21 ақп, 2017 сағат 08:21

Ауылды мектеп сақтайды, мектепті кім сақтайды?

«Егемен Қазақстан» еліміздегі шет аудандардың мәселесін дер кезінде көтерді. Өйткені, түйткілді түйіндер бар. Кең-байтақ Қазақстанның көршілес елдермен шекарасы жалаңаштанып, көшкен елдің жұрты қалмас үшін тез арада шұғыл шаралар қабылдау қажет. Ресей Федерациясының бес облысымен іргелес жатқан Батыс Қазақстан облысының шекаралас аудандарына сараптама жасай отырып осыған көзіміз анық жетті.

Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара және Орынбор – Батыс Қазақстан облысымен шек­тесіп жатқан Ресей губерния­­лары осы­лар. Бесеуі де индус­трия­­лы, халық саны да көп, экономикасы да да­мы­ған өңір­лер. Ал олармен ір­ге­лес жат­қан қазақ ауылдары ше?
Шетінен бастайық.

Жол болса, келуші де көп болар еді

Бөкей ордасы облыс орталы­ғы­нан ең алыс жатқан аудан. Ор­та­­лығы Сайхын селосы Орал­дан 550 шақырым қашықтықта жатыр.

Ауданның территориясы – 1 921 445 га, оның 944 979 гек­тары Капустин Яр әскери полигонының жері. Орталық­тан алыс болған соң ба, бөкейор­далықтар ежелден өз еңбегіне, өз күшіне ғана се­ніп алған. Соның арқасында аудан­да адам саны да, мал басы да жыл санап көбейіп келеді екен. Газбен толық қамтылған, ауыз су әр ауылға жеткізілген орда­лық­тар негізінен ауқатты тұрады.

– 2016-2017 оқу жылында ауданда 2 465 оқушы 18 мектепте білім алып жатыр. Оның тоғызы орта, тоғызы бас­тауыш мектеп, – дейді Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Лариса Қайыр­ғалиева. – Балаларды мект­е­палды даярлықпен қамту мәсе­лесі де 100 пайыз жолға қойыл­ған. Апат жағдайында тұрған немесе үш ауысымда оқитын мектеп жоқ. Үш жыл бұрын Мәмбет ауылында бас­тауыш мектеп жабылған еді. Енді ол жерде бала саны қайта көбейіп, мектепті қайта ашу мәселесі көтерілуде. Бисен округын­дағы Көктерек ауылында мек­теп жасындағы және одан төмен 70-ке жуық бала тіркелді, ол жерге жаңа мектеп саламыз ба деген ойдамыз.

Дегенмен, Бөкейде бәрі ойда­ғы­дай деу­ге келмес. Ең басты түйт­­­кіл – жол мә­се­­­лесі. Орал­дан шық­­қан асфальт жол Жаңа­­­­­қалаға же­тіп тоқтайды. Онда асфальт төсел­­­меген. Күз бен көк­темде, қыс­қы боран­да тұрғын­дар жол аза­бын тарта­ды. 300 шақы­­рымға жуық дала жолы Сандыбад­тың се­гі­зін­ші сапарына мысал болардай.

Бұрын бұл мәселе қалай шешіл­ді? Ауданның батыс беті­мен 85 шақырым Ресей Федера­ция­сының Приволжск темір жолы өтеді. Бірақ, қазіргі шекара бо­йынша Қазақстан аумағына екі мәрте кіріп-шығып өтетін Ресей пойыздары Қазақстанның Жәнібек стансасына да, Сай­хынға да тоқтамайды, жүйткіп өте шы­ғады. Себебі, пойыз­дар тоқ­тар болса, ол жерге ке­ден­дік бақы­лау, шек­ара бекеттері ашылып, жолаушылар құжат тексеруден өтуі тиіс. Яғни, аз аралықта мем­лекет­тік ше­караны төрт мәрте кесіп өте­тін жолаушылар пойызы көп уа­қытын жоғалтады. Сон­дық­тан Ресей жағы бірнеше жыл­­дан бері бұл ұсынысты қабыл­­дамай келеді. Аудан, тіпті облыс басшылығының құзы­ры­нан тыс, мемлекеттік дәре­же­де шешілуі тиіс бұл мәсе­лені бөкейордалықтар мен жәнібек­тіктер талай мәрте көтеріп жүр.

