06 ақп, 2017 сағат 08:39

Ауыл экономикасы қандай күйде?

Кеңес үкіметі тұсында тұрақты даму үстінде деп саналған ауыл шаруашылығы саласында көзге ұрып тұрмаса да, бітеу жара сияқтанып іштен тынып келе жатқан екі проблема бар екені кейінірек, 1985 жылғы қайта құру дәуірінен айқын байқалды. Олар, біріншіден, кәсіпорындардың шаруашылық қызметінің эндогендік экономикалық стимулдарының жеткіліксіздігі еді. Бұл жағдайда кәсіп­орындарға өндіріс көлеміне орталықтандырылған жүйе арқылы тапсырма берілді, тауардың бағасы мен таралым каналы белгіленді, бұлай  бақылау кәсіпорынға стимул немесе тиімділік критерийі бола алмады.

Бұлай қалыптасқан кәсіпорын түрі мен елдегі аграрлық жүйе баға мен өндірісті ұйымдастырудағы сатылым бағасының өсуі өндірушілерге пайдасыз болған соң, шаруаны қызықтырмады. Екінші проблема шаруашылықтардың өз ішінде еңбек етудің әсерлі мотивациясының болмауы. Кеңшарлар үшін де, мемлекеттеніп кеткен ұжымшарлар үшін де антрепренер рөлін мемлекеттің өзі атқарды. Аграрлық өндірістің табиғи факторларға бағынысты екені есепке алынбады. Қаладағы кәсіпорында жақсы құрылғы мен маманданған жұмысшылар болса, жұмыс жанданып кете беруі мүмкін, ауылда құрал-саймандар мен жұмысшылардан басқа көптеген себептермен өнім алу қиындайтын кездер көп болады, мысалы, құрғақшылық, жауын-шашынның  мөлшерінің біркелкі еместігі, су тапшылығы, зиянкестердің шабуылы, техниканың жетіспеуі, т.с.с. Осы себептермен, Кеңес Үкіметінің кезінде 1970 жылдардан бастап-ақ ауыл шаруашылығы саласы қиындықтарға ұрынды. Өз бетінше даму тежелді, сала техникалық прогрестен кейін қалып қойды. Бұл кері кетуді азық-түлік  бағасын бірқалыпты ұстап қаламыз деген советтік принцип те тереңдете түсті. Қазақстанның ауыл шаруашылығы са­ласы 1990 жылы елдің ішкі жалпы өні­мінің көлемінде 34 пайызды иемденді. Бұл мақтаныш ретінде айтылатын.

Ауыл адамдарының саны 1970 жылы 50 пайыз еді. 1999 жылы ауылдық аудандарда тұратын адамдар 43 пайыз деп есептелді. Бірақ, 2006 жылы ол сан қайтадан 47 пайыз­ға жетті. Себебі, ауылдық аудандарға қан­дай елді мекендердің жататыны Мәжіліс де­путаты Серік Қонақбаевтың  заң жобасын ұсынуымен қайта реттелді. Бұл Эко­­номикалық Ынтымақтастық және Ық­палдастық Ұйымының (ЭҚЫҰ-ОЭСР) ұсы­­нымына сәйкес келеді. Оларда ауылдық ауданның тұрғын саны 50 пайыздан кем болмауы айдан анық жазылған. Осы саннан төмен ауылдық аудандардың өзін «айтарлықтай деңгейдегі ауылдық аудан» деп атайды. Бұлай аталудың қандай пайда-зияны бар деп ойлап отырған оқырман болса, ауылдық аудандардың тұрғындары мемлекеттік қолдау басымдықтарына ие екендігін айтамыз. Бастапқыда ауыл экономикасында өте қиын ахуал қалыптасты. Колхоздар мен совхоздардың өнімін бұрынғыша сатып алуға міндеттілер жоқ болғандықтан және өндірген өнімінің шығыны сатылу бағасынан ондаған есе жоғарылығынан ауыл шаруашылығы тұралады. Кедейшілік жалғаса түсті, бұрын біз көріп-білмеген «жұмыссыздық» деген жаңа категория пайда болды. Оған мемлекеттік басқарудағы икемсіздігіміз бен тәжірибеміздің аздығы қосылды. Заңдарымыз жаңа заманға ілесе алмай жатты.

КСРО-ның ыдырауы және Қазақстан экономикасының әлемдiк экономикалық қатынастар жүйесiне кiруi өндiрiс көлем­дерiнiң елеулi азаюы мен осының салдары ретiнде әлеуметтiк ахуалдың объективтi түрде төмендеуiне алып келді. Оны еңсеру үшін негiзгi факторларды – технологиялық тұрғыда артта қалған және қуатты мол қажет ететiн өндiрiстердi, шаруашылық жүргiзудiң жаңа жағдайларын игере алмаған, бәсекеге қабiлетсiздiкке және көптеген кәсiп­орындардың тұрып қалуына, дәстүрлi өткiзу рыноктарын жоғалтуға, төлемсiздiктер мен өндiрiстiң құлдырауына алып келген менед­жментті өзгерту мәселесі тұрды. Тәуелсіздіктің бастапқы бес жылында елде өтпелі кезеңнің күрделі қиындықтары болды. Ауыл шаруашылығы ғана емес, барлық экономикалық көрсеткіштер құлдырады. Сол  кезде Президент халықты жекеменшікке баулудың бастапқы тетіктерінің бірі ретінде 1994 жылы өз Жарлығымен елді мекен­дердегі жер телімдерін, саяжайдағы жерді азаматтарға тегін бекітіп бергізді.

* * *

1992 жылы Ресейдегі баға босатылуына орай, біз де солай еттік. Осы сәтте тамақ өнімдерін қымбаттатуға халықтың наразылығынан қорыққан Терещенко үкіметі ауыл шаруашылығы өнімдеріне мемлекеттік тапсырыс пен өнім бағасын 1994 жылға дейін босатпады. Бұл саланың күрт құлдырауына алып келді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер өнім өндіруге керекті тауарларды босатылған бағаға сатып алуға мәжбүр болды. Мысалы, тракторлар, құрал-сай­мандардың, тыңайтқыштың бағасы 4000 есеге дейін өсті. Ақшаның теңгеге көшірілуі де әлі қалыптаса алмай тұрған кәсіпорындарға салмақ түсірді. Бұларды сатып алу мүмкін болмағандықтан 1997 жылға қарай жаңа трактор сатып алу 40 есе, астық комбайндары – 74 есе, жүк машиналары – 98 есе қымбаттады. Егістік жерге минералдық тыңайтқыш енгізу 1990 жылы орта есеппен бір гектарға шаққанда 29,8 кг. болса, 1997 жылы 0,19 кг болды. Ауыл шаруашылығы жұмсалатын қаржы көлемі 15 есе азайды. Нәтижеде егістік өнімділігі төмендеп, мал басы кеміді. Астықтың орташа өнімділігі бұрын 10-12 центнер болса, 6 – 6,5 центнерге төмендеді.

1-2 кестелерде еліміздегі егіншілік және мал шаруашылығының 1990 және 2015 жылдардағы салыстырмалы көрсеткіштері берілді. 

1995 жылы еліміз 300 млн долларға азық-түлік өнімдерін сатып алды. Нақ сол жылдары халықтың зейнетақысы, жәрдемақысы, айлық жалақысы төленбай жатты. Зейнетақы реформасын жүргізу үшін 1996 жылы халықаралық қаржы ұйымдарынан 100 млн доллар қарыз алдық. Осылайша, бір қолымызбен бердік, бір қолымызбен алдық. Халықтың тамақ өнімдерін тұтыну көрсеткіштеріне келсек, ол бізде соңғы 5 жыл ішінде орташа 67-69 кг болды. Бұл көрсеткіш АҚШ-та 125 кг., Австрияда 121, Испанияда 110, Ресейде – 60,3, Беларуста – 72, Өзбекстанда 26 кг. ФАО (Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы) сырттан келетін азық-түлік тауары 16 пайыздан көбеймеуі тиіс дейді. Қазіргі заманғы халықаралық нормалар азық-түлік өнімдерінің импорты 30 пайыздан асуы өте қауіпті деп тұжырымдайды.

