02 жел, 2019 сағат 15:56

Әзербайжан парламенті өзін-өзі таратты. Елде кезектен тыс сайлау өтеді

2 желтоқсанда Әзербайжан парламенті – Милли Межилис тарау туралы шешім қабылдады. Парламент ел президенті Илхам Әлиевке қайырылып, парламенттің өзін-өзі тарату туралы шешімін қабыл алып, елде кезектен тыс сайлау өткізуді ұсынды.

Бұл шешімді 99 депутат қолдап, біреу қарсы шығып, бір депутат қалыс қалды.

Дауысқа салу алдында парламент спикері Октай Асадов «Жаңа Әзербайжан» билік партиясының үндеуін оқып берді. Үндеуде «Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің соңғы айдағы саяси реформаларын, үкіметтегі, орталық және жергілікті органдағы өзгерістерін халық жоғары бағалап жатыр. Парламентте ел президенті Әлиевтің реформасынан қалыс қаламауы тиіс» деп жазылған.

Әзербайжанда кезекті парламент сайлауы 2020 жылы қарашада өтуі тиіс еді. Енді кезектен тыс парламент сайлауы қашан өтетінін президент Әлиев шешеді.

Елдегі «Демократиялық күштердің ұлттық кеңесі» оппозициялық партиясы кезектен тыс парламент сайлауын өткізуге қарсы шыққан. Оппозициялық күштер бұл қадам Әлиев отбасының билігін нығайту үшін жасалған деп санайды.

Биыл қазанда Әзірбайжан премьер-министрі Новруз Мамедов отставкаға кету туралы өтініш жазған. Оның орнына Әлиевтің экономика мәселелері бойынша кеңесшісі Әли Асадов премьер-министр болып тағайындалған.

Ал 29 қарашада Әзербайжандағы билік партиясы парламентті таратуды ұсынған.

2015 жылғы сайлаудың ресми қорытындысы бойынша Ильхам Әлиевтің партиясы жеңімпаз деп танылған еді. Әзербайжанның барлық оппозициялық партиялары сайлауға бойкот жариялаған.​