19 мау, 2019 сағат 11:25

Автобус жүргізушілерінің денсаулығын «кресло» тексеретін болды

Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілерінің денсаулығын орындықтары тексеретін болды. Бұл туралы қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Қанат Байқоңыров айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Елімізде автобус жүргізушілерінің денсаулығына байланысты жол апаттары жиі белең алып келеді. Осыған байланысты Алматыда жаз соңына дейін жүргізушілердің денсаулығын тексеретін электронды жүйе ойластырылып жатыр. Бұл құрал жүргізушілердің уақытша жұмысқа қабілетінің жоқтығын немесе қабілетті екенін медициналық тұрғыдан тексереді», - деді facebook-тағы парақшасында Қанат Байғоңыров.

Арнайы датчиктермен жабдықталған орындық адамның артериалды қан қысымын, тамыр соғысын, температурасын анықтайтын болады.

Сонымен қатар, алкогольдік және есірткі заттарын қолданғанын көрсетіп бере алады.

Бұл ақпарат арнайы жүйемен өңделіп болған соң, жүргізушіге көлік тізгіндеуге рұқсат беріледі.