– Бұрынғы Жәңгір ханның ставкасы орнына көтерілген «Бөкей ордасы» тарихи музей кешені – республикалық дәре­же­дегі туризм орталығы. 1828 жылы салынған Хан Сарайы, 1867 жылы ашылған Қазынашылық, 1868 жылы ашылған Тарғын учас­келік мектебі, 1883 жылы ашыл­ған қыздар мектебі сынды тари­хи-архитектуралық ғи­ма­рат­­тар және 1835 жылы салын­ған хан мешітінің негізінде қал­пына келтірілген мешіт ғи­ма­раты тұтас бір компози­ция­ны құрайды. Му­зей­ге келу­шілер саны 2016 жылы 17 мың адамға жетті. Оның 5-10 па­йы­зы – шетел­діктер. Шетел­дік­тер­­дің көбі Ресей­дің Самара, Эльтон, Волго­град, Волжский, Мәс­кеу, Бас­құншақ, Палласовка, Орын­бор қалаларынан келеді. Әрине, қарым-қатынас, жол мәсе­лесі шешілсе, әйгілі Хан Ор­да­­сын көрушілер саны еселеп артар еді, – дейді музей-кешенінің директоры Ғайса Мақымов.

Газ бен су бар, адам керек

Жәнiбек ауданы да облыс орта­­лы­ғы­ның­ оңтүстiк-батыс қиырында 454 ша­қы­рым­ қашық­тықта орналасқан.

Жәнібек ауданы Ресей Феде­ра­ция­сы­ның Волгоград және Саратов облыстары­мен шекаралас. Бұл ауданда да жол, об­­лыс орталығымен қатына­су үлкен про­­б­лема. Талов, Борсы, Тау ауылдары ау­дан орталығы Жәнібек селосынан 100 шақырымдай қашықтықта жатыр. Дәл ше­ка­ра­­дағы Борсы ауылындағы Ғ.Қараш атын­да­ғы орта мектепте қазір 77 оқушы ғана қалған. Об­лыс­тық білім бас­қарма­сы берген кес­те­ге қара­ғанда, 2016 жылы Талов­та – 1, Тау мен Борсы ауыл­дарын­да 2 сә­би­ден ғана дү­ние­ге келген.

Көгілдір отын ауданның бар­лық окру­­гі­не бірнеше жыл бұрын жет­кізіл­­ген бо­ла­т­ын. Енді шағын елді ме­­кен­дерге де газ тартыла бас­тады. Ж­әні­бектіктердің ен­­дігі мәсе­лесі – таза су. Жақында ға­на тұр­­ғын­дар ал­д­ын­­­да есеп берген ау­дан әкі­мі Нау­рыз­­бай Қарағойшин ауыл­­дық ок­руг­­тер­дің 8 орталығы ор­та­­лық­­тан­­­ды­­рыл­­ған ауыз су құбы­ры­на қо­сыл­­­ға­­­нын ха­барлаған. 2018 жылға дейін бар­­лық ок­ругке «Ақ бұлақ» жетпек.

Аудан аумағындағы автокөлік жол­­дарының жалпы ұзындығы 366,8 км бол­са, соның 95,8 шақырымы рес­пуб­ли­калық маңызы бар жол. 2015-2016 жыл­дар аралығында осы жолдың 11,2 ша­қырымына жөндеу жүргізілген. Биыл «РСУ-1» ЖШС республикалық бюджет қара­жаты есебінен «Жәнібек-Қазталов» рес­публикалық маңызы бар автокөлік жо­лының 20 км бөлігіне күрделі жөндеу жұ­мыстарын жүргізуде. Жобаның жалпы құны – 2 млрд 680 мың теңге. Осы ыр­ғақпен жүре берсе, Жәнібекті Оралға жал­ғ­ау үшін әлі біраз жыл керек болады.
Аудан әкімінің есебіне қарағанда, 2016 жылы 222 сәби дүниеге келіп, 108 адам өмірден өткен. Табиғи өсім – 114 адам. Тым тәуір-ақ. Бірақ, 2015 жылы ауданға 279 адам көшіп келсе, 391 адам басқа жерге қоныс аударған. Сальдо минус 112 болып тұр.