* * *

Бізде «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» заң жоқ. Осы мәселеге байланысты кейбір заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ғана бар. Саясат пен экономиканың түйіскен тұстарына қатысты зерттеулер жасап жүргендіктен, әрине, баяндамалар мен сөйленген сөздерде көрсеткіштерді барынша жұмсартып, тиімді тұрғыдан ғана (мәселен, былтырғы жылмен салыстырып немесе өткен жылдардың бірімен ғана салыстырып) нақты жағдай жасырылып жататынын түсінемін. Бізге тұрғындарымызды уайымға түсіре беруге болмайтындықтан, бір кездері жақсарып кетеді деген үмітпен алдарқату жағдайларының болып тұратыны дұрыс та. Бірақ, барлық көрсеткіштерде бірдей болмаса да, кейбір көрсеткіштерге оқтын-оқтын сын айтып, нақты жағдайларға талдау жасап тұрған да дұрыс. Біздің тамақ өнімдерін қайта өңдеу мәселесінде де кемшілігіміз бар. «Атамекен» Ұлттық палатасының мәліметіне қарағанда біздегі шұжық өнімдерінде ет өте аз, 20-50 пайыз аралығында, ресейлік өнімдерде бұл көрсеткіш 50-70 пайыз.

1998 жылдың қорытындысы бойынша өткен Ауыл шаруашылығы министрлігінің коллегиясында вице-министрлердің бірі: «Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен тамақ өнімдері бойынша тұрғындардың төлемқабілеттілігі толығымен қанағаттандырылды» деп мәлімдеген. Осы орайда, әдепті мәде­ниеттанушы Мұрат Әуезовтің елдің билік тармақтарының бірінің басшысы туралы айтқаны есіме түседі: «Бұл басшы азық-түлік дүкеніне барып сатып алушыдан: барлығы жеткілікті ме? – деп сұрайды. Осыларды сатып алып тұратын ақшаң бар ма деп сұрамайды» деген еді. Екеуі екі түрлі.

Реформаның бастапқы 10 жылында ауыл шаруашылығы өндірісі 2,5 есе қыс­қарды. Қазақстанда азық-түлік өнімділігі АҚШ-тан 3 есе, Еуропадан 2 есе төмен. Та­­биғаты барлық жағынан ұқсас Канадамен салыстырғанда бізде өнімділік 4 есе төмен. Мұншалықты айырмашылық болуы аграр­лық ғылымның нәтижесіздігі мен са­­ла­дағы  еңбек өнімділігінің төмендігінен деуге болады. Ғасыр басына қарай біздің елі­мізде 22 пайыз халық ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Сол кезде, БҰҰ Даму Бағдарламасының мәліметі бойынша Қа­зақстанның экономикасы 50 пайыз өсті, оның 9 пайызы ауыл шаруашылығына қатысты болды. Ол көрсеткіштер бүгінге дейін сол дейгейден астық өндірісіне қа­тысты ғана аздап өсті, басқалары сол дең­гейде қалып тұр. Ауылдағы шаруаның табысы қала тұрғындарының табысынан екі есеге жуық аз. Осы мәліметте барлық жұмыссыздардың 23 пайызы ауыл үлесінде екені де көрсетілген. Ауыл шаруашылығы саласындағы жекешелендіру, қайта өңдеу кәсіпорындарының бір қолға кетіп қалуы, меншіктің әділ және адал бөлінбеуі жайында да көптеп айтуға болар еді. Оны қанша әдемілеп айтқанмен ештеңе өнбейді.

* * *

Біз экономика саясаттың да, мәде­ниеттің де негізі екенін түсінетін уақы­тымыз болды. Ол шын мәнінде мемле­кеттің, қоғамның, әрбір нақты адам мен оның отбасы өмірінің негізі. Өйткені, экономикамен байланысты емес сала жоқ, қай мәселе болмасын, шешімі экономикаға тәуелді. Оны шешу үшін елде қуатты, осы мәселелерді шешуге қабілетті экономика құрылмаса, ең биік құндылықтар санайтын – еркіндік пен демократия, халық игілігі деген сөздердің өзі бос сөзге айналып қалады. Өткенге қайтуды көксей бергеннен де ештеңе шықпайды. Осы жылдардағы басып өткен жолдарымызға ойша назар салып қарасақ, ең шешуші міндет – экономикалық қатынастар түбегейлі өзгертілді. Мемлекеттік қамқоршылдықтың ескі жүйесі күйретіліп, мемлекет иелігінен жекеменшікке өтуге, жоғарыдан команда кү­тіп отыратыннан немесе «Құдай жеткізер» деген масылдықтан барынша арылуға, жауап­кершілік пен кәсіпкерліктің жаңа үлгілерін енгізуге көштік. Елбасы өзінің 1997 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Адамдардың өмірінде шарықтау сәті бар, ол, егер дұрыс пайдалана білсе, табысқа жеткізеді. Егер, оны қолдан шығарып алса, онда одан кейінгі жол қайраңға малтығып, тайғақ кешумен ұласады» деген Шекспирдің сөздерін келтірген еді. Бүгінгі дағдарыс кезінде бұл сөздер есімізге қайта-қайта түсуде.

Ауыл шаруашылығын қорғамасақ болмайтыны басы ашық мәселе. Жеріміздің кеңдігінен, тасымалдың ұзақтығынан біраз қиындықтарға тап келіп отырмыз. Оңтүстік Қазақстанда жылыжайларда өндірілген қызанақтың бір келісі 17 теңгені құрады. Сол кезде Астана төңірегінде жылыжайда өндірілген қызанақтың бір келісі 45 теңге болды. Қытайдан келген қызанақтың бір жылдық орташа бағасын есептейтін болсақ, оның бір келісі 30 теңге. Осы өнімді біз базардан қыстыгүні әр килосын шамамен 600 теңгеге, жазда 120-200 теңгеге дейінгі бағаға сатып алып жүрміз. Өз өнімімізді көптеп шығара түссек баға міндетті түрде төмендер еді. Өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдардың көптігі, алыпсатарлардың арсыздығы мен тойымсыздығына тоқтам болар еді.

* * *

Ауыл экономикасын көтеру мүмкін­дігінің ең басты бағыты – суармалы жерлерді пайдалану. Бізде 2 млн 400 мың гектар суармалы жер бар. Соның 40 пайызы осы ширек ғасыр ішінде айналымнан шығып қалды, ол жерден өнім алу мүмкіндігінен айырылдық. Ол жерлер батпақтанды, су жетпей шөлейттенді, азып-тозды. Мысалы, бұрын Шудың суы Мойынқұмға дейін жететін еді. Ол Аспараның төңірегінен аса бере, таусылып қалып жатыр. 

Бізге келетін судың басым бөлігі сырттан келетін 4 өзеннен келеді. Сырдария өзенінің суы Қырғызстанда бас­талып, Тәжікстан мен Өзбекстан арқылы оңтүстікке жетеді. Суаруға су зәрлі кезде олар бізді шөміштен қысады, өздерінен артылғанын ғана береді. Өзендердің суын пайдалануды ретке келтіретін ха­­лық­аралық келісім-шарттарға Өз­бек­стан мен Қытай мемлекеттері қол қоймай отыр. Еліміздегі су көздері көлемі жет­кіліксіз бола бастағанына қарамастан, біз осы ресурсты үнемді әрі ұқыпты пай­далануға да бейім емеспіз. 

Суармалы жерді сақтап қалуға барынша тырысқанымыз жөн. Бір-ақ мысал. Суармалы жердің бір гектары тиімді пайдаланылса бір отбасын асырайды. Сонда, 1 млн 400 мың гектар жер 1,4 млн отбасының өмір сүруін қамтамасыз етеді. 1,4 млн отбасы дегеніміз 5 млн адамды құрайтыны анық. Ал, 3 млн болса, онда ең азы 10 миллион адамға күнкөріс болады. Осы тұрғыда суармалы жерлерді қалпына келтіруде мемлекет тарапынан қолдау әлі де болса өз деңгейінде болмай тұр деп ойлаймын. Өйткені, оның аса құнды екенін ешкім нақты сезіне алмай келеді. 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтитын мемлекеттік бағдарламаның суға қатысты бөлігінде «пәлен гектар суармалы жерді қалпына келтіру керек, оған мынадай көлемде қаржы жұмсалады» дегендей бап не тармақ жазылмаған. Бұл өте ескерілмеген жайт. Аталған салаға деген көзқарастың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Біз мұнайымыз, астығымыз, көміріміз бар деп мақтанайық, бірақ, халықты тойындыру, жұмыспен қамту керек болса, суармалы жерлерді толық қалпына келтіріп, тиімді пайдалануға баса көңіл бөлгеніміз жөн. Оған қоса тың жерлерден, өзен-көлдердің жағаларынан жаңа суармалы алқаптар ашуымыз керек. Сондай мүмкіндікті жасай алсақ, үлкен жетістікке қол жеткіземіз және халқымыздың біраз бөлігін жұмыспен және табыспен қамтамасыз етеміз. Осындай кезде ауыл шаруашылығы министрлігінде суармалы жер мәселелерімен айналысатын бөлім, тіпті, суармалы жердің жағдайын жетік білетін мамандардың жоқтығы да ойланатын мәселе.

Кеңес өкіметі кезінде мынадай бір саясат болған еді. Қант қызылшасын егіп өсіру сырттан сатып алғаннан тиімсіз екенін көріп-біліп отырса да, халықты жұмыспен қамту үшін қант қызылшасын еккен болатын. Ол кездегі өкімет те ақымақ болмаған ғой. Енді, ширек ғасыр ішінде біздің елдегі қант қы­зылшасы егілген жер көлемі 43,6 мың гектар орнына 2,7 мың гектарға дейін, яғни, 16 есе азайды. 10 жылдай қант қызылшасының әр гектарына 80 мың теңгеден беріліп тұрған субсидияның да қызылша егістігін молайтуға септігі тимеді. Көптеген өңір­лерде суармалы жерлерді қалпына келтіретін болсақ, ол ауылдардың тұр­ғындары ірі қалаларға, әсіресе, Ас­та­наға көшпейді, өздерінің ауылдары кентке, кенттері қалаға айналады. Бүгінгі таңда тұрғындардың аз жылдар ішінде толассыз көшіп келуі елордамызға үлкен қысым жасап отырғаны жасырын емес. Осы жағының бәрін есептеп, өмір сүруіміз керек. Ауыз суды үнемді пайдаланудың нәтижелі әрекеттерге сай болуы біршама жақсарды. Ал, ағынды суды пайдалану бағытында өнімділік пен тиімділік аз, бірақ, суды көп шығындайтын дақылдардың көлемін біртіндеп қысқартып, оларды енді көкөніс, майлы және жем-азық өнімдеріне ауыстыру қажет.

Елдегі стратегиялық құжаттар мен бағ­дарламаларда, Елбасы сөздерінде ел да­муының басым бағыттары көрсетіледі. Бізде басым бағыт ретінде әуелі тұрғын үй құрылысын, одан кейін жол құрылысы белгіленді. Менің пікірімше, еліміздің алдағы ұзақ мерзімдегі болашақ басым бағыты ауыл шаруашылығын дамыту, сол арқылы агроөнеркәсіптік кешеннің барлық салаларын өркендету болуы тиіс. Олай топшылауыма себеп – бүкіл әлемде азық-түлік тапшылығы жыл санап үлкен проблемаға айналуда, адамдардың кедейлігінен және қол жетімді тамақ өнімдерінің тапшылығынан мәселе тым тереңдеп жатыр. Осы орайда бұл бағыт қай мемлекет болса да ең басты басымдыққа ие болады. Қазақстанның кең көлемдегі жері мол азық-түлік өндіруге мүмкіндік береді. Оңтүстік Қа­зақ­стан облысында суармалы жер 516 мың гек­тар, өңірде 3 миллион тұрғын бар. Халық көп жерде проблема да көп. Әлеуметтік қор­ғау шараларына қаржы жеткізу көп күшті талап етеді. Сондықтан, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция көлемін арттыруға, жаңа технология енгізуге тырысуымыз қажет десек, бізде алдыңғы кезде суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға жет­кізу мүмкіндігі бар. Ол үшін істен шығып жарамсызданып, сорланып, батпақтанып, су тапшылығын көріп пайдаланудан тыс қалған 1 миллион гектарды қалпына келтірумен бірге жаңа суармалы алқаптар ашуымыз қажет. Осыны жүзеге асыра алсақ – үлкен же­тістік осында. Атқарылып жатқан істер баршылық: тамшылатып суару, жылыжайлар арқылы өнімді тұрақты түрде арттыру жақсы жүруде. Дегенмен де, кейбір суармалы жерлерде қолдан жасалған кемшілік орын алған, базбіреулер ірі көлемде жер алып, игермей, жыңғыл басып жатыр. Мұны көргенде жүрегіміз ауырады. Осыны ретке келтіру шараларын тез арада қарап, қалпына келтіруді қатаң түрде талап етуіміз керек. 

Сырдария өзенінің сол жағалауын бой­лап 70-80 мың гектар жаңа суармалы жер ашу мәселесі әр кезде айтылып қалып жүрген. Соны жүзеге асырсақ 200 мың адам жұмыспен қамтылады, әр гектар орта есеппен 1,5-2 мың доллардан табыс әкелсе, облыс бюджеті байиды. Жалпы, облыстағы суармалы жерді 1 миллион гектарға жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл жоспарымыз­ды «2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамыту Бағдарламасына» енгізіп, бас­тап жіберуге жабыла күш салуымыз керек. Тұрғындары мол, қазағы көп Оңтүстіктің бақыты мен бағы осында. Осы орайда, тағы бір мәселені айта кетелік. Ауылда бұрынғыдай еңбек ете беруге бейім жұмысшылар, малшылар, қой­шылар, тракторшылар, т.с.с ауыл ең­беккерлері  өте азайып кетті. Бұрыннан жалдамалы адамдарды жұмсауға бейім қазағымыз әлі де солай, асырмаса азайт­қан жоқ. Алматыда, Астанада, облыс орталықтарында тұрып ірі жерлерді иеленіп отырғандар бар. Оны қызғануға болмайды, егер, жерді азғындатпай, онды еңбек етіп жатқандардың ақысын жемей, кәсіпкерлікті адал ұйымдастырса. Қорғансыздығын пайдаланып, ақысын бермей, зар еңіретіп кететіндер бар. Әсі­ресе, өзге елдерді аяусыз пайдаланады. Ста­тистика мәселесінде де абай болуға тиіспіз. Құжатта бар, өмірде жоқ өнім мен мал саланы бағдарлауға, болжауға залалын тигізеді. Осындай жағдайды қолымызбен ұстап алмағанымызбен, бар екенін ішіміз сезіп сыпайылап отырмыз.

* * *

Қазақстан ет және сүт өнімдері бойын­ша аса ірі экспорттаушы ел атануы мүм­кін. Елбасы сыртқа сатылатын еттің кө­ле­мін 60 мың тоннаға жеткізсек, 4 миллион тонна астық сатқанмен бірдей табыс болатынын айтып, нақты тапсырма берген. Іс жүзінде барлық облыстар мен аудандар мал шаруашылығын дамыту үшін қолайлы табиғи-климаттық жағдайларға ие. Сонда да, нарыққа көшкен жылдар ішінде елдегі ірі қара мал саны 1,65 есе, қой саны 2 есе азайып кеткені 2 кестеден көрініп тұр. Сондықтан да, мемлекеттік органдардың міндеті – жайылымдарды тиімді пайдалану, инфрақұрылымды дамыту, кредиттік ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету. Агрокешенді дамытуда түпкі мақсат жаңа өндеуші кәсіпорындардың желісін дамыту болуға тиіс. Ал, мұның өзі шағын және орта бизнесті дамыту негізінде жүзеге асуы керек. Осы орайда, бір ауыз пікір қосқымыз келеді. «Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау туралы» заңның қабылданғанына 20 жыл болды. «Шағын», «орта» деп бірге айтатын кезден шығуымыз қажет, яғни, екеуінің қолдау шараларын екі айырып қарастыру керек. Неге? Өйткені, шағын бизнес көп жағдайда орта бизнестің тасасында қалып қоюда. Шағын бизнес пен орта бизнесті қолдау бағдарламасы бойынша 2015 жылы кәсіпорындарды қаржылай сауықтыру қаржылары 20 ірі агрофирмаларға бөлініп берілгені бір жазба ақпаратта жүр.Үкіметтің де, банктердің де қолдау десе орта бизнеске бүйрегі бұра береді. Агроөнеркәсіптік кешенді несиелеу көлемі де жыл санап төмендеп жатыр, 2015 жылы 603,5 млрд теңге болды. Мұнда да шағын бизнес үлестерін ала алмауда.

