылдығы жүріп жатыр. Бірақ, индустрияландыру туралы сөз айтуға әлі ерте. Ал бағдарлама бойынша атқарылған іс-шаралар – жеке жобалар.

Бисмарк әлеуметтік реформаны революцияға теңеген екен. Қазіргі заманғы даму барысындағы ең үлкен жетістік әлеуметтің бақуатты тұрмысымен өлшенеді. Мұнда әрине экономиканың рөлі зор. Әлеуметтік проблемалардың шешімін табу  экономикалық өсімге тікелей  байланысты. Мына индустрияландыру бағдарламасы да экономиканы көтеру мақсатынан туған.  Олай болса, ҮИИДБ-ның халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпалы бар ма?  

- Индустрияландырудың халықтың әлеуметтік жағдайына ықпалы туралы айтатын болсақ, бұл оның қаншалықты сәтті атқарылуына байланысты. Біз индустрияландыруды әлі бастаған да жоқпыз. Аграрлық-шикізаттық сала әлі де басым. Жаңа технологияларды біз дайын күйінде шетелден сатып алудамыз. Мысалы, автомобильдің комплектілерін сатып алып, осы жерде құрастырады. Индустриялық-инновациялық бағдарламаның әлеуметтік әсері әзірге болмай тұр. Мысалы, бұрынғы индустрияландыру кезінде бір зауытта мыңдаған адам жұмыс істейтін. Ал қазіргі өндірісті автоматтандыру көп жұмыс қолын қажет етпейді.  

Қазақстандағы индустрияландырудың сипатты белгісі – ол құрастырушы өндіріс қана. Бізде металл бар, бірақ ол шикізат күйінде шетке кетіп жатыр. Түсті металды шала өңдеп, жартылай шикізат етіп сатамыз. Мұның бәрі экономиканы әртараптандыруға жетпейді. Ал әртараптандыру дегеніміз өндірілетін өнім түрін көбейту, жаңа өндірісті игеру, сөйтіп экономикалық пайда табу. Ал біздегі дайын өнім түрі шектеулі.

Қоғам дамуының әрбір сатысы қандай да бір  күрделі өзгерістерді туғызатыны аян. Жаңа дәуір қандай қиындықтармен қатар жүрмек?

- Әрине, жедел экономикалық даму біраз құндылықтарымызды жоғалтады. Мысалы, Корея экономикалық даму барысында діннен – өз діні буддизмнен бас тартты. 40%-ы шоқынып, протестантизмге өтті. Бірақ, олар ана тілінен, графикасынан – иероглифтен айрылған жоқ. Осылайша, жылдам модернизация белгілі бір рухани модернизацияға алып келетіні сөзсіз. Осындай жағдайда өзінің құндылықтарын сақтап қалған елдің бірі – Малайзия. Экономикалық өсім мен мұсылмандығын, дінін бірге алып келе жатыр. Жалпы кез-келген жедел даму – бұл міндетті түрде бір модернизацияға алып келеді. Бізде де солай болады.  

Батыстағы индустрияландыру кезінде миллиондаған адам жұмыссыз, жерсіз қалған. Ол кезде Ұлыбритания дүние жүзінің шеберханасы болатын. Бүкіл өнеркәсіп, өндіріс сонда. Нарықтық қоғамның заңы қатал әрі әділ, ол кімнің қанша тұратынын нақты айтып береді. Қанша өндірсең – сонша тұрасың. Бұл өте әділетті. Кез-келген нәрсенің, тіпті адамның да бағасы бар. Әр адам өз мүддесін көздеп, адал еңбек етсе, ол қоғамға да пайда әкеледі.

Стратегиялық зерттеулер  институты ғалымдарының (ҚСЗИ) зерттеулері бойынша ел тұрғындарының  50%-дан астамы  индустрияландырудың жай-жапсарынан хабардар. Бұл индустрияландыру туралы ақпараттың біржақтылығының, яғни тек жағымды жақтары насихатталуының дәлелі емес пе?

- 50% деген тым үлкен көрсеткіш, бұдан аз болуы керек. Жалпы мәселе индустриялық саясаттың айтылу-жазылу жағында емес. Ең басты мәселе – оның кәдеге асуында. Менің жеке өзім үшін бұл пайдалы болды ма, болмады ма? Міне, осы маңызды. Кейде қандай да бір ақпарат аз болса да, ол туралы бәрі естиді. Демек, егер ол кәделі, іске асатын нәрсе болса, бәріне пайдалы деген сөз. Жалпы индустрияландыру бағдарламасының (ҮИИДБ) әлеуметтік негізі әлсіз. Рас, мұнда жаңадан ашылған зауыт-кәсіпорындарда жаңа әлеуметтік топ – жұмысшы аристократтар қалыптасуы тиіс, олар көп жалақы алады. Өйткені олардың біліктілігі жоғары. Алайда олардың саны тым аз.   

Индустрияландырудың тағы бір маңызды құрамдасы – орта тапты   қалыптастыру. Қоғам орнықты, тиянақты болуы үшін орта таптың үлесі кем дегенде 60% болу қажет. Сонда экономикалық өсім де, әлеуметтік тыныштық та қамтамасыз етіледі. Өйткені меншік иелері үшін өз бизнесінің дамуы бірінші орында тұрады. Орта таптың дамуының тағы бір белгісі – олар билікке тәуелді болмауы тиіс.  

21 ғасыр өзгерістері қазақстандықтардың жаңа өмір салтын қалыптастыруға алып келуі мүмкін бе? Ұлттық үрдістер шет қалып қоймай ма?     

- Жалпы қоғамның дамуы, урбанизация, индустрияландыру – мұның бәрі жаңа өмір салтына, жаңа көзқарастарға алып келуі міндетті. Ал ары қарай ұлттық үрдістерді дамыту, - ол бөлек мәселе. Индустриялық қоғамда консолидация, интеграциялық үрдістер басымдық алады. Бұл нарықтық қоғамның бір заңы. Ал осы қоғамда қазақтың ұлттық қасиеттерін дамыту индустрияландырудың идеологиялық құрамдасы болуы міндетті.

Әңгімеңізге рахмет!  

 Дина Тазабекқызы, әлеуметтанушы

 Ұлт порталы