18 мау, 2018 сағат 12:54

Ауылда қалғым келеді...

Көліктердің дүрілі мен адамдардың дауысынан көпқабатты үйдің екінші қабатында тұратын Майра оянып кетті. Көзін аша салысымен сенбі екені есіне түсіп, қалай тұрғанын өзі де байқамай қалды. Ұйқылы ояу көзін уқалап, таңғы ас әзірлеп жатқан анасына қарай беттеді. Ас үйде әндетіп құймақ пісіріп жатқан анасының жанына келіп:

– Анашым, ауылға кеттік пе? – деді.

Қызының ұйқылы-ояу түріне қарап, күлімсіреген күйде:

– Қызым-ау, әуелі жуынып, таңғы асыңды ішіп ал, қазір әкең алып барады, –деді.

Таңғы ас ішіп отырған сәтте, сырттан күндегі әдетінше ыстық нанын қолына алып, әкесі кіріп келді. Шай үстінде Майра бір ай өтсе де әлі ауылға бармағанын, төрт қабырғадан әбден зерігіп кеткенін айтып, әкесіне біраз шағымданды.

– Әке, бүгін сенбі әрі ауа райы керемет болып тұр емес пе?! Мені ауылға алып баршы. Атамды, әжемді, қара күшігімді сағындым, – деді бұртиып.

Әкесі көп ойланбастан екі шақпақ қанты бар шайын қасығымен араластырып отырып:

– Әй, жарайды, апарсам алып барайын. Ата-әжең де бір жасап қалсын, – деді. Мұндай жылдам келісімді күтпеген Майра алақайлап, әкесі мен анасының бетінен кезек-кезек сүйді.

«Мен киімдерімді дайындайын, әжеме арнап сатып алған шашақты орамалды да алайын» деп өз-өзімен сөйлесіп, бөлмесіне қарай беттеді...

Жол ұзақ еді. Майра екі көзін даладан алмады. Тірі жан кездеспейтін жазық далаға жыңғылдар сән беріп тұрғандай. Көгілдір аспан. Әр жерде үйілген құмды төбешіктер. Даланы қанша көрсем де, дәл бүгінгідей мән бермеппін ғой деп ойлады. Оның ойын әкесінің сөзі бөліп жіберді.

– Қызым, анаңның айтқандарын ұмытпа, атаң мен әжеңді шаршатпа, керісінше, әжеңе қолғабыс ет. Шайын дайындап, бақшадан жемістерін теріп бер. Сен енді үлкен қызсың әрі тұңғыш немересі де өзің. Сондықтан еркелігіңді еселемей, ол кісілердің оң қолы бол.

Жол бойы айтылған ақылға құлақ түрген Майраның бойын ерекше сезім биледі. Өзіне деген сенімділік пе, ересек сезінді. Жол да ұзақ, таусылмай қойды. Атасы мен әжесімен кездесер сәтті тағатсыздана күтіп жан-жағына жалтақтап қарай берді... Міне, өзі аңсаған, сағынған өз ауылына да келіп жетті. Әжесі:

– Әй, шал-ау, бері кел. Майрош келді, шал, бері кел деймін, – деп қисалаңдап мәшинеге қарай беттеді. Осы кезде мал қора жақтан қолында шелегі, басында ескі қалпағы бар, зор денелі, жылы жүзді атасы ақырын басып келе жатты. Майра атасы мен әжесің ыстық құшағына кіріп кетті.

– Майрошым, құлыншағым, жарығым, қарашығым, тәттім, – деп жылы сөзін жаудырып, бетінен қайта-қайта сүйді.

Үйге кіріп, дастархан басына жиналды. Майра биылғы оқу жылындағы өз жетістіктерімен бөлісті, қаладағы бар қызықты, анасының келгісі келгенін, алайда жұмыстар шығып қалғанын айтты. Әжесі немересінің әр тәтті сөзіне тәнті болып, айналып толғанып, арқасынан қағып отырды. Шай үстінде атасы да қырық жыл құдайы көрші болған Кеңестің қаладағы баласының үйіне көшіп кеткенін айтты. Сол сәтте баласы Ерік:

– Әке, мен де сіздерге біраздан бері айтқым келіп жүр еді. Кеңес аға да көшіп кетіпті, енді сіздер де менің қолыма келсеңіздер екен. Менің перзенттік парызым қартайғанда сіздердің жандарыңызда болып, қарайласу. Менің жұмысым, отбасым қалада. Ауылда қалуға еш негіз жоқ. Оның үстіне Майраның оқуы бар. Ауылда бейнеттеніп мал бағып, бақша өсіріп жүретін жастан кеттіңіздер, енді зейнетін менің, немерелеріңіздің жанында өткізгенге не жетсін.