Басында идея неде еді? Затын сөреге қойып сатып отырған жеке кәсіпкерді шағын бизнес өкілі етуге жеткізу, ша­ғын бизнесті орта бизнеске жеткізу, орта бизнесті ірі бизнеске өсіру емес пе?! Мақ­сат солай болғанымен, өмірде бұл тіз­бек басқаша өрбіп тұр. Ауыл шаруа­шы­лығындағы сақтандыру мәселесінің де жолы болмай жүр.

Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингі деген бар екені белгілі. Ол облыстарда да жасалады. Соның негізгі көрсеткіші – ішкі өңірлік өнім деңгейі. Бұл көрсеткіште алдыңғы 10 орынның сегізін жер асты байлықтары бар облыстар иеленген. Екеуін Алматы қаласы – 2 орын (жан басына шақ­қанда 16500 доллар), Қостанай облысы 10-орын (4700 доллар) иеленген (3 кесте). Алматы қаласы – осы жетістікке сауда ар­қылы, Қостанай – бидайдан мол өнім алу арқылы жетіп отыр.

Осының екеуін  де  дамытуға Оңтүстік Қазақстанда мүмкіндік бар – сауда жа­сауға тұрғындар әбден бейім, бидай орны­­­на мақта мен көкөніс бар. Ал, облыс рейтингте – соңғы 16 орында (2700 доллар), Қостанай облысынан 1,75 есе, Алматы қаласынан 16 есе аз. Бұл бізді ойландыруға, жігерленуге, жұмысты дұрыс ұйымдастыруға жетелеуі тиіс.

Осы кестеде тағы бір ойландырарлық мәселе бар. Мұнда ауыл шаруашылығына жұмсалған негізгі капиталдағы инновация көлемі көрсетілген. Мұнда соңғы орындарды Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Ақмола облыстары иеленіпті. Ал, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарының көр­сеткіштері жоғары. Бұл аталған төрт облысқа сабақ болуы тиіс. Неге ішкі өңірлік өнім салыстырмалы түрде жоғары болған Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарына инновация енгізу нашар болуы тиіс?!

* * *

Жетістікке жетуіміз үшін мемлекет те, Үкімет те, халық та бәсекеге қабілетті болуы тиіс, Елбасы солай деп нақты айтқан. Біздің еліміз – бәсекеге қабілетті, өйткені, оның байлығы мол. Үкімет те бәсекеге қабілетті са­налып келеді, себебі, кім басқарса да, қаржы жетіп тұрды. Енді, халық бәсекеге қабілетті болуы керек. Біздің халқымыз еп­теп артта қалып тұр. Ақпарат басқа бол­ғанымен нақты жағдайда кедей отбасылар да, жұмыссыздар саны да көп. Соң­ғы жылдары өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр­ғандар  деген  ұғым  қалыптасты.  Бұл көзді алдайтын көрсеткіш. Бізде өзін-өзі қамтығандардың саны 2 млн 300 мыңдай. Осы категорияға жататындардың оннан тоғызының есігінің алдында 10-15 сотық жері бар, бір-екі ұсақ малы бар, соған қарап отырған шығар-шықпас жаны бар деуге болады. Суармалы жері болса жақсы, көкөніс, жеміс, жүзім не болмаса жүгері, жоңышқа егеді. Таудың етегі болса, малын жаяды. Ал, ештеңе өнбейтін, суы жоқ жер болса қайтеді? Үй іргесіндегі жерден табыс алып қана, өмір сүріп жатқандар ертеңгі күніне қажетті артық қаржы не пайда таба алмайды. Біз баяғыдан отырықшылық қалыптасып қалған өзбектерше әр ауылда шағын базар ашып, бір-бірімізге етімізді, сүт-айранымызды, алмамызды сатуды үрдіс етпегенбіз. Оған қоса, әлемдік қалыпқа (стандартқа) қарасақ, тапқан табысымызды үшке бөлуіміз керек. Біріншісі – бүгінгі күнге, екінші бөлігі – адам жа­ны­ның рахаты үшін, яғни, демалысқа баруға, ел аралап қыдыруға немесе жай­лы үй салуға, жақсы автокөлік алуға ар­­налмақ. Ал, үшінші бөлігі – ертеңгі күнге. Қазір бізде табыстың 80-85 пайызы бү­гінгі күнге кетіп жатыр.

* * *

Нарық қатынасына көшкелі бері Үкімет ауылды мемлекеттік қолдаудың түрлі жолын қарастырды, әлі де ізденіс үстінде. Еге­мендік алған жылдары барлық ауыл ша­руашылығы кәсіпорындарының мемлекет алдындағы қарызы кешіріліп, сол кезден бастап алынған қарыз қайтарымды болуы жоспарланды. Ол қарыздар да қайтпады, оны Парламент бірнеше рет кейінге шегерді. 95-жылдары мемлекеттік қаржылай қол­дау аудан әкімдеріне жүктелді. Ел эко­номикасының жағдайы қиындау кезде бөлінген қаржы шаруа қожалықтарының бәрін қолдауға жетпеді, аз қаржы тамыр-таныстан, жақын-жуықтардан артылмады. Мұны байқаған Үкімет ол қаржыны облыс әкімшілігі арқылы үлестіріп көрді, ондағылар жер-жердегі нақты жағдайды біле бермегендіктен және олар да сенімділерді өз таныстарынан іздегендіктен жаңағы қателіктер қайталанды. Сосын, үкімет аса зәру зат­тарды: егілетін дақыл тұқымын, ты­ңайтқыштар мен химикаттарды арзандатып беруді қолға алды, сатып алу мен үлестірудің арасындағы шығынды мойнына алды. Ол да толық қайтарым бермеді. Барлық жерде сана факторы алға шыға берді. 2006 жылы шаруалардың әрбір гектарына субсидия беру заңдастырылды. Ол да баяғы социалистік теңгермешіліктің қайталануы еді. Қолымды көкірегіме қойып айтар болсам:  шаруалар сол қаржының басым бөлігін жерді сақтауға, тоздырмауға, жерге еккен дақылдарын күтіп-өңдеуге жұмсаған жоқ. Қаржыны жылына бір рет емес, сатылап та берді, ол ақша тым аз болып шықты да ештеңеге жетпеді, сөйтіп, ақша алған сәттегі күн­делікті тіршілікке, той мен құдалыққа жұмсалып кетіп жатты. Ақшаның көзі жоқ, қанша бар болса, сонша кетеді. Осы заң мәжілісте талқыланған кезде онда заңгер едім, бұл субсидия мақсатты жұмсалмайды деп қарсы болдым. Бізден гөрі айтқан сөзі өтімді депутаттар Чиркалин мен Трошихин өз дегендерін жасады. Бұл орайда, реттелуі қиын бір мәселе бар: субсидия барлық субъектілерге жетпейді. Сондықтан, оны «таңдаулыларға» ғана беруге жол ашылады.

Қазір Үкімет субсидияның тиімсіз пайдаланылып жатқанын байқап, бұл тәсілден бас тартып, кім құрал-жабдық алар болсақ, соған беріледі деген шешім шықты. Бұл тәсілдің прогрессивті жағы бар, ол – шаруаларды бірігуге итермелейді. Суармалы жердегі қарамағында 2-3 гектар жері бар шаруаға, егер басқалармен кооперация жасамаса, бұл қолдау жәрдем бере алмайды. Бізде кооперация жолымен бірлескендер саны 1,33 пайыз ғана. Бұл АҚШ пен Францияда 100 пайыз, Испанияда 120 пайыз, Нидерландыда 140 пайыз.

