11 сәу, 2018 сағат 10:23

Автобусты мас күйінде айдайтын жүргізушілер азаймай отыр - Бас прокуратура

ҚР Бас прокуратураның тексерістері кезінде көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Автобусты мас күйінде жүргізген адамдарды жұмысқа қайта алу фактілері де аз емес, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Автопарктер жол қозғалысының барлық талаптарын бұзып, жүргізушісі куәлігіне айырылған адамдарды жалдайды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Әбди-Ернұр» ЖШС осыдан екі жыл бұрын көлікті мас күйде жүргізгені үшін 3 жылға жүргізушісі құқығынан айырылған Б.Құнаровты жұмысқа алған. Дәл осы облыста «Асыл» ЖШС Е.Ешенқұлов деген азамат жұмыс істеп келген. Былтыр ол бір жыл мерзімге көлік жүргізуден шеттетілген болатын», - дейді Бас прокуратураның ресми өкілі Оксана Лоскутова.

Онымен қоса, көптеген кәсіпорындарда жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілер жұмыс істейді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында «Қазақстан елім» ЖШС-де төрт рет, соның ішінде мас күйде көлік жүргізген А.Мұxамедиев деген азамат жұмыс істейді. Одан басқа, аталған фирмада Қожабергенов, Маxметов, Түгелбаев және Мәмбетбаев деген жүргізушілер бар. Қожабергенов 15 рет, Маxметов пен Түгелбаев 6 рет, Мәмбетбаев 4 рет әкімшілік жаупкершілікке тартылған.

«Оңтүстік Қазақстан облысында 9 тасымалдаушының 21 жүргізушісіне 141 әкімшілік іс қозғалған, яғни әрқайсысына орташа есеппен 6 заң бұзушылықтан келеді. Шығыс Қазақстан облысында Хазирова деген жеке кәсіпкердің жүргізушілері рейске шығардың алдында жол парағына медициналық-теxникалық тексерістен өткені туралы мөрді басып бергені үшін Ақсуат ауылының бекет кассиріне 200 теңге төлеп келген. Прокуратура рейске медициналық тексеріссіз 62 рет, теxникалық тексерусіз 90 рет шығу жағдайын анықтады. Жоғарыда аталға облысқа жасалған тексеру кезінде Петропавловка аулындағы мектептің автобус жүргізушісі А.Купреев мас күйінде ұсталды. Автобуста 19 адам болды. Олардың 15-сі - мектеп оқушылары», - деп атап көрсетті О. Лоскутова.

Жалпы, бүгінде республика бойынша әрбір үшінші автобус тезникалық тексерістен өтпейді. Теxникалық тексеріс туралы жалған карталар да жиі жасалады. Соның басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі.

Айта кетейік, Бас прокуратураның тексерістері нәтижесінде 2 361 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 36 млн-нан астам айыппұл салынды. 52 тасымалдаушы рұқсат қағаздарынан айырылды. 100 лауазымды тұлғаны жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуда.