21 там, 2018 сағат 10:06

Айт күндері ауа райы қандай болады?

Атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты республиканың  басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Елдің солтүстігіндегі бірқатар аймақтарда қатты, екпінді жел соғып, дауыл көтеріледі. Бұршақ жаууы да ықтимал. Оңтүстікте шаңды дауыл күтіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазгидрометтің мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге, кей жерлерде 23-28 метрге дейін күшейеді. Кей жерлерде дауыл тұрып, түнде және таңертең тұман түсуі ықтимал. Күндіз кей жерлерде бұршақ жауады деп күтілуде.

Қарағанды облысында жылдамдығы секундына 15-20 метрге, кей жерлерде 23-28 метрге жететін жел соғуы  мүмкін. Күндіз бірқатар аймақтарда бұршақ түсуі ықтимал.

Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде желдің жылдамдығы 15-25 метр айналасында болады. Дауыл тұрып, тұман түседі. Күндіз бұршақ жаууы ықтимал.

Қостанай облысының кей жерлерінде жылдамдығы секундына 15-20 метрге баратын жел соғады. Кей жерлерде түнде және күндіз тұман түсуі мүмкін.

Алматы облысының бірқатар аймақтарында жылдамдығы секундына 17-22 метрге жететін шаңды аралас қатты жел соғады.

Жамбыл облысының кей жерлерінде желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге үдейді. Түнде желдің жылдамдығы 23 метрге дейін күшейеді. Сондай-ақ, дауыл тұруы ықтимал.

Қызылорда, Түркістан облыстарында, Жамбыл облысының бірқатар аймақтарында, сондай-ақ, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Қарағанды облыстарында жоғары өрт қаупі сақталады.