Ауылды дамытуға қатысты әңгіме болса, мемлекеттік қолдау шаруаларға нақ­ты жетпейді деген әңгіме де рас. Елде 173 мыңдай ауыл шаруашылығы құ­рылымдары бар, оның 165 мыңы шаруа қожалықтары. Үкімет немесе жер­гілікті билік олардың әрбіріне жеке-жеке барып, ақша үлестіруі мүмкін емес қой. Осылай ұйымдасуын қалайтындар көп. Социализм кезіндегідей болса дейді. Бірақ, ол мүмкін емес. Өйткені, алған несиенің қайтарым тәуекелі деген бар, ол барлық қожалықтарда бірдей емес. Мемлекет берген ақшасы қайтарымды болуын қадағалайды. Ол үшін кепілдік мүлік талап етеді. Оны қойып қаржы алуға көп қожалықтардың шамасы келмейді. Сосын, өкпелейді. Өкпелілер, әсіресе, халық жиі орналасқан суармалы өңірде көп. Сондықтан да, үкімет органдары ұсақ шаруаларға бірігуді ұсынады. Оны да ұйымдастыру оңай болып жатқан жоқ, оған бірнеше себеп бар: біріншісі, шаруалар жері өте аз болса да, өздерін меншік иесі ретінде сезініп қалды, біріксек жер­ден айрылып қаламыз ба деп қорқады. Екіншіден, табыс жоқ деп қанша айтса да, жыл сайын ұқыпты шаруа табыссыз қалмайды, сол табысты да ала алмай қаламыз ба деп уайымдайды. Оған негіз бар, астықты өңірлерде жерлерін ірі кәсіпорындарға беріп, бірігіп жұмыс жүргізіп жатқан шаруалардың ішінде өздеріне тиесілі дивидендін толық алып жатқандар өте аз. Үшіншіден, заңдарға сәйкес ша­руа қожалықтарының бірігуі ерікті түрде ғана жасалуы тиіс, бірігу үшін жердің иелігіне, табыс бөлісіне қатысты нақты кепілдіктер берілетін және бірлескен құрылымдардың жұмысын реттейтін заңнамалық жетілдірулер керек.

«ҚазАгро» холдингі бұрын ашылған бірнеше акционерлік қоғамдарды біріктіріп, ауылға бөлінетін қаржыны реттеуші басқарушы орган ретінде 2006 жылдың соңында құрылды. Оның құрамына 7 акционерлік қоғам біріктірілді. Бұл мекеме құрылғалы ауылға бағытталған қаржы ағыны реттеліп, бір жауапкершілік аясына көшті. Осы жаңа даму институты ашылғалы үлкен көлемде қаржыландыру жүйелі жасалды. Бұл – жақсы жағы. Нашар жағы – адам факторы. Көп қаржының, несиесі төмен қаржының құмарлары да көп. Біреулері сұранады, біреулері талап етеді, біреулері зорлайды. Басқарып тырған үлкенді-кішілі басшылардың да өңеші бар. Бүгінгі 20 пайызды шамалап қалған қайтарылудан күдер үзілген немесе қайтарымы қиын несиелер соның нәтижесі. Дегенмен, жақсысы көп, оның бастысы – бір жерден басқарылатыны мен жүйелілігі. «ҚазАгро» арқылы министрліктің ветеринария саласын қалпына келтіру үшін жасап жатқан ісі аса құптарлық.

* * *

Ауыл шаруашылығы министрлері ауысқан сайын мекемелердің бірі келіп, бірі кетіп жататыны жөн емес. Орман, балық және су шаруашылықтары екі рет Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне барып кері қайтты. Бұл залалды. Су ресурстары комитетін ешқашан ауыл шаруашылығынан алыстатуға болмайды. Себебі, бұл комитет негізінен ауыл шаруашылығына және су пайдаланатын өндірісшілерге қызмет етеді және ауылдық аумақтар шегіне дейін су жеткізіп береді. Біздің 60 пайызға жуық суымыз сырт мемлекеттерден ағып келеді, кейбірі бізден асып әрі кетеді. Осындай тапшылық кезінде су ресурстарына жауап беретін мекемені ойыншық етуге бола ма?!

Жер дауы үлкен мәселе болған кезде бір-ақ байқалды, жер ресурстары мәселесі Ұлттық экономика министрлігіне ауыс­­тырылыпты. Бұл алдын ала ауыл ша­руа­шылығы жерін сатуды тездетуге ба­ғытталған әрекет деуге келеді. Ауыл ша­руа­шылығы жерін жеке меншікке сату туралы түрлі даулармен, келіспеушіліктермен 2003 жылы қабылданды. Содан бергі 10 жыл ішінде (2014 жылдың басына) 1 млн 115 мың гектар жер 17,6 млрд теңгеге сатылды.  Барлық жер көлемінен 704 мың гектар жер жеке тұлғаларға, 411 мың гектары заңды тұлғаларға сатылды.Ауыл шаруашылығы жерінің 97,8 млн гектарына (98,8 пайызы) ұзақ мерзімді жалға берілген, 1,2 пайы­зы жеке меншікте. Өзара саудада түрлі келі­сімдер негізінде 78 мың жер учаскесі бір қолдан екінші қолға өтті. 2012 жылдан бері 98 млн гектар жерге инвентаризация жасалды, пайдаланылмай жатқан 7,4 млн гектар келетін (оның ішінде 943 мың га егістік жер) 19 мың жер учаскесі анықталды. Соның 91 пайызы шаруа қожалықтарының үлесінде. Демек, жеке тұлғаларды өбектей бермей, талапты қатаңдату да керек. Алып бара жатқан ештеңе жоқ деуге де болады. Біз көпукладты ауыл шаруашылығын қалыптастыру үшін жеке меншікті де қатар дамытуға баруымыз қажет. Жоғарыдағы ресми ақпаратқа сенсек, жеке меншікке сатылған жер көлемі қатерлі емес. Бірақ, ауыл шаруашылығы жері мүлік пе меншік пе? Осы мәселе бойынша қоғамда да, ғылымда да, билікте де бірыңғай түсінік жоқ. Бұған пікірталас туғызып, бір жөнге келтіруге тырысып жатқан ешкім жоқ. Жерге қатысты шудың бір басы осында. «Қараңғы адамды басқару оңай» деген тұжырым бар, бірақ, елдің тағдырнамалық мәселелерінде олай етуге болмайды.

* * *

Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасов 1918 жылы Омбы политехникалық инс­титуты жанындағы кооперация курсын бітіре сала оқытушылар даярлайтын курста кооперация қисынынан дәріс береді, одан соң біржарым жылдай Батыс Сібір кооперативтер бірлестігінде қызметте болады (Оқыңыз: Смағұл Садуақасов жөнінде арнайы мақала жаздым.«Ақиқат» журналы №2, 2013). Кооперация жайында Смағұлдың ай­татыны – күшті, білімді, қаржыны кооперациялау нәтижесінде егін салушы ешкімге жалынбастан бірлесіп комбайн сатып алып, бірге пайдаланады, комбайндары ұйымға кірмегендердің егінін орып қаржы табады, оған жанар-жағармай, керек бөлшектер сатып алуға, тракторшыға еңбекақы төлеуге болады, – дегені күні бүгінге дейін өзекті және лайықты орындалған емес. «Саудагерге жегізбейтін де айла бар. Ол айла – кооперация. Кооперацияның бір негізі – сауданы ұқсату. Кооперация саудагердің өз қаруын өзіне жұмсайды. Халық кооперация арқылы өз саудасын саудагерге істетпейді, өзі істейді. Халықтың сайлаған адамдары қаладан топтап өз бағасымен нәрсе алып келеді. Ол арзанға түседі. Өнімін де саудагер сатпайды, өзі сатады. Сөй­тіп саудагердің көрген пайдасын ха­лық көреді», – дейді Смағұл.