– Әй, қарғам-ау, – деп сөзін бастады ақсақал. – Мен туылғалы осы ауылдың шаңын жұтып, топырағына аунап өстім. Кеңес екеуміз тай-құлындай тебісіп бірге өстік. Жасарымызды жасадық, асарымызды асадық. Ол еріккенен қаланың өміріне асығып кетті дейсің бе?! Кемпірі қайтқан соң, жалғыз өзі қалды. Біздің үйге келіп, қасымда тұр деп едім, оған көнбеді. Қарт кісілерді білесің ғой, біреуге масыл болғысы келмейді. Әрі өзі әскери кісі болған. Жалғыз қалмасын деп қаладағы баласы алып кетті. Ал менің кемпірім жанымда, ішіп-жейтініміз бар. Бақша өсіру, малға қарау олар менің сүйікті жұмысым. Ол біз үшін бейнет емес, керісінше, өзімізге ұнайды. Сен қазір түсінбессің, алайда, қарттық дендегенде өз аулыңнан асқан жер болмайды, балам. Сондықтан да бізді қинама, арасында осылай бір келіп кеткендеріңнің өзі біз үшін үлкен қуаныш. Біздің тілек – сендердің амандықтарың.

– Жарайды, әке, әрине, бәрі де өз қалауларыңыз. Егер ауыл ыңғайлы болса, осында тұра беріңіздер, біз Майрошты алып келіп тұрамыз. Майраның әкесі ас ішіп болғасын жолға шығып кетті.

Майра қара күшігін іздеп далаға шықты. Күшігі құлағы салақтап, досын танығандай Майраны иіскелеп әлек... Майраның бойын ерекше сезім кернеді.

Бақытты сезім, қуаныш сезімі...

Сол күні атасы мен әжесінің ортасына рахаттана ұйықтады. Әтештің дауысынан тез оянып, ас бөлмесіне барса, самаурының шайын атасы мен әжесі ішіп отыр екен.

– Құлыншағым-ау, тұрдың ба? Тәтті ұйқыда жатқан соң атаң екеуміз оятпап едік. Ұйқың қанды ма? – дейді әжесі.

– Иә, әжетай керемет ұйықтадым.

– Айранға тойып ал, қазір шие тереміз, – деді атасы немересін жанына шақырып.

Шай ішіп болған соң әжесі дастарханды жинай бастаған бетте. «Әжетай, өзім жинаймын, отыра беріңіз» деді.

– Атасы, қарашы, менің құлыншағым өсіп қалыпты, маған қолғабыс болып жатыр, ақылыңнан сенің, – деді әжесі.

– Әрине, байқадым, биыл Майрошымыз бұрынғысынша ерке емес. Салмақты, жанашыр болғаны мені де қуантады, – деп күлімдеді атасы.

Мақтауды естіген Майра одан сайын қуанып, дастарханды қалай жинап үлгергенін де байқамай қалды. Далаға шығып әжесімен бірге шие, өрік терді. Асыр салып күшігімен ойнады. Кешкұрым әжесінің тәтті айранын сіміріп алып, тәтті ұйқыға батты.

Күн артынан күн өтіп, Майраның ауылдағы қызықты күндері де аяқталуға жақындады. Ертең әкесі келеді. Уақыттың қалай өткенін білмей қалды. Қалаға мүлде барғысы жоқ. Осында ата-әжесінің жанында қалғысы келеді. Алайда, қаладағы қосымша сабақтарында біразын жіберіп алды. Қалай болса да ертең қалаға қайтуы керек.

Әкесі келіп, қайтатын сәтте жетті. Майраның мұңды жүзін көрген әкесі:

– Қызым, не болды, неге көңіл-күйің жоқ? – деді.

– Әке, менің қалаға барғым келмейді. Осында ауылда қалғым келеді. Мен ауылдың мектебінде оқысам болмай ма? – деді.

Мұндай ұсынысты күтпеген әкесі:

Қызым-ау, олай болмайды. Қалада анаң күтіп отыр, оның үстіне үйренген мектебің, достарың бар. Қосымша сабақтарыңды да жіберіп алдың. Енді қалаға қайтайық, атаң мен әжеңе осылай үнемі келіп тұрасың, – деді әкесі сабырлы қалыппен.

– Жарайды, – деді Майра басқа амалы қалмағанын біліп.

– Қызым-ау, алаң болма, атаң екеуміз сен қалаған уақытта барамыз. Оқуыңнан қалма, жарай ма?

Майра ата-әжесімен қоштасып, мәшиниге мініп кетті... Қос қорғаны қол бұлғап, қала берді... Әлі де қол бұлғап тұр.

Нарғыз ӨМІРЗАҚ,

Қызылорда қаласы

11-сынып оқушысы