25 қаң, 2018 сағат 16:50

Автобус өртінен аман қалған үш жүргізуші уақытша тергеу изоляторына қамалды

Ақтөбедегі автобус өртінен аман қалған жүргізушілер ауруханадан шығарылып, тергеу изоляторына қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ақтөбе облысындағы автобус өртіне қатысты қылмыстық іс ІІМ аймақаралық жедел тергеу тобының тергеу департаментіне келіп түсті. Тергеу кезінде жүргізушілер өрт қауіпсіздігін сақталмағаны, көлік құралдарын пайдалану заңдылығы ескерілмегені және автобус ішінде жылыту шамы қолданылғаны белгілі болды. Автобустың үш жүргізушісі де осы қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Сондықтан 24 қаңтар күні кешкі сағат 22:40-та үш жүргізуші ұсталып, олар Ақтөбе қаласындағы уақытша тергеу изоляторына қамалды. Оларға Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша айып тағылып отыр. Қылмыстық істің заңдылығын Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарының процессуалды прокурорлары бақылайды. Тергеу Бас прокуратура мен ІІМ бақылауында болады», - деді Ақтөбе облысы прокуратурасының аппарат жетекшісі Жасұлан Дәулембаев.

Айта кетейік, 18 қаңтар күні Ақтөбе облысында автобус өртеніп, 52 Өзбекстан азаматы қаза болды. Ал 5 адам аман қалды. Оның үшеуі Қазақстан, екеуі Өзбекстан азаматы. Екі Өзбекстан азаматы әлі ауруханада жатыр. Олардың денсаулығы жақсы.