11 қар, 2016 сағат 15:10

Аягөзде ауқымды істер атқарылып жатыр

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Аягөз ауданында жұмыс сапарымен болып, қаладағы бірнеше мектептердің жай-күйімен танысып, жылу қазандықтарының хал-ахуалына, кейбір мекемелер мен әлеуметтік орындардың тыныс-тіршілігіне қанықты.

Шаһардың оңтүстігіндегі әскери гарнизонның аумағына орналасқан № 4 аралас жалпы білім беретін мектепте бүгінгі күні 775 оқушы білім алып жатыр. Облыс басшысы мектеп ішіндегі асханаға бас сұғып, ас мәзірімен танысты. Сондай-ақ, мектеп ішіндегі шағын орталықта 118 бүлдіршін тәрбиеленуде. Оқу орнында балалар үш ауысымда оқиды. Рас, таршылық етуде. Алайда, облыс басшысы мектеп ішіндегі шағын орталықтың сәбилерін жеке ғимаратқа көшіру мәселесін қарастыру жағын ойластыруды ұсынды.

- Рас, Аягөздің өндірісі мен ауыл шаруашылығы қатар дамып келе жатыр. Әлеуметтік хал-ахуалымыз жақсарған сайын еліміздің болашағы - бала саны да арта бермек. Дегенмен, біз мәселенің оңтайлы жағын қарастыруымыз қажет. Мәселен, шағын орталықтың бүлдіршіндері үшін осында қаңырап тұрған кейбір ғимараттарды неге қайта жөндеуден өткізіп, қажетімізге жаратпасқа. Мына гарнизон аумағынан бос ғимараттар табылмайды дегенге кім сенеді? Сондықтан осыны назарда ұстаңыздар, - деді облыс әкімі.

Мектептің биыл электрмен жылытудан гөрі қатты отынға көшкендігін құптады. Мәселен, электр қазандығымен жылыту барысында шығын мөлшері 10 млн. 220 мың теңге болса, қатты отынның шығыны бар болғаны 5 млн. 380 мың теңгеге түскен. Яғни, бюджет қаржысы үнемделген.

Облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ Мамырсу ауылдық округіндегі Мәдениет үйіне ат басын бұрды. Шағын қаланың іргесіне орналасқан елді мекенде кейінгі жылдары әжептәуір шаруалар атқарылғаны байқалады. Көшелер жайнап, еңселі ғимараттар сап түзеген. Өткен жылы жастарға арналған спорт кешені бой көтерсе, биыл Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілген. Облыс басшысын ән-жырмен қарсы алған ауыл тұрғындары өздерінің елді мекенде, ауданда атқарылып жатқан істерге көңілдері толатындықтарын жасырмай айтты. Ауыл қариясы Бұланбаев ақ батасын беріп, ақжарма алғысын ақтарды.

- Аягөз, Мамырсу, өзіңіз білесіз, қасиетті мекен. Біз осы бір киелі өңірде ғұмыр кешіп келеміз, - деді ол. - Осындағы атқарылып жатқан шаруаларға көңіліміз толады. Аягөз -бұрнағы жылдары шаңы шығып жататын шағын қала еді. Қазір гүлдестеге оранған әсем шаһарға айналып келеді. Сіздерге мына жиналған жұрттың атынан зор алғысымды білдіргім келеді.

Мұндай ақ тілектерді аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығында есепте тұрған мүгедек балалар мен осында келіп бос уақытын мәнді өткізіп келе жатқан қариялар да арнады. Биыл ғана үш қабатты ғимаратқа қоныс аударған орталыққа келушілер өздерінің жағдайларының жақсы екендігін ризашылықпен жеткізді. Мұнда қазір 200 зейнеткер мен 1-ші және 2-ші топтағы 108 мүмкіндігі шектеулі балаларға 98 персонал қызмет көрсетеді. Жалпы, бұл жерде 102 адам жұмыс істейді. 

- Өздеріңізге мәлім, биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл толып отыр. Бұл өте үлкен мерейлі мереке, - деді облыс басшысы. - Осыдан ширек ғасыр бұрын Қазақстанды әлем танымаса, қазір біздің елімізбен дүниежүзі санасады. Бұл - Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ сарабдал саясатының жемісі. Осыны барлық жерде жастарға түсіндіріп айтып жүру - аға буынның міндеті болмақ. Міне, мынандай үш қабатты зәулім де жылы ғимарат бөліп отырмыз. Барлық жағдайларыңыз жасалған. Аға буынға жағдай жасау - біздердің міндетіміз.

