26 жел, 2016 сағат 08:45

Ауылдың мұңы – ауыз су

Су – тіршілік нәрі. Оны жер басып жүрген жандардың бәрі де біледі. Осы су жайындағы айтыс-тартыстың майданы шалғай­дағы Торғай өңірінде осыдан 13 жылдай бұрын басталып кеткен. Сол шеті көрінбейтін айтыс-тартысқа негіз болған, осыдан 90 жыл бұрын құрылысы еш техникасыз қолмен бөгелген «Албарбөгет» бөгеті.

Тарихы тереңге тартатын осы бөгеттің өмірге қалай кел­гені жайлы дәйекті деректі мек­теп қабырғасында оқып жүр­генім­де, қарт қаламгер Әбді­бек Нұрмағамбетов аға­мыз­дың «Ауылға ажар берген – Албарбөгет» атты мақаласынан оқып-білгенім бар еді. Асарын асап, жасарын жасап өмірден өткен қаламгер ағамыз осы мақаласында «Сарыарқаның сауырында жатқан, жалпақ дала – Торғай алқабы болып атала­ды… Осы бір алқаптың өн бойында Қабырға, Тор­ғай дейтін егіз қозыдай қатарласып-қапталдасып ағып жатқан екі өзен бар. Ежелден мал өсірген елдің тыныс-тіршілігі осы өзен суымен тығыз байланысты болды. Су қатты тасыған жылдары шабынды болып ойға-қырға көшумен күнелтті. Көбінесе суы шартарапқа тарамай, аң­ғарынан аспай, аяғы құрдымға айналатын-ды. Кейбір жылдары өзеннің табаны құрғап, ойдым-ойдым қара су қалпында қалып, жұрт шабындыққа зар болатын. Осындай мүсәпірлік құбылыс, табиғат таршылығы, су тапшылығы ел қамын жеген ер-азаматқа ой салдырмай, қиялын қия кездірмей қоймады. Бұл арнасы кең, асау өзенге бұғалық салып, ортан белінен буып бөгеуді, сөйтіп, жерді суландыруды армандаған азамат та табылды. Ол азаматтың аты-жөні – Айса Нұрманов еді. Құдай бойына дарын берген алғыр да батыл азамат жапан даланы жаңғыртып, елге береке, құт әкелуді құптады. Сонымен «қонарын сай, көшерін жел білген көшпенді халықты қоныстандыру, қол күшімен жерді суландыру қолға алынды. Осылай іс тетігін игере білген, елімен қаны да, жаны да бір болған асыл азамат, ақырында, бөгет бөгеуді ұйымдастырды…» деп жазады.

Жалпы, «Албарбөгет» бө­геті жайында мақала жаз­­ған­дар­дың көпшілігі ұзынды­­ғы 10,5 шақырым болатын негізгі бөгет­тің қалай салынғаны­на тоқ­талады да, оның заңды жалғасы болып табылатын ұзындығы 4,1 шақырым «Тел­ғара» бөгеті жайында жақ аш­пай­ды. Шындығына келгенде, «Телғара» бөгеті – Ал­бар­бөгет бөгетінен бөліп қарауға болмайтын құрамдас бөлігі.

Құрылыстың сәтті іске асуы арқасында маңайдағы елдің егін­шілікпен айналысуына, қа­жетті жем-азық алуына, тіпті басқа кәсіппен де шұғылдануына кең жол ашылды. Бүкіл ел отыз екінің аштығында да сыр берген жоқ. Бүгінгі гидротехникалық білім тұрғысынан қарағанда, жүйеге жетіспей тұрғаны артық суды (миллиондаған текше метр) төмен­ге ағызып жіберетін 2-3 жерден реттеуші қондырғы орнату.

Сонда ғана қамыс-қоға басып кеткен 15-20 мың гектар егістік жер қайтадан көк майса шөп жамылып, ақ бидай, сұлы, бау-бақша егуге, ел игілігіне қайта оралмақшы», деп қарт мелиоратор көкейкесті ойын оқырмандарға жеткізіпті.

Сол халықтың қара күшімен салынған, жұрттың «Қара суы бал татыған, ақ ша­бағы май татыған» деп мақтанатын Қа­быр­ға өзенінің халінің жылдан-жылға на­шар­лай түсуі жергілікті тұрғындардың қа­быр­ғасын қайыстыруда. Қабырға өзенінің Тор­ғай өзенінен өзінің арнасын бөлетін жері Амангелді ауданына қарасты Үрпек ауылының тұсы. Осы тұста Алакөл деген көл бар. Бұл көлге Торғай өзені келіп құяды. Оны канал арқылы бұрынғы Крупская атындағы кеңшардың сыртын айналып Қабырға өзеніне қосқан. Екі өзеннің екіге айырылар тұсына ағын суды реттегіш қондырғы орнатылған. Бірақ сол қондырғы орнатылмай жатып істен шыққан.

