20 сәу, 2017 сағат 11:01

Әйтімова: Депутаттардың сана-сезімі бар, санасы жоқ депутаттар бізде жоқ

Сенатор Бірғаным Әйтімова лайықты депутаттарды сайлауға кеңес берді, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz.

Айта кетейік, кеше Назарбаев Қоғамдық сананы жаңғырту бойынша мемлекеттік бағдарламаны іске асыратын ұлттық комиссияны құруға жарлық берген болатын. Ал Бірғаным Әйтімованің айтуынша, депутаттардың санасын жаңартудың қажеті жоқ.

"Депутаттардың сана-сезімі бар, санасы жоқ депутаттар бізде жоқ. Бізге алға қарай жылжу керек, өз мүдделерімізді батылырақ қорғау керек, жалпы еліміздің мүддесін қорғау керек. Депутаттарды сынға алғанды жақсы көресіздер, ал енді мен сіздерге бір сұрақ қояйын: оларды кім сайлады сонда? Сайлаушылар сайлады ғой. Сіздер сенаторларды мәслихат арқылы сайлайсыздар - міне, сіздерге. Онда лайықты болатын адамдарды сайлаңыздар. Меніңше, халық лайықты депутаттарды сайлады",  - деді Бірғаным Әйтімова.

Сенатордың айтуынша, ұлттық комиссияның басты мақсаты - тек жастардың патриотизмін емес, бүкіл халықтың патриотизмін дамыту.

"Меніңше, әрбір адамның өз Отаны үшін жауапты екенін сезіну, адамгершілік, адалдық, адами құндылықтарды сезгені маңызды. Осының барлығын қайтару керек", - деді депутат.

Еске сала кетейік, осыған дейін депутат Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарға қара киімге тыйым салуға қатысты ұсынысына қатысты пікірін білдірген болатын.