19 ақп, 2019 сағат 08:06

"Айканың" ауыр тағдыры

Әйгілі Канн кинофестивалінің сарапшыларын тәнті етіп, жюри төрайымы Кейт Бланшеттің актриса Самал Еслямованы үлкен тебіреніспен келіп, құшағына қысуы "Айканың" салмағын сол кезде сездірген. Бірақ фильм әлемдік прокатқа шыққанға дейін біз оны осы әлемді мойындатқан дақпыртымен ғана білдік, құрметтедік, актрисаның шынайылығы мен ішкі еркіндігіне тәнті болдық. Ал, бүгін... Самал­­­-Айканың әрбір қимылын аңдып отырмыз. Көрерменін актрисаға қосақтап қойып, Мәскеудің қарлы боранында бүрсең қақтыратын режисердікі не құдірет?

"Талайбекова! Бала жылап жатыр.Тұр еміз!" Осы сәттен басталатын жанталас көрерменді көркем фильмнен жұлып алып, бүгінгі қатал қоғамның нақты өзіне лақтырады. Құдды бір деректі кадрлар көз алдыңнан өтіп жатқан сияқты. Мұнда сіз күтетін аяныш, жұбаныш жоқ. Бірақ бәрібір бізге перзентханадан қашып шығып, өлермен кеудесін сүйреп барып, тауық тазалайтын қырғыз қызының басынан қазір біреу сипайтындай көрінеді.

Ақ қарды омбылап жүріп, көк мұзды жинап апарып, ісіген ішіне басып, тар төсегіне жата қалғанда да жанындағылар шай беріп, жаураған көңілін жұбататындай көрінеді.

"Жұмыс іздеп жүрсің бе? Бізге орыс тілін жақсы білетін адамдар керек!" деп визиткасын ұсынған бикешті көргенде жүрегің жарылардай қуанып "қазір көлігіне салып әкететін болды" дей бергеніңде ол "екі сағаттың ішінде сонда келетін бол!" деп құйғыта жөнеледі.

Қар тазалай алмай қалшылдап тұрған қызға бастық келіншектің "Ауырсаң үйіңде жату керек?" деуі де мұнда заңды.

Қарызын даулайтын бандиттер де сенің "байқұс қызға біреу міреу қазір көмектесер" деумен келе жатқан қыпылық үмітіңнің күл паршасын шығарады. Тіпті ол Айкаға күшіктері жабыса еміп жатқан ене иттің де емірену ләззатын адам сияқты бұйыртпайды. Байқасаңыз, қанша азап, қандай тауқыметті бастан кешіп жүрсе де жыламаған, тағдырына шағынбаған Айканың көзінен осы жерде ғана алғаш рет жас шығып, өкси жылайды. Қандай ауыр кадр еді...

Сергей Дворцевой сізді алдамайды. Өйткені бұл гастарбайтер боп жүрген жалғыз қырғыз қызының тағдыры емес және Мәскеу әлемдегі жалғыз тасбауыр, қатты қала емес. Бұл сіз бен біз бірге дәуір кешіп жатқан мыңдар мен миллиондардың тағдыры. Режиссерда осы себепті тосыннан келетін мейірім, оқыстан пайда болатын кеңпейіл кейіпкер жоқ. Ол фильмнің соңын көрерменіне қалдырады. Баланы алып кетесің бе, жоқ, енді ғана еміреніп, аналық махаббаты оянған Айкамен қалдырасың ба, ол да сенің өз еркің. Тағы қатал реализмге топ етесің.

"Үздік әйел рөлінің" Самалға "өз аяғымен" келуі заңды. Самал Айканы өзінің табандылығының, өнерге деген адалдығының арқасында алып шықты. Кейіпкер болып өмір сүрудің ең үздік, ең озық үлгісін Самал көрсетті. Үзілуге шақ тұрған үмітті аяғына дейін осындай жанкештілікпен алып шығу біздің гламур актрисалардың қолынан қаншалықты келетіні мен үшін күмәнді...

Біз бұған дейін Дворцевойдың "Тюльпанын" қабылдай алмадық. "Қазақты сорлы қып көрсетуді қою керек. Малшыға да цивилизация келді, жыртық үйде ешкім тұрмайды" дедік. Ондағы құлағын қағазбен артқа желімдеп отыратын шерлі жігіттің жанынан, киіз үйдің жақтауында тізесін құшақтап алып зарлана ән айтып отыратын кішкентайдың қыздың арманынан өзіміздің "намысымызды" артық көрдік. Бәлкім, Канн төрінен ең үздік әйел рөлі бұйырмағанда Айканы да біраз жерге апарып әкелер ме едік, кім біледі...

Шолпан Рақымқызы