Шыны керек, шекаралық аймақта ел­ді тұрақтандыру кешенді шаралар жиын­ты­ғын талап етеді. Туған жерді тастап кө­шу оңай емес, көбіне мұндай шешімді өзі­не сенген, білікті, білімді мамандар қа­былдайды. Ал оның орнын басатын, ке­тікті толтыратын келесі адам кім? Ел ішінде «Мамандардың біліктілігіне байланысты Жәнібек аудандық ауруханасы жабылады екен», деген сыбыс шығып тұр.

Кеңес өкіметі кезінде алыс, тұрмысқа қолайсыз өңір тұрғындарына түрлі қо­сым­ша жәрдемақылар төленіп тұрған. «Осын­дай жеңілдік Оралдан ең шалғай жат­қан Бөкей ордасы мен Жәнібек аудан­дары тұрғындарына жасалар болса, халықты тұрақтандыруға, жастарды ту­ған жерде қалдыруға ықпал етер ме еді», дейді аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева.

Ресейде бөлімшеге дейін жол бар

Қазталов ауданы Ресейдің Саратов об­лысы Александров-Гай ауданымен шектеседі. Аудан орталығынан Орал қала­сына дейінгі қашықтық – 330 ша­қы­­рым.

1990 жылдардың ортасындағы оңтай­лан­дыру науқаны тұсында Қазталов ауданы тарап кете жаздаған. Бірақ сол кездегі об­лыс басшылығы Қазталовты сақтап, ке­рі­сінше, халқы көп, әлеуеті мықты Жал­пақ­тал (бұрынғы Фурманов) ауданын та­ратып, Қазталовқа қосты. Ел дүрлігіп, дүм­пуі Алматыға дейін жеткенімен, «Ше­ка­ралық ауданды таратуға, ел шетін жа­ла­ңаш қалдыруға болмайды!» деген уәж ба­сым түсті. Бүгінде аудан құрамына 16 әкім­шілік-аумақтық бөлініс кіреді. Халқы біреу­ден ілгері, біреуден кейін тіршілік етіп жатыр.

Қазталовтың хал-жайын білу үшін шекарадағы екі ауылдың жағдайына тоқталайық. Қараоба ауылы – аудан орталығының ар жағында 72 км жерде орналасқан қиырдағы елді мекен. Дәл шекарада тұр. Қазталов-Жәнібек күре жолынан да 60 шақырымның үстінде қашық. Сондықтан, бұл ауыл да әсіресе биылғыдай қарлы қыста жол азабын көріп-ақ жатыр.
– Дегенмен, біздің ауылдың жағдайы жақсы, – дейді округ әкімі Нұрлығали Дүйсеков. – Қазталов ауданы бойынша болашағы бар, «тірек ауыл» деген мәртебеге ие 3 елді мекеннің біріміз. Қараобада 1564 адам тұрады. Әр үйге көгілдір отын мен таза су кіріп тұр.

Шынында да, халықаралық газ магистралінің бойында орналасқан Қараоба ауылына көгілдір отын 1992-1993 жылдары берілген. Ауыз су 2012 жылы тартылған. Шәкірттерінің оқу үл­ге­рімімен үнемі алда жүретін Ғ.Қараш атын­дағы мектеп-гимназияда 311 оқушы оқи­ды. Еңбек деген елді мекенде 25 оқу­шы білім алатын бастауыш мектеп, клуб, мед­пункт, кітапхана жұмыс істейді екен.

