08 сәу, 2020 сағат 14:53

Автобус жүргізушілерінің жалақысы қысқармайды – Алматы әкімдігі

Алматыда жолаушылар санының азаюына байланысты автобус жүргізушілерінің жалақысы қысқармайды. Бұл туралы қалалық Мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев онлайн-брифинг кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін барлық автобустарда дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Оны маманданған клинингілік компаниялар іске асырады. Қоғамдық көліктер әр рейстен кейін толығымен залалсыздандырылады», - дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, ол жолаушылардың азаюына қарамастан жүргізушілердің жалақысы қысқармайтынын айтты.

«Жолаушылар санының азаюы автобус жүргізушілерінің жалақысына әсер етпейді. Олар карантин режиміне дейін қандай жалақы алып келсе, сол көлемде төленеді. Жүргізушілер таңертең жұмысқа кіріспес бұрын медициналық тексерістен өтеді. Ол жерде қан қысымы, дене температурасы тексеріледі. Егер сол кезде жүргізуші денсаулығының нашар екенін айтса, бірден жедел жәрдем шақырылады», - дейді Сағындық Телібаев.