27 қаң, 2017 сағат 11:59

Ауыл тұрғындары Назарбаевқа шағымданғаны үшін облыстық сот төрағасы сөз естіді

Қайрат Мәми Жоғарғы соттың кеңейтілген отырысы барысында соттың шешімдеріне наразы азаматтардан көп шағым түсіп жатқанын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Қайрат Мәми Павлодар облысында болған жағдайды мысалға келтірді. Онда ауыл тұрғындары даулы оқиғаны соттың көмегімен де шеше алмай жатыр.

"Ақсудағы және Павлодар облысындағы ауыл тұрғындары Жоғарғы сотқа бірнеше рет шағым түсірді. Олар Президентке де бірнеше рет шағымданған болатын. Оған себеп - ауыл тұрғындары арасындағы, егде жастағы адамдардың арасындағы түсініспеушіліктер: балағаттады, шығын келтірді деген айыптаулар", - деді Қайрат Мәми.

Сондай-ақ, ол бұл істің сотқа жеткенін, алайда мәселенің шешілмегенін айтты. "Адамдар жазған шағымдарында оралмандар екенін көрсетеді. "Біз сауатсызбыз, заңды білмейміз. Сотқа шақырса, бармаймыз. Ауданда екі судья бар - екеуі де орыс тілінде сөйлейді, қазақша мүлде сауатсыз. Облыстық соттың төрағасы Смағұлов өзі жаза ала ма? Бар ма сонда, тірі ме?", - деп оқыды шағымды Жоғарғы соттың төрағасы Павлодар облыстық сотының төрағасына.

"Судьялардың халықпен жұмыс істеп жатқаны қайда, төрағаның атқарған жұмысы қайда? 70 жастағы ауыл тұрғындары арасындағы мәселені аудан немесе облыс төңірегінде шешу мүмкін болмай тұр ма? Ал мына 2016 жылдың 2 желтоқсанында жазылған шағым сізге арналады, Смағұлов мырза (Павлодар облыстық сотының төрағасы - автор.). Қабылданған шаралар жайлы мәлімет келіп түскен жоқ. Сіз тұрғындардан келген шағымдармен қатар, Жоғарғы соттан келген хаттарды да оқымайтын шығарсыз? Сіз өзі жұмысқа барасыз ба?", - деді Қайрат Мәми.

"Тұрғындардың өзін-өзі жазалауын күтіп отырсыз ба? Әлде қайтадан республика бойынша атымызды шығарамыз ба? Осы мәселені шешуге он күн беремін", - деді Жоғарғы сот төрағасы.