Кооперацияны қолдау суармалы өңірде аса керек. Оңтүстіктегі мақташылардың өнім алуы көп шығын жұмсауды талап етеді, оған шаруаның шамасы келмейді де, жан-жақтан несие алады, кейін алған өнімінің құны қарыздарды қайтаруға бірде жетеді, бірде жетпейді. Басында кооперацияны өмірге енгізу жолында үкімет біржақты ғана бағытты ұстанды, яғни, тұтыну кооперациясы негізінде құрылуға жоспарланған коммерциялық емес кооперативтерді қолдады. Бұл заң қабылданған кездегі Азаматтық кодекс бойынша мемлекет коммерциялық емес ұйымдарды қолдай алмайтын еді. Ауыл шаруашылығына кооперацияны енгіземіз деп коммерциялық емес кооперативтерге мемлекет қолдау көрсете алатын бап енгізілді де, селолық тұтыну кооперативтері құрыла бастады. Бір қызығы мұндай кооперативтерді ҚазАгро арқылы және екінші деңгейдегі банктер арқылы мемлекет есебінен қаржы алуға ниеттенгендер ғана құрды. Бұған үкімет мән берген жоқ. Сондықтан, коммерциялық ұйым есебінен несие алу үшін шаруа қожалықтарымен бірге өндірістік кооперативтер де құрамына кіріп, күтпеген жағдайлар болды. Осылайша, жалған селолық тұтыну кооперативтері құрылып, «ҚазАгродан» қаржы алып, егіншілік пен мал шаруашылығына салудың орнына, алыпсатарлыққа жұмсады немесе қаржы қайтпай жатыр.

Біздің елімізде қазір 85 пайыз кәсіп­керлер алыпсатарлықпен айналысатынын айтсақ те жеткілікті. Ауыл шаруашылығында өндіріспен айналысуға ешкімнің құлқы жоқ, себебі, онда тауар айналымы жылына бір рет қана келеді. Сондықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына сатып алып қайта сатушылармен салыстырғанда ерекше қолдау қажет, мәселен несие пайызын әрі кеткенде 4 пайыздан асырмау, салық алуды ай сайын емес, жылына екі рет – 15 қазанда және келесі жылдың 15 сәуірінде ғана алуды енгізу қажет. Бұдан да жақсы мысалдар Еуропаны былай қойғанда Қытай мен Белоруста бар.

Ауыл шаруашылығы кооперациясының бүгінгі жағдайына келсек, 2015 жылы 29 қазанда «Ауыл шаруашылығы коопе­ративтері туралы» заң қабылданды. Бұл заңды талдау ұзақ мәселе, оның кейбір кемшін жақтарына ғана тоқталамыз.

1) Заң  «Ауыл шаруашылығы коопера­тивтері туралы» деп аталғанымен онда бір ғана кооператив түрі туралы айтылған. Нақты дәлел: Заңның 5 бабының 1 тармағында: «бірлескен өнді­рістік және (немесе) өзге де шаруа­шылық қызметті жүзеге асыру үшін жеке және (немесе) заңды тұлғаларды ерікті түрде біріктіру жолымен мүшелік негізінде құрылатын өндірістік коопе­ративтің ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады» деп жазылған. Сондықтан Заң «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» деген атауға лайық емес, онда бірнеше кооператив жоқ.

2) Заң бастапқы жобасында: «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» деп аталса керек. Кейін талқылау барысында бұл атау өзгертілген шығар. Олай деуге негіз бар: заңның 2 бабының 7 – тармақшасында: «ауыл шаруашылығы кооперациясы – ауыл шаруашылығы кооперативтері мен олардың қауымдастықтарының (одақ­тарының) жүйесі» деп жазылған. Заң­ды оқып қарағанда, заң тек ауыл ша­руашылығы кооперативін ғана емес, олардың бірлестіктерін де қамтитынын кө­реміз.

Бұл екі дәлеліміз заң қабылдану кезінде бірге күшін жойған заңдардың атауларынан қашқақтаудан туындаған деп ойлаймын («Қазақстан Республикасындағы селолық тұтыну кооперациясы туралы», «Су пайдаланушылардың селолық тұтыну кооперативi туралы»).

3) Заң ауыл шаруашылығы кооператив­терінің тек коммерциялық түріне ғана арналған. Дәлел: 5 баптың 3 тармағында «Ауыл шаруашылығы кооперативі ком­мерциялық ұйым болып табылады, оның азаматтық құқықтары болады және Қазақстан Республикасының заңна­масымен тыйым салынбаған қызметтің кез келген түрін жүзеге асы­­руға қажетті, оның қызметімен бай­ланысты міндеттерді атқарады» делінген. Бұрынғы селолық тұтыну кооперациясы туралы заң күшін жойып және бұл заң тек коммерциялық ұйымға арналған соң,коммерциялық емес ұйымдарды ауыл шаруашылығы са­ла­сынан мүлдем жою мақсат болған де­ме­генде не дейміз?Кооперацияның Аза­маттык кодекске сай екі түрі болуы нақтыланғандықтан және әлемдік тә­жірибе солай болғандықтан мұны дұрыс болды деуге келмейді.

2016 жылдың 1 қаңтарына ЖІӨ-нің үлесінде ауыл шаруашылығының үлесі 7 пайыз. Бұл әлемдік көрсеткішке сай. Осымен тоқтаймыз. Мақала көлемі тым ұлғайып кетті. Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы арнайы зерттеу жасалуға лайық.

* * *

Соңғы 9 жыл ішінде бір қысқа, екінші ұзаққа созыған дағдарысқа тап болып отырмыз. Оның себебін айтып жатпасақ та түсінікті. Айтайын дегеніміз, дағдарыстың ауыл шаруашылығының дамуына әсері онша үлкен болмайды. Дағдарысты еңсеруге ауыл мен қала кәсіпорындарының келісім-шарт негі­зінде әріптестік тұрғысынан қарым-қа­тынас жасауы, тауарды сатып алушыға көлік­тік логистика жүйесінің қалыптасуы септігін тигізеді.

Біздің   ауыл    шаруашылығы     эко­номи­­касымен айналысатын ғалым­дарымыздың, Парламент депутат­тарының көбі қазақ­стандық заң­наманы жетік білмейді, талдамайды. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында қор­ғалған кандидаттық және докторлық дис­сертациялардың басым бөлігінде Ресей заңнамасына сілтемелер көп болатын. Бұл әлі де байқалып қалады. Бізде заңды түсініп оқу, оны елге жеткізіп насихаттау ісі нашар. 2005 жылы «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Бұл – өте тамаша заң. Оның бүкіл тұла бойы, әсіресе, 9,11-баптары ауылдағы кәсіпорындар мен шаруаларды қолдаудың нақты бағыттарын көрсетіп берген. Осы заңға сәйкес мемлекеттік реттеу мен қаржылай қолдаудың түр-түрі жасалып  келеді.  Бұл заңда көрсетілмеген ауыл шаруашылығын қолдауға жұмсалатын шығыстар бюджеттік талқылауларға қабылданбайды. Ал, «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне ауылдық елді мекендердің әлеуметтік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау жә­не ынталандыру мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 24 желтоқсандағы Заңын түрлі деңгейдегі мамандардан сұрастырғанымда ешкім жауап бере алмады. Бұл жай заң емес еді, онда «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауыл­дық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі, «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі, «Денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2003 жылғы 4 маусымдағы, «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мем­лекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңдарына өзгеріс енгі­зілген осындай  аса маңызды заңды бай­қа­май қалған.

