09 қар, 2018 сағат 10:25

Ауыл шаруашылығы саласында білім нашар - Өмірзақ Шөкеев

Алматыда өткен «Білімге негізделген АШК қалыптастыру» форумы барысында білім саласының өзгерістері мен жаңалықтары туралы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде бұл салада  23 ҒЗИ, 3 университет маман даярлайды. Алайда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шүкеев бұл мамандардың сапасы сын көтермейтінін айтты. 

«ҒЗИ жүйесінде басымдықты тәжірибеге, коммерцияландыруға беріп жатырмыз. Ғылыми жетістіктер жоқ емес, бірақ технологиялар трансферті керек. Үш полигонда тестілеуді бастадық. Егер былтыр ҒЗИ-лерде басқа шаруашылықтарға қарағанда нәтиже төмен болса, қазір нәтиже көтерілді. Ол кезде адамдарда сенім болмаған еді. Енді барлық өңірлерде полигон ашамыз. Жеке қожалықтардан Темірхан Мыңайдарұлы сияқты (Досмұхамбетов) іріктеп алып, экстеншн білімді тарату базасын құрамыз. Ғалымдарды жыл сайын жинайтын боламыз», - деді  Өмірзақ Шүкеев.

Оның айтуынша, қазір оқу орындарына бәрібір. Дайындаған маманы бәсекеге қабілетті ме, жоқ па - оған оқу орны бас ауыртпайды. Ауыл жастарының ішінде бәрі бірдей университетке түсіп отырған жоқ. Оқушылар ҰБТ тапсыра алмайды. Бұл - ауыл шаруашылығы саласы үшін өте үлкен проблема. 

«Студенттердің 10-20%-ы артта қалып келеді. Бұл - айқын нәрсе. Осы санды азайтып, үлгеретіндермен теңестіру керек. Ал жаңадан түскендер ғарышкерлер сияқты қатаң іріктеуден өтуі тиіс.  Студенттердің ортаңғы өкілдері өзгерістерге азды-көпті бейім», - деді министр.

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есболов хабарлағандай, 2023 жылға таман ағылшын тілін білетін мұғалімдердің саны - 2,5 есе, шақырылған профессорлар саны - 3 есе, оқу ақысы  - 32%-ға артады. ЖОО табысы - 2 есе, ұстаздардың жалақы қоры 20 %-ға артады.

Сонымен қатар, білім беру бағдарламалары 35%-ға, жұмыс істеп тұрған зертхана саны 30%-ға қысқарады.

 «Бүгінде ҚазҰАУ-да 973 мұғалім сабақ береді. Оқу ұжымы арасында бұл туралы әңгіме болды, ұжым оған дайын. Мұғалімдердің саны 30%-ға, 10 мың студенттің саны 30%-ға қысқарады. Босаған грант орындары басқаларға бөліп беріледі. Есесіне бұл жерде сапа болады», - деді  ректор Тілектес Есполов.

Ал қысқартылған ұстаздар экстеншн жүйесімен жергілікті шаруашылық орталықтарына жұмысқа тұрады.