29 қар, 2019 сағат 14:45

Әйелін кепілді ұстаған Орал тұрғынының үстінен іс қозғалды

Полицияның хабарлауынша, 28 қараша түс ауа ер адам көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы нотариус кеңсесінде әйелін кепілге алып, граната жаратынын айтып қорқытқан. Жәңгір хан көшесіндегі 73 үйден жүзден астам адам эвакуацияланды, деп жазады Азаттық.

Полицейлер, прокуратура мен арнайы қызмет өкілдері ер адаммен келіссөз жүргізген.

- Сағат 13.10-да бір адам «102» нөмеріне қоңырау шалып, «Жазира» аялдамасында пышақ пен граната ұстаған ер адамның қоқаң-лоқы жасап тұрғанын айтты. Полиция аялдамаға келгенде ер адам нотариусқа кіріп, ішінен құлыптап алған екен. 13.25-те тұрғындарды эвакуациялай бастадық. Тұрғындарды №20 мектептің ғимаратына орналастырып, ыстық тамақ бердік. Сағат 15.00-ге таман ер адам алғашқы талабын айтты. Оқиға орнына ағасы мен әпкесі келді. Келіссөзден кейін ол кепілге алған адамды жіберді, - деді БҚО полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Сүйінбаев.

Полицияның айтуынша, ер адам ірі көлемде ақша және ұшақ талап еткен. Куәгерлердің бірі полицейлер келіссөз кезінде терезеден ер адамға конфет пен шампан бергенін айтты. Полиция бұл сөзді растамады, жоққа да шығарған жоқ. Полицияның сөзінше, ер адамның қолында гранатаның муляжы болған.

Сүйінбаев ер адамның үстінен «Адамды кепілге алу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Полицияның дерегінше, ер адам бұрын сотталған, екі рет қорғау нұсқамасын (бұл құжат тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға ескерту ретінде беріледі) алған.

Кепілде болған әйел ауруханаға жеткізілген. Оның аяғында пышақ жарақаты болған. Полиция оқиғаны «отбасылық ұрыс-керіс» деп атады.