19 қар, 2018 сағат 09:42

Әжіғалиев пен Жұмағазиев шорт-тректен Ресей кубогінде топ жарды

Шорт-тректен Қазақстан құрама командасы оқу-жаттығу жиыны аясында Ресей кубогінің кезеңінде бақ сынады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жарыс нәтижесі бойынша Қазақстан спортшылары тұғыр биігінен көрінді.

Нұрберген Жұмағазиев 1500 және 500 метрде топ жарып, 1000 метрде екінші орынды иеленсе, 1000 метрлік сайыста Абзал Әжіғалиев чемпион атанды. Әділ Ғалиахметов үздік үштікке енді.

Сондай-ақ, Ғалиахметов 500 метрлік бәсекеде күміс жүлде иеленген болатын.

«Біз АҚШ-тағы әлем кубогі кезеңіне қатыса алмадық. Сол себепті, бабымызды жоғалтпау үшін Ресей кубогінде бақ сынауда жөн көрдік. Жалпы, бұл жарысты әлем кубогінің үшінші кезеңіне дайындық деп айтсақ болады. Калгариде өткен маусымның алғашқы жарысында күміс жүлдегер атандым.

Өзімнің оң жамбасыма келетін 500 метрлік бәсекеде финалға дейін жетіп, жүлдеге іліккенім қуантады. Себебі, мен үш бірдей Олимпиада чемпионымен жарыстым. Кіл мықтылар арасына сына қағып, медаль иеленгенім командаға да жігер береді», - дейді Калгариде өткен Әлем кубогі кезеңінің жүлдегері Абзал Әжіғалиев.