Ол жайында Су ресурстары коми­тетіне айтылған шағымға кезінде құлақ асқан ешкім болмапты. Бұл еліміз еге­мен­дігін алып, су шаруашылығына көз­қа­растың қыр астында қалған кезі еді. Бү­г­інгі әңгімемізге арқау болып отырған Албарбөгет бөгетінің жүдеп тұрған жай­ын айтып, одан төмен орналасқан Аралбай ауылының судан жұтап отырған тұр­ғын­дарының мұң мен зарын тілімізге тиек етіп, Астана қаласында тұратын 10 адам бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековке, Қостанай облы­сы­ның әкімі А.Мұханбетовке шағым-арыз жолдадық. Осы мәселе тобының құра­мы­на облыстың және ауданның жергілікті ат­қарушы органдарының өкілдері кірді. Осы жұмыс тобы 2016 жылдың 4-5 шіл­десі күндері Албарбөгет бөгетіне барып, көзбен көргендерін, жергілікті тұр­ғын­дардан құлақтарымен естігендерін хаттамаға түсіріп қайтыпты. Сол хатта­маның бір данасы менің қолымда. Онда зерттеу барысында көлемі төрт метр болатын жырылған жердің бар екені, сол арқылы судың төменірек жатқан аралбай ауылының аумағына қарай жіберілетіні айтылған. Сондай-ақ, комиссия «Албарбөгет» бөгетінің жанында орналасқан «Телқара» бөгетінің аралбай ауылына қарай ауылшаруашылық жерлеріне су жіберуді реттеуде басты рөл атқаратынын атап көрсеткен.

Сондай-ақ, осы хаттамада  арнайы келіп көру барысында бөгетте жырылған бірнеше жерлердің бар екендігі, сол арқылы судың Аралбай ауылының шаруашылық жерлеріне түспей, Торғай өзеніне ағып кететіні, осындай жағдайлардың су ағысының төмендеуіне және Қабырға өзеніндегі су деңгейінің азаюына себеп болып отырғандығы айтылған.

Осының салдарынан бар болғаны 12 шақырым төменде орналасқан Аралбай ауылына, Көлбике көліне, Қазыбайға, Талдыкөлге, т.б. жерлерге су түспегеніне 13 жылдай уақыт өтіпті.

Осыншама уақыт ішінде ешқандай пайдасы жоқ қоғалы көлдер көбейген. Аралбайлықтардың шаруашылық қажеті түгілі, ауылдың ауыз су құбырына жетпей ол қыстай тоқтап тұрады. Құбырға су алатын өзеннің үзіндісі жаз ортасында суалып қалады. Сондықтан ауыл тұрғындары малдарына қыстай қар ерітіп суарып, ауыз суын алыстан тасып азап шегуде. Жеке шаруалар меншігіндегі алақандай шабындығына су түспейтінін жоғарыда айттық.

Аталған хаттамада «Тел­ғара» бөгеті Жангелдин ауданы  әкімдігінің ТКШ бөлімінің балансында тұр» деген сөздер бар. Сонымен қатар, осы құжатта «Г.Т.Нұрмұхамбетовтің (облыс әкімінің бірінші орынбасары – А.Б.) тапсырмасын орындау үшін жангелдин ауданының әкімдігі «Телқара» бөгетіне күрделі жөндеу жүргізу бойынша жұмыс жобасын әзірлеу үшін қаржы бөлінді» деп атап көрсетілген.

Осы мәліметтерді оқып, 13 жыл бойына ауыз суға зәру болып отырған туған жері­мнің тұрғындары тіршілік нәрі – суға қарық болатын болды-ау деп қуандым. Бірақ бұл қуанышым Жангелдин ауда­нының әкімі А.Кенжеғаринмен хабар­лас­қанда бірден сап тыйылды. Ол маған Ғ. Нұрмағанбетовтің тапсырмасымен Жангелдин ауданы әкімдігіне «Телғара» бөгетін күрделі жөндеу жұмыстарының жобасын әзірлеуге қаражат бөлінгенін жеткізіп, ол қаражатты хаттамада көр­се­тілген жобалау институтына аудар­ған­дарын айтты. Жоба аяқталғаннан кейін келесі жылы жөндеу жұмыстарына кі­рі­семіз», деді. Сонда қалай, оның бөгетті кү­р­­делі жөндеу жұмыстарының ағымдағы жыл­дың қыркүйек-қазан айларынан басталуы керек екенінен хабары болмағаны ма?! Еліміздің танымал мелиораторы Кенжехан Ахметбекұлымен бір тілдескенімде, ол кісі маған аудан әкімінің орынбасары Ш.Оспановтың «Ағай, аралбайлықтарға керек су, тор­ғайлықтарға керек емес пе?» деген сөзін айтып еді. Осындай көзқараспен судан жұтап отырған Аралбай ауылының тұрғындарының проблемасы қайтіп оң шешімін тапсын?!

Осы мәселенің шешуі күрделеніп бара жатқасын «Қостанай облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне телефон шалдым. Бізге келген хаттаманы орындаған С.Арсентьевамен тілдестім.