– Біздің ауылда көшу жоқ, керісінше, жыл сайын 5-6 үй салынады. Босап қалған үй жоқ. Ауылымызда «Қазтрансгаз» мекемесінің филиалы, «Семсер» күзет фирмасының филиалы бар. Онда 50 шақты адам жұмыс істейді, жалақы жоғары, – дейді Нұрлығали Сағынғалиұлы.

Шекаралық елді мекен тұрғындарына арналған «жеңілдетілген пункт» арқылы қараобалықтар Ресейдің іргелес елді ме­кен­­деріне барып тұрады екен.

– Жақында Жәнібектен өтіп, Палласов­каға барып қайттым. Байқағаным – Ре­сей­­де қымбатшылық. Қазір орыстар бен­зин­ді бізден алады. Біздің ауылдармен салыстырғанда орыс ауылдарының жай­-күйі жүдеулеу көрінді, – дейді Н.Дүйсеков.

Қазталовтың Ресеймен іргелес жатқан та­ғы бір елді мекені – Қайыңды ауылы. Қара­ өзеннің жағасында, нағыз шекарада орналасқан ауыл. Өзеннің арғы беті – Ре­сей, бергі беті – Қазақстан. Округте 1300-дей халық тұрады, Қайыңды орта мек­тебінде 139 оқушы бар.

– 1-6-сыныптарда оқушы саны жыл сай­ын өсіп келеді. Ал 7-ден кейін қалаға, Назарбаев зияткерлік мектебіне, басқа да лицейлерге ауысатындар көп. Қайыңды – бел­гілі боксшы Дәурен мен Данияр Елеусіновтің туған ауылы ғой. Бізде бокс өте жақсы дамыған. Әйгілі жерлестеріне елік­теп, спорт жолын қуған жастар да көп. Марат Елеусіновтің өзі бірнеше бала­ны Аста­наға, олимпиадалық мектепке алып кет­­ті. Осылайша жоғары сынып оқу­шы­ла­­ры азайып қалады, бірақ оған ренжи ал­май­­мыз, – дейді мектеп директоры Серік­жан Сүлейменов.

Бұл ауыл да көгілдір отынның қызы­ғын тым ерте, 1987 жылдан-ақ көре бас­та­ған. «Таза су» бағдарламасы бойынша ауыз суды тазартқыш қондырғыдан алып кел­­ген екен. Енді 2017 жылы ауылдағы мек­­теп пен балабақшаға «Ақ бұлақ» бағ­дар­ламасы бойынша құбырмен су тар­тыл­мақ. 2018 жылы бүкіл ауылға тартылады.

Бұл ауыл да тек жол жоқтығынан жа­па шегіп отыр. Тасқала бағытындағы асфа­льт жолға дейін 85 км, Жалпақталға дейін 60 км даланың қара жолымен жүруге тура ке­леді.
– 2006-2007 жылдары ұрлық көп болды. Шекарадан әрі өткен малды олар жоқ қы­­латын, бері өткен малды біздікілер бер­мей кететін. Қазір ол тыйылды. Оның үс­тіне, шекарашылар да даладағы шека­ра бойына сым тартып, мемлекеттік шека­ра белгілерін қойып жатыр, – дейді С.Сүлейменов.

Қайыңдыдан Александров-Гай қала­сы (қазақтар Алғай дейді) 14 ша­қы­рым ғана. Әуелден ауылы аралас, қойы қо­ралас, ағайын болып кеткен ел ғой. Бі­рақ Алғайға бару үшін қайыңдылықтар Қазталовпен айналып, «Фомин» бекетіне барады. «Тәртіп бой­ын­­ша шекарадан жұма күні кірсек, жек­сен­бі күні екінтіден қалмай кейін шығып ке­туіміз керек. Бір кереметі, Ресейде жол жақ­сы. Бөлімшелеріне дейін қатты жол са­лып тастаған», дейді мектеп директоры.

