19 қаң, 2018 сағат 10:08

Автобуста өртенген 52 адамның мәйіті Ақтөбеге жеткізілді

Ақтөбе облысында автобустағы өртте қаза тапқан 52 адамның барлығының мәйіті Ақтөбеге жеткізілді, деп хабарлады Азаттық тілшісі. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әсет Қалиевтің Азаттыққа айтуынша, марқұмдардың мәйіті түгел өткен түні жеткізілген.

Қаты күйіп қалғандықтан кімнің-кім екенін ажыратып тану мүмкін емес. Генетикалық сараптама арқылы ғана ажырата алатын болғандықтан, сот-медициналық сараптама орталығында таң атқанша генетикалық сараптама жасалды. Енді құжаттар рәсімделіп жатыр, - деді Қалиев.

18 қаңтар күні түнгі 11.30-да Ақтөбе облысының әкімдігі автобустағы өртке қатысты өткізген брифингте облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов қаза тапқан 44 адамның мәйіті табылғанын хабарлаған болатын.

Әкімнің өкілі өрттің шығу себебі әлі толық анықталмағанын, ауа райының қолайсыздығы апаттың себептерін анықтауға кедергі келтіріп жатқанын айтқан.

«Бұл оқиға қандайда бір қылмыс емес, қайғылы жағдай. Аман қалған бес адамның айтуынша, автобус ішіне газ жайылып көбі уланып қалған. Автобус екі қабатты болған. Жолаушылар екінші қабатта отырған. Ал бірінші қабатта жүктер қойылған. Көбі сыртқа шығып үлгермеген» деген Төлепбергенов.

18 қаңтар күні сағат 10:30-да Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықтықта Шымкент – Самара жолында жолаушылар автобусы өртеніп, 52 адам қаза тапқан. Автобуста барлығы 57 адам – 55 жолаушы мен екі жүргізуші болғаны хабарланған. Үш жолаушы мен екі жүргізуші аман қалған. Қайғылы оқиға облыс орталығы Ақтөбеден 320 километр қашықтықта болған.