Светлана Владимировна «Албарбөгет» бөгетіне 2007 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтып, осы мақсатқа бюджеттен 73 млн бөлініп, оның 67 млн-ы игерілгенін жеткізді. Кімнің тапсырыс беруші, кімнің мердігер болғанын күмілжіп айта алмағасын бұрынғы РМК «Казводхоз» филиалының (қазіргі «Қазсушар» РМК Қостанай филиалының) директоры Ж. Райымқұловтан бөгеттің жөндеу жұмыстарына тапсырыс беруші «Су ресурстары комитеті», мердігері «Дартемір» ЖШС болғанын білдім.

Менің «Мемлекеттен бөлінген 73­ млн­ теңгенің игерілмеген 6 млн тең­­гесі «Телғара» бөгетін жөндеуге не­ге жұмсалмаған?» деген сұрағым С. Арсенть­е­ваның тарапынан жауапсыз қалды. Оған қойған сұрақтарымды оның басшысы Ә.Мауқұловқа қойғанымда ол «Бұл мәсе­лемен айналысып жатырмыз, бірақ мемлекеттен бөлінетін қаржының алдымен өзге құрылысқа берілетінін естіп, басымызды қатырып отырмыз», деді. 2007 жылы 73 млн теңгенің игерілмей қалған 6 млн теңгесі «Телғара» бөгетін жөндеуге молынан жетеді екен. (Телғара бөгетінің жөндеу жұмыстарының сметалық құны 570 мың теңге көрінеді – А.Б.) Бірақ «сен саларда мен салар атқа жемді кім салар?» дегендей, «Телғара» бөгетінің ешкімнің есебінде жоқ екені алға тартылып, ақыр соңында Аралбай ауылының тұрғындары 13 жыл бойына сусыз аңырап отыр.

Қабырға өзенінің қай жерден бас­тау алатынын жоғарыда айттық. Осы Торғай-Қабырға өзендерінің бойын қуалай орналасқан ауылдардың су жағасында отырып шөлдеуінің себебі неде? Бұл сұрақтың жауабын Кенжехан ақсақалдың «Ауыз су» деп аталатын мақаласынан оқып білуге болады («Егемен Қазақстан» газеті, 25 маусым, 2003 жыл). Сол мақа­ла­ның түйініне тоқталсақ, ағын су өзен атырабында бұрын-соңды салынған 773 бөгет-тоғандарға келіп тіреледі екен. Зерттелген деректер бойынша, ылғал мол болып, су жақсы тасыған жылдары өзен арнасына 1 млрд 50 млн текше метрге жуық су жиналады. Ал, тасқын орташа болған жылы су қоры 310 млн, құрғақшылық кезеңі 56 млн текше метр болатындығы анықталған.

Тәжірибелі су маманы осыншама су қорын тиімді пайдалана білсек, оның ауыз су түгілі шабындыққа жаюдан да артылып, сонау Ырғыз өзеніне құятынына бүкіл халық куә. Жұмыс бабында өзім оны талай көргенмін. Мәселенің түйіні – миллион текше метр артық су ұстайтын Ақөткел, Бижан, Қызыларық, Құмкешу (Амангелді ауданы), Албарбөгет, Тәуіш (Жангелдин ауданы) сияқты ірі бөгеттерге төменге су жіберетін қабілеті мол қон­дыр­ғылар орнату, жүздеген тоған­дарға да шағын құбырлар салуда тұр. Сон­да ғана суды дер кезінде төмендегі ауылға жіберуге болады, дейді.

Ата-бабаларымыз ертеден табиғи су көздерін көзінің қарашығындай қорғап ішуге, малын суаруға, басқа да қажетіне ұқыптап пайдалана білген. Керек болса жан-жағымен келісіп, өзендерге бөгет тұрғызғанда төменгі елге су өткізетін табиғи жанқұлақтар қалдырып, кейде қосымша ашып-жабылатын су жіберетін қондырғы орнатқан. Бұрынғы көп жылдар бойы тұрғызылған жайылымдардағы мыңдаған су құрылыстары иесіз қалып, тоналып істен шыққаны өте өкінішті!

2016 жылдың шілде айында облыста арнайы комиссия құрылып, Албарбөгет жүйесін зерттегенде одан төменгі елге су бөлгізудің тетігі Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетіне тіреле берді. Бұл құрылыс облсушардың балансында тұрса да, Үкіметтің 21.12.2004 жылғы №1344 қаулысына кірмегендігінен, оған Республикалық бюджеттен қаржы бөлінбей қалуда. Албарбөгеттен төменгі елге су жіберетін жобасы дайындалған екі қондырғы тұрғызуға қажет бар болғаны 5,05 млн теңге қаржы бөлудің өзі саудаға түсуде.

Көп жылдар бойы жиналып, күрде­лен­ген су проблемасының халықтың мұңына айналғанын жасырмай, тиісті органдардың назарына республикалық беделді басылым арқылы жеткізуді жөн санап, осы мақаланы жаздым.

Асқарбек БЕКТЕМІСОВ

журналист-жазушы

"Егемен Қазақстан" газеті