Лимиттің шегінде тұрған мектептер

Тасқала ауданы облыстың солтүстік-ба­тыс бөлігінде, Қазақстан мен Орталық Азия­ны Ресейдің еуропалық бөлігімен қо­сатын темір жол мен Орал-Саратов ав­то­көлік жолының бойында орналасқан. Саратов облысымен шектеседі.

Ауданның жалпы аумағы 806,1 мың гек­тар, халық саны 2014 жылдың 1 қаң­та­рына 17,6 мың адам болды. Аудан орта­лы­ғы – 7,9 мың халқы тұратын Тасқала ауы­лы, Орал қаласынан 80 шақырым жерде ор­наласқан. Оралды Ресейдің Саратов қа­ла­сымен жалғайтын бұл жол екі жылдан бері күрделі жөндеуден өтуде.

Аудан әкімі Санжар Әлиевтің жа­қын­да ғана халық алдында берген есебіне қа­ра­­ғанда, тұрғындардың 96,7 пайызы кө­гілдір отынмен, 92%-ы орталық су жүйе­­сімен қамтылған. Ауданда ауыл­ша­руа­­шылық тауарларын өндіретін 329 шаруа қожалығы бар екен. Соның 181-і мал ша­руашылығымен айналысса, 102-сі егін мен мал азығы дақылдарын өндірумен шұғылданады.

Енді шекаралық ауылдар болашағының инди­каторы – білім беру нысандарындағы жағ­дайға келейік. Облыстық білім беру басқармасы дайындаған кестеге қара­ған­да, Тасқаланың Мереке, Достық, Ынты­мақ, Бастау, 2-Шежін, Амангелді ауыл­да­ры шекара бойлай орналасқан. Бұл ауыл­да­ғы мектептерде жалпы саны 569 оқушы бі­лім алып жүр екен. Мәселен, Достық ауы­л­ындағы Семиглавый Мар орта мек­тебінде – 91, Ынтымақтағы Крутой не­гіз­гі мектебінде – 42, бастаудағы Ва­ви­лин бастауыш мектебінде 5 оқушы ға­на тіркелген. Бұл – Үкімет қаулысымен бе­кітілген лимиттің ең төменгі шегіне ті­ре­ліп тұрған көрсеткіш. Жоғарыда аталған ауыл­дарда соңғы үш жылда дүниеге келген сәби саны да саусақпен санарлық екен. Бо­ла­шақта не болады?

Жыл бойы бір шілдехана болмаған ауыл

Зеленов ауданы Батыс Қазақстан об­лысының солтүстік бөлігінде орна­лас­­қан. Аудан аумағы 7,4 мың шаршы ша­қырымды құрайды. Орталығы Пере­мет­ный ауылы облыс орталығы Орал қала­сына ең жақын, 38 шақырым жерде орналасқан. Таратылып, Зеленовқа қо­сыл­ған Приурал ауданының ауылдарын қос­қанда мұнда 22 ауылдық округ, 68 ел­ді мекен кіреді. 2017 жылдың басында Зеленов тұрғындары 54,4 мың адам бо­лыпты. Аудан Ресейдің 3 облысымен шек­теседі.

Зеленов ауданы аумағынан 3 халық­ара­лық дәрежедегі Самара – Шым­кент, Орал – Саратов, Атырау – Самара автомо­биль жолдары және Киев – Мәскеу, Таш­кент – Саратов темір жолдары өтеді.