Облыс басшысы бұдан соң № 3 орта мектептің биыл ғана қайта жөнделген жылу қазандығына бас сұғып, атқарылған іске ризашылығын білдірді. Қазір аталмыш ғимарат маусымына 600 тонна көмір жағады. Облыс әкімі бұдан соң «СМП-10» мердігер компаниясы салып жатқан құны 396 млн. теңгелік 60 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй құрылысының хал-ахуалымен танысты.

Аягөз аудандық орталық аурухананың тыныс-тіршілігімен танысқан Даниал АХМЕТОВ осында ем қабылдап жатқан науқас жандардың хал-ахуалдарын сұрап білді. Аурухана іші жылы. Науқас жандардың барлығы да дәрігерлер мен медперсоналдардың өздеріне өте жақсы қарайтындықтарын айтып, алғыс сезімдерін білдірді. Жалпы, 5 қабатты аурухана 1978 жылдан халыққа қызмет көрсетіп келеді. 360 төсектік ауруханада барлығы 156 адам жұмыс істейді. Бас дәрігер Шалқар Омаров облыс басшысына өздерінің атқарып жатқан істерінің жай-күйін баяндады. 3, 4, 5 қабаттарға 2011 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргілген. Енді 2-ші қабат ішіне жөндеу жұмыстары жүргізілсе дейді бас дәрігер.

Аягөзде ауыз толтырып айтарлық істер баршылық. Соның бірі – балабақша мәселесі толығымен шешілген. «Ашах» ЖШС ашқан «Айым» атты жекеменшік балабақшада қазір 180 сәби тәрбиеленуде. 

Аягөзде өнеркәсіп саласы да жақсы дамып келеді. Соның бір жарқын көрінісі - биылғы шілде айында құрылысы басталған «Құрылыс материалдары комбинаты». Бас жобалаушы облыс орталығындағы «Шығыс құрылыс жоба» ЖШС. Құрылыстың мердігер компаниясы - «СМУ-Шығыс» ЖШС. Облыс басшысы мұнда атқарылып жатқан іске үнемі қолдау білдіретіндігін айтты. Сол сияқты, «АВS групп» ЖШС 2014 жылы ашқан «Аягөз кірпіш зауытының» қуаты да орасан. 2018 жылы толық қуатында жұмыс істегенде, жылына 15 млн. дана кірпіш шығаруға қауқары бар өндіріс орны биыл 240 млн. теңгенің 6 млн. кірпішін шығарады деп жоспарланған. Ал зауыттың өнімін Алматы облысы мен көршілес аудандардың құрылыс компаниялары тұтынып келеді. 

Облыс басшысы бұдан кейін «Гордорстрой» ЖШС-нің «Асфальт зауыты» мен «Племзавод Қалбатау» ЖШС салған ет комбинатының тыныс-тіршілігімен танысты. Ет комбинатының жобалық қуаты - ауысымына 15 ірі қара, яғни, 3 тонна ет. Айта кетерлігі, сол жерде аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі арнайы көрме ұйымдастырды. Жергілікті жерде өндірілген тауарлардан ұйымдастырылған көрме шын мәнісінде облыс басшысы мен келген қонақтардың көңілінен шыққанын айта кеткен ләзім. Аймақ басшысы сметалық құны 170 млн. теңге болатын өндіріс орнын аралап көрді. Толық қуатында іске қосылғанда, мұнда да 15-20 адамға жұмыс орны ашылмақ. 

Жастарға арналған 50 орындық жатақхана үйінің құрылысы биылғы маусымда басталған. «ЮКО» ЖШС жүргізіп келе жатқан бұл құрылыс келер жылдың маусымында аяқталмақ. Бұдан кейін аймақ басшысы «Аягөз жолдары», «ДЭУ-71», «Горжилкомхоз», «Аягөз су», «Су», «ПДУ-4» ұжымдарының қаз-қатар тізілген техникаларының қысқа дайындық жағдайларымен танысты. 

- Біз Аягөзде 600 орындық мектептің құрылысын бастаймыз, - деді облыс басшысы. - Жалпы, Аягөзде атқарылып жатқан істерге менің көңілім толды.

 Облыс әкімі «Нұр Отан» партиясы Аягөз аудаандық филиалының ғимаратында тұрғындарды қабылдап, олардың талап-тілектеріне құлақ асты, сұрақтарына нақты жауап қайтарды.


Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.