24 сәу, 2018 сағат 13:46

"Ауылым - алтын тұғырым" әдеби-онлайн конкурсы басталды

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсының басталуына арналған брифинг өтті. Оған «Ауыл» партиясының Төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев, байқауға төрелік етуші қазылар алқасының төрағасы, белгілі жазушы Жабал Ерғалиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқанова, әдебиеттанушы, ф.ғ.к., доцент Лариса Харитонова, «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Әлжанов қатысты. 

«Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсы «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы мен «Қазконтент» АҚ «Әдебиет» порталының ұйымдастырумен биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Қатысуға ниетті қаламгерлердің шығармалары жыл бойы adebiportal.kz порталы және auyl.kz. сайтында онлайн түрде қабылданбақ. Әр номинацияда үздік шығармаларға жүлделі орындар тағайындалған. Проза, поэзия, драматургия жанрлары бойынша ең үздік шығарма авторына дәстүрлі «Алтын тұғыр» сыйлығы тапсырылады. 

Конкурсқа қатысушылардың шығармаларын комиссия мүшелері онлайн режимінде бағалайды. 2018 жылғы «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсына алғаш рет орыс тілді қаламгерлер де қатысуға мүмкіндік алып отыр.

- «Ауыл – бір ұлттың шеңберімен шектеліп қалмайды. Ол барлығымызға ортақ. Ауылда дүниеге келген әрбір азамат үшін бұл киелі ұғым. Сондықтан, ауыл тақырыбында қалам тартып жүрген орыс тілді ақындар, жазушылар да конкурстан шет қалмауы керек деп ойлаймын. Сондықтан, жан-жақты ақылдаса келе, биыл конкурстың ауқымын кеңейтіп орыс тілінде де шығарма қабылдау жөнінде шешімге келдік», - деді «Ауыл» партиясының Төрағасы Әли Бектаев. Дәстүрге айналған конкурстың алғашқы екі жылында 532 шығарма қабылданды. 2016 жылы келіп түскен барлық шығармалар топтастырылып, «Ауыл» партиясының қолдауымен «Алтын тұғыр» деген атаумен 3 томдық жинақ болып басылып шықты. Туындылар жинағы «Ауыл» партиясының аймақтардағы филиалдары арқылы кітапханаларға таратылды. 

Биыл да 2017 жылғы шығармалар үш жанр бойынша топтастырылып, оқырман назарына ұсынылатын болады. Жинақтың тұсаукесері алдағы маусым айының басында кең көлемде өткізілмек. 

Брифинг барысында конкурстың шарттары таныстырылып, ережесі түсіндірілді. Ұйымдастырушылар мен қазылар алқасының мүшелері БАҚ өкілдерінің конкурсқа қатысты сауалдарына жауап берді.