Бір қарағанда бай, қуатты болып кө­рінетін Зеленов ауданында да шека­ра­лық ауылдар бос қалып, ел іргесі жа­ла­ң­аштанып жатыр. Әсіресе Чиров, Сұлу­көл ауылдарындағы мәселе күрделі. Та­би­­ғаты керемет, жері құнарлы, газ бен су жеткізілген ауылдан тұрғындар неге ке­теді?! Облыстық білім басқармасы да­й­ын­даған кестеге көз салсақ, Зеленов ау­да­­нындағы Егіндібұлақ ауылының орта мек­тебінде 76 оқушы қалған. «Орта мектеп» дә­режесі үшін кемінде 81 оқушы болуы ке­­ректігін ескерсек, бұл білім ошағы қай­та құрылып, «негізгі мектепке» айналуы бек мүмкін. Чувашка ауылындағы орта мек­теп оқушыларының саны 88-ге түсіп, ша­ғындалып келеді. Чиров, Сұлукөл, Кир­санов ауылдарындағы негізгі мектептер­де бала саны тиісінше 43, 44, 43 болып, та­қ­ыл-тұқыл тұр. Үкімет қаулысы бойынша оқу­шы саны 41-ден азайса, негізгі мектеп жа­б­ылып, бастауышқа айналуы тиіс.
Жоғарыдағы ауылдарда 2016 жылғы ба­ла туу көрсеткішін қарадық: Железнов ауы­л­ында – 5 бала, Шалғай ауылында – 4 сәби, Погодаевта – 3 сәби, Егіндібұлақ, Раз­дольный ауылдарында 2 сәбиден, Чувашка, Сұлукөл, Кирсанов ауыл­да­рын­д­а 1 ғана сәбиден дүниеге келген. Ал Чиров ауылында жыл он екі айда бір де бір шілдехана болмапты.

Статистикаға қарағанда, 504 адам тұ­ра­­тын, Ресей Федерациясы шекарасынан 1,5 км орналасқан елді мекеннің басынан нег­е бақ тайып барады? Округ орталығы аты бар елді мекенде орта мектеп түгілі, не­гізгі мектептің жабылып қалу қаупі бар. Неге?!

– Ауыл халқының, жастардың туған жер­де тұрақтамауының бір себебі – ел­ді мекен маңында кәсіпкерлікпен айна­лысуға, мал өсіруге бос жер қал­ма­ған­ды­ғынан, – дейді «Нұр Отан» партиясы Зеле­нов аудандық филиалы төрағасының бі­р­ін­ші орынбасары Нұржан Дүзбатыров. – Сон­дықтан, ауыл маңында жалға беріліп кет­кен жерлер кейін қайтарылып, ауыл тұр­­ғындарының ортақ пайдалануына бе­ріл­­ген кезде бұл ауылдардың екінші ты­ны­сы ашылады деп сеніп отырмыз.

Чиров ауылының әкімі Николай Пет­ро­вич Штыктің пікіріне құлақ түрейік:

– Ауылымызда су жүйесі, электр қуаты, газ – бәрі бар. Барлық әлеуметтік маңызды ны­сандар жұмыс істеп тұр. Алай­да соңғы жыл­дары халық саны азай­ып жатыр. Не­ге?! Мәселенің бәрі мектептердің жа­былуы­нан, орта мектептердің негізгі мек­тепке, одан бастауышқа айналуынан. Мектеп дәрежесі кішірейген сайын мұ­ға­лімдер де қысқаруға ұшырайды. Сағат са­ны азаяды. Сөйтіп, көшу – қысқаруға, қыс­қару – көшуге себеп болады.

Николай Петровичтің айтуынша, Чиров ауылымен көршілес орналасқан Ресей ауылында 27 оқушы қалғанына қа­ра­­мастан, орта мектеп мәртебесі сақталған кө­рінеді. Өйткені орыстар шекаралық елді ме­кенді сақтау үшін осындай қадамға бар­ған. Бізге неге солай жасамасқа?

Шыңғырлау ауданы Елек өзені. Өзеннін арғы беті — Ресей

Қазыналы ауданның қарқыны тәуір

Қазыналы Қарашығанақ орналасқан Бөрі­лі ауданы облыстың солтүстік-шы­­ғыс бөлігінде орналасқан. Сол­түс­ті­гі­н­де Жайық өзені бойымен Ресей Феде­ра­­циясының Орынбор облысымен шек­те­се­ді. Аудан аумағы 5556 мың шаршы метр­ді құрайды. 2016 жылдың соңындағы мә­лімет бойынша, аудандағы халық саны – 55393 адам. Аудан орталығынан Орал қа­ласына дейінгі қашықтық – 140 км.