«Қазақстан  Республикасындағы  жергі­лікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі бас­қару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2001 жылы 23 қаңтарда қабылданды. Бұл заң 1995 жылы 30 тамызда қабылданған қолданыстағы Конституциямыздың қоры­тынды ережелерінің 92 бабында атап өтілген «Конституцияда аталған заң­дар Парламент белгілейтін тәртіп пен мер­зімде, бірақ Конституция күшіне енген күннен бастап екі жылдан кешіктірілмей қабыл­дануға тиіс» деген талабынан 4 жыл кешіктіріліп қабылданды және бүгінге дейін өмірге нақты енген жоқ, тек декларация күйінде тұр. Егер, бұл заң онда белгілеген талаптарға сай қолданылса, онда ауыл әкімдері жергілікті тұрғындар арқылы сайланып, солардың мақсат-мүдделерін орындауға және ауыл экономикасын көтеруге тырысатын болар еді. Ауыл әкімдерінің өз бюджетін бөліп беріп, оларға жер салығы мен мүлік са­лығын беріп, өз бетінше әрекет жасауға мүмкіндік беруге болар еді. Қазіргі ауыл әкімдері ауыл экономикасына жүрдім-бардым ғана араласады, аппаратымен тек салық түсімдерін бақылап отырады. Олар «мемлекеттік билік кәсіпкерліктің ісіне араласпасын» деген талапты өз пайдасына түсініп, ештеңеге араласпайды, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне жауап берудің жоғарыға есеп беріп тұратын сәттерін ғана орындап отырады, өз тұрғындары алдындағы жауап­кершілікті сезінбейді.

* * *

Ауыл  адамдарының еңсесін бір кез­дері жеңіл түрде берілген несиелер ба­сып тастады, бүгінде елімізде 5,5 миллион адамның банктер алдында қарызы бар, оның 1,5 миллионы екі және одан да көп несие алғандар. Бүгінгі күнгі ауылдар мен қалалардағы проблемалар рейтингіне талдау жасаушы сарапшылардың айтуынша, ауылдардағы проблемалар рейтингі былайша: жұмыссыздық, алкоголизм, істейтін іс жоқ деп саналуы, кредит алу қиындығы, медициналық көмек­тің нашарлығы, халыққа қызметтің нашарлығы (жол, тазалық, пошта, т.с.с). Ал қалаларда: бағаның өсуі, медицина қызметінің сапасының нашарлығы, жұ­мыс­сыздық, коррупция, білім сапасы, алкоголизм, тұрғын үй, жалпы мәдениет деңгейі. Елдегі  аграрлық  универ­ситет­терді бітірушілердің 10 пайызы ғана ма­ман­дығы бойынша қызметке орналасады, олардың басым бөлігі – мал дәрігерлері. Басқасы тапқан жұмыстарында жүр. Сала білікті мамандарға зәру. Ауыл ша­­руа­шылығы саласына жоғары оқу орын­дары қажеттіден 20 пайыз артық «дайындайды». Төңкерілген пирамида.

Алматылық  Қанағат Жүкешев «Айқын­да»: «Ауыл қазаққа ешқашан абырой әпе­ріп көрген жоқ. Ауыл қазаққа әрқашан да сауатсыздық, аштық, мәдениетсіздік, әлеуметтік аурулар мен нәубат әкеліп отырды», деген еді. Сол сөздерде шындық бар. Ауылды қаламен теңестіремін деп Хрущев әр үйдегі мал санын 3 қой, бір сиыр не бір жылқымен шектеді. Қалғанын дүкеннен жеткізіп тұрмақ болды. Ештеңе шыққан жоқ, қайта ел ашаршылыққа ұшырады. Осыған қарама-қайшы қателік тәуелсіздік жылдарының бастапқы кезінде де болды. «Колхоз-совхоздарды таратып, мал-мүлікті шаруаларға бөліп берсек, әрқайсысы жеке-жеке шаруаларын әрі қарай дөңгелентіп алып кете бермей, несі бар» деген идеямен оларды тез таратуға асықтық. Тарағанмен жұмыс жүріп кете қоймады, халықтың басым бөлігінің санасы меншігіне иелік етіп сақтап қалуға әзір болмады, сөйтіп тақыр кедейге тез-ақ айналып шыға келді. Қазір, енді, ұсақ шаруаларды біріктіруге тырысудамыз, бірақ, колхоздастыру кезіндегідей зорлап біріктіруден ештеңе шықпайды, оның үстіне осыдан 20 жыл бұрын зорлап таратып жібергенбіз, енді зорлап біріктіру оң нәтиже бермейді. Таратуға жүрген зорлық, біріктіруде жүрмейді. Егер, зорласақ, 30-шы жылдардағыдай нәтиже шығады, жылдар өте ме, өтпей ме, қайта тарайды. Бір қателікті қайталай берсек дамымаймыз.

Жалпы, елдегі реформа аграрлық саладан басталуы тиіс еді. Біз, керісінше, ауылға керек құралдар мен заттардың бәрінің бағасын босатып барып, екі жылға жақын уақыттан кейін ауылға өз тауарының бағасын өзі қоюға еркіндік бердік. Ол кезде ауыл тауар өндіруді тоқтатып, өзінде бардың бәрінен айрылып қалып еді. Ауылдың тәуелсіздік кезінде құлдырап, қазірге дейін бас көтере алмай жатқанының басты себебі осы.

* * *

Одан басқа да себептер бар. Ауылда тұратын адамдар саны көп. Қазір ауылдарда халықтардың жартысына жуығы тұрып жатыр, бұрын одан да көп болған. Солардың басым бөлігі – қазақтар. Өйткені, олардың ауылда өмір сүруін Кеңес Үкіметі қолай көрген, қазір де ол саясат бәлендей өзгеріске ұшыраған жоқ. Ауылдағы адамдар санын көпсінгеннен айтып отырған жоқпыз, ауылда еңбек етудің мүмкіндігі аз болғандықтан, жаппай жұмыссыздық белең алғандықтан айтып отырмыз. Ауыл қараңғылықта, солай болған соң, ондағы мол қазақ қараңғы болмай, кім қараңғы болады. «Қараңғы адамдарды басқару оңай» депті ғой бір ғұлама. Ауылда капитал қалмаған, ауылда тұрмыстық жағдай өте нашар – су ащы, жер сорланған, жол нашар, жұмыс жоқ. Ауыл адамы әншейін бір жерде күнелту керек деген оймен, басқа жерге барғанда бізге кім бірнәрсе бөліп бере қояр дейсің қауіппен ауылда отыра түсуін жалғастырып жатыр. Ауыл халқының саны өркениетті елдерде 20 пайыздан, әрі кеткенде 30 пайыздан (аграрлық елдердің өзінде) аспайды. Бізде 47 пайыз болса, демек, 17-27 пайыз адам ауылда босқа жүр, олар ауыл үшін қосымша жүк, артық, керексіз. Бізде соны реттеу баяу. Мысал ретінде айтсақ, Мақтарал ауданында осыдан 20 жыл бұрын 200 мың халық бар еді, қазір 350 мың болды. Көбейген жұрттың жартысы табиғи өсім болса, жартысы сырттан көшіп келгендер. Ал, мақталық жердің өнімділігі екі еседен көп төмендеді. Қосымша көбейген 150 мың халық бұрынғылардың онсыз да азайып жатқан несібесін бөліп жеп отыр. Тұрмыстың төмендеуі деген осылай кете береді. Сондықтан, былтырдан бері  бас­талып  жатқан  солтүстік өңірлерге өз еркімен көшуді қалайтындарға жан-жақ­ты материалдық қолдау көрсетіліп, жүйе­лі жұмыс атқарылуы тиіс.

Жоғарыда аты аталған Қанағат Жүкешев: «Халқын ауылдан шығармауға күш салу – халыққа жасаған қастандықтың ең кесірлісі» деген екен. Оның сөзі: «Бар­лық жақсылар мен мықтылар ауыл­дан шыққан, мен де ауылдан шыққам» деп жүргендердің көбіне жалған, көзбояу үшін айтылатын, бірақ қалаға жабысып айрылмайтындардың сөздерімен салыстырғанда дұрыс. Әрине, ауылда халықты ешкім зорлап ұстап отырған жоқ. Бірақ, өркениеті мол, технологиясы жетілген жерге барып қоныстануына ықпал ету де болған жоқ. Көші-қон саясатындағы қолдауды солтүстік өңірлер мен шекарадағы халық аз қоныстанған аудандарға баруын мақсатты түрде жасауға ешқандай кедергі жоқ еді. Ойланбадық. 

Ауыл  адамы  негізінен «сақтау» үдерісі­мен өмір сүреді: өндірген өнімін қыста жеуге, айырбастауға сақтайды. Малының төлін де солай, бағып-қағады, қалпына келтіріп барып сатады, жейді, айырбас жасайды. Ауыл адамының қалтасында ақша жүрмейді. Ондағы өмір бірқалыпты ағыста, оларда өзгеріс көп болмайды. Сондықтан да, олар даму мен жетілу туралы аз ойлайды. Ой­ласа да берік шешімге келе алмайды, қиял­дайды да қояды. Ілуде біреуі болмаса, көбі жетілуге ұмтылмайды.

 «Қалаға зорлап көшіру керек» немесе «Жұрттың бәрі Алматы мен Астанада тұр­сын» демейміз, бірақ, біздер қала санын, оның тұрғындарының санын басқа жолдармен арттыруымыз, ауылды кентке, кентті шағын қалаға, оларды үлкен қалаға айналдыра беруіміз керек. Қай­та өңдеу кәсіпорындары мен шағын кәсіпорындарды ауылдық аудандарға орналастырған жөн.

* * *

Қытайда жыл сайын миллион тұрғыны бар, бір жаңа қала қалыптасады екен. Біз олай ете алмаспыз, бірақ, бүгінде қала деп атауға ұялатындай күйде тұрған аудан орталықтарындағы 30-50 мың тұрғыны бар қалалардың жағдайын жақсарта түсуге, жолы, тротуары, суы мен канализациясы, жылуы, бағдаршамы бар, таза қалаларға айналдырып, оларға халықты көбірек қоныстандыруымызға болады ғой. Өркениетті елдерде тұрғындарының 20 пайызы нақты өндіріспен, 70 пайызы сол еңбекшілерге қызмет етумен – мұғалім, дәрігер, даяшы, жүргізуші, швейцар, т.б. қызметтермен айналысады. Бізде 10-15 пайыз нақты өндірісте, 45-50 пайыз соларға қызмет ететін инфрақұрылымда десек, қалған 40 пайызы өз бетінше күнелтіп жүр.

Біздің қоғамда мемлекет бәрін тауып беруге міндетті, бірақ, жеке басының ісіне араласпауы керек деп ойлайтындар басым. Қазақта «алаған қолым береген» деген сөз бар. Демократиялы қоғам құру құр сөзбен, айғаймен шешілмейді. Халық масылдық психологиядан толықтай арылғанда ғана либералды қоғамға жақындаймыз. Қазіргідей мемлекетті «мәдениетті түрде тонау» бізді өсірмейді. Мысалы, ауылдық жерде «жұмыс жоқ» деп сылтауратып жатқан тепсе темір үзетін жігіттер қаншама?! Бұрын мемлекет жұмыс беруші болса, қазір ауыл шаруашылығы толықтай жекенің қолына берілді. Жұмыстың мән-мағынасы біреу-ақ, ауылдық жерде мал бағу,  егін егу, шөп шабу, жеміс-жидек өсіру, т.б. Соны қолдау, қорғау, тиісетіндерге тосқауыл қою, ұрлық-қарлыққа тыйым салу керек. Бұрын мемлекетке істесең, енді өзіңе не жеке кәсіпкерге жұмыс істейсің. Бірақ, бала-шағасына мемлекет тарапынан берілетін аздаған әлеуметтік жәрдемақыға тоқмейілсіп, нағыз еңбекті біреуге жалшы, байдың құлы болу деп түсінетіндер қатары аз емес. Бұл түбегейлі қате түсінік. Экономика нарықтық жүйеге өткенімен, халықта прагматикалық түсінік қалыптаспай келеді. Адам санасы нарыққа өткенде ғана осы түсінбестік жойылады деп есеп­теймін.

* * *

Қазақ бүгін: «Қашанғы кедей қал­пында жүрмекпін» деп, алдына мақсат қойып, барын қарыштап, күнделікті және ұзақ мерзімді шығындардың та­мақ пен киімнен басқасын қоя тұрып, құдалық пен тойлардағы бәсекеге ермей, балаларының білімге құштарлығын оятып, тапқан-таянғанын кемелді білім алуына мүмкіндік жасасын. Оқуға шынымен құнты жоқ баласын көпке еріп, жалған намыстың жетегінде кетпей, босқа қаржы жұмсамай, бір кәсіпке үйретсін. Өзі үйрете алмаса, ісін ұсталықпен атқаратын адамға шәкірт болуға мойындатсын. Сонда ғана кәсіптің бір-бір тұтқасын өзгелерге ұстатып қойып, қарап отырып, басқаларға қызметші болып қалмаймыз, әр істің төл маманы өзіміз бола аламыз. Бұл деген сөз біздің жайбарақаттығымыз, уайымсыздығымыз, жетілуге ұмтыл­майтынымыз, жігеріміздің кем­шіндігі артта қалып, бәсекелес тұлға болуға әрекет ету деген сөз. Керісінше болса, бүгінгідей біз ақшамызды өзгенің қызметін тұтынуға немесе олардан ештеңе үйренбей-ақ, күнім өтсе болдыға салып, жәрдемші қызмет етуге ғана жарап қала бермекпіз. 

Біз қай деңгейдеміз? Жер біздікі, ел біз­дікі дейміз, ашынамыз, күңкілдейміз, бірақ шындық көзге ұрып тұр. Себебі бізде табандылық, жігер, мамандану, ақшаны үнемді жұмсау мәдениеті жетіспейді. Той мен құдалықты қарызға өткізіп, ипо­текаға үй алып, қымбат көлікті несиеге алып, ол ақшадан құтыламын деп пәленбай жыл қарызға батып жүреміз. Еселеп екі-үш есе құн төлеп, жем болып жүрген өзіміз.

Біреулер  өзіне-өзі сын  көзбен қарайды, жүрген   ортасының,  отбасының я меке­менің   жолы болмаса, оның жауап­кер­шілігін өз  мойнына  алуға әзір, жеті­луге тырысады, бір сөзбен айтқанда,  даму­ға ұдайы дайын. Ал, кейбіреулер жауап­кершіліктен қашады, себепті басқа біреуден іздеуге бейім. Олар дамуға әзір емес, оларда социализм үлгісі: азға қана­ғат етіп үйренген, тоқкөңіл, тіпті, жалған тәубешіл. Тағы да ондайлар әдет­те қоғамға кінәмшіл, өшпенді келеді. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары халықтың масылдыққа үйренгені анық көрінді. Мемлекеттің қамқорлығына байланып қалған халық нарықтық экономиканы түсінбеді, ол жүйені көтере алмады. Егер, халық масыл болмағанда, бірді-екілі нарыққа бейім азаматтар сияқты пысықтық танытқанда біз сол бір дағдарыстан ерте шығар ма едік деп ойлаймын.  Тұтынушылық идеясы өзіндік ойлауды, өзіндік таңдауды шектейді.

Өз еркіміз өзімізге тигеніне, нарық қатынастарын игере бастағанымызға ширек ғасыр өтсе де, біздің экономикалық өмірде  әлі де болса масылдық пиғылдан толық арыла алмағанымызды, «онда бар нәрсе, менде неге жоқ?» немесе «ананың жолы болып кете бере ме?» дейтін келеңсіз пиғылдарға ере кететіндігімізден байқауға болады. Осы пиғылды ауыл экономикасына қатысушы талай азаматтардан байқап, сеземіз. Кейбір өздерін кісі санап жүрген адамдардың өзінің айтып жүрген пікіріне қарасақ, мәдениеттің қалыптасуын, қоғам­ның рухани дамуын,  мемлекеттің өсіп-өркендеуін қорғап, қолдаудың орнына, оны баяғыша мемлекеттің міндеті санайды, біз қол қусырып қарап отырсақ та бола береді деген немкеттілік пиғылда. Біз Абай дана айтып кеткен, еңбегін сауып, жағдайды дұрыстау жолына түсуге тиіспіз. Еңбек етем дегенге жұмыс та, бастапқы қаржы да табуға болады. Тек қана жігер мен ұмтылыс керек. Ана жұмыс анадай, мына жұмыс мынадай демей, отбасын ашықтырмайтын, тарықтырмайтын әрекет керек. Шынымен еңбек еткісі келетіндерге мемлекеттен де қолдау көрсететін бағдарламалар көп.

Мырзагелді Кемел, 
экономика ғылымдарының докторы

"Ақиқат" журналы