– Бөрілі ауданының Ресеймен шекаралас ауылдарында 10 мектеп бар. Бір тәуірі, бұл мектептерде жылдан-жылға бала са­ны көбейіп келе жатқаны байқалады. Мы­са­лы, Бумакөл ауылындағы бастауыш мектеп­те 2015-2016 жылы 70 оқушы білім ал­са, биыл оқушы саны 89-ға жетті. Бөрілі ауы­лындағы қазақ мектебінде де бала саны артып, негізгі мектептен орта мек­теп­­ке айналды. Мұнда 20 балаға арналған инт­ернат жұмыс істейді, – дейді БҚО бі­лім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова.

Шекаралық ауданға ерекше көзқарас керек

Шыңғырлау ауданы облыстың шығыс бө­лігінде орналасқан. Аумағы – 7,2 мың шар­шы шақырым. Аудан тұрғындарының са­ны 2017 жылдың 1 қаңтарында 14797 адам болған.
Ауданда екі шекара өткізу бекеті ор­на­ласқан. Ауданның бір аумағы Ресеймен ше­каралас. Орынбормен қоңсылас жатқан Шыңғырлау ауданында халық саны жылдан-жылға төмендеп келеді. Өткен жылы ауданда 173 сәби дүниеге келіп, 122 адам дү­ниеден өткен. 402 адам көшіп келіп, 572 адам көшіп кеткен. Теріс сальдо 170 адам бо­лып отыр.

Біздегі мәліметтер бойынша, мектепте оқу­шы санының аздығы, жылдан-жылға мек­­тептердің қысқаруы салдарынан 2014-2015­ оқу жылында 1 орта мектеп не­гізгі бо­­лып, 4 негізгі мектеп бастауыш бо­лып қыс­­қарған. Бір бастауыш мектеп жа­был­ған. Қазіргі уақытта ауданда 16 мектеп, 2000-ға жетпейтін оқушы қалған.

– Табиғаты әсем, тіршілікке қолайлы болғанымен, Шыңғырлау ауданының көп­теген елді мекені аудан орталығымен бай­ланыса алмайды. Ащысай мен Аман­гелдіден басқа ауылда жол жоқ, көктем, қыс, күз айларында қатынас қиындайды. Тас­мола, Белогор, Полтавка, Қарағаш, Ақ­суат ауылдарында ұялы байланыс же­лі­сі, интернет жоқ. Ащысай, Амангелді ауыл­дарына ауыз су аудан орталығынан та­сып жеткізіледі, суды тұрғындар сатып алады, су тасымалдайтын көлік жетіс­пей­ді, – дейді 2016 жылдың күзіне дейін осы ауданда тұрып, мұғалімдік қызмет ат­қарған, бүгінде Орал қаласына көшіп кел­ген Ақылбек Есеналин.

– Шекаралық ауылдардың жойылып бара жатқаны біздің жанымызға да қатты батады, – дейді Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов. – Үкімет қаулысымен бе­кітілген лимит бізге қолбайлау болып тұр. Ол бойынша негізгі мектепте бала саны 41-ден азайса, мектеп жа­былып, бастауышқа айналуы тиіс. Мы­са­лы, Електің бойында, нағыз шекарада Шоқ­ты­бай деген ауыл бар. 60 шақты үйі бар, хал­қы еңбекқор. Алайда мектепте бала саны биыл 38-39-ға түсіп кетті. Заң бойын­ша енді мектеп жабылуы тиіс.

Қалияр Шадиярұлының пікірінше, Үкі­­мет қаулысында шекаралық ауыл­дар­дың жағдайы ескерілуі керек.

ТҮЙІН

Міне, Батыс Қазақстан облысының Ре­сей Федерациясымен іргелес жатқан жеті ау­данындағы жағдайға шолу жасағанда бай­қағанымыз, ауыл болашағының ке­пі­лі мектеп екендігі анық көрінді. Ауыл­ды мек­теп сақтайды, ал мектепті кім сақ­тай­ды?

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы