#
#
Сейсенбі 07/04/2020

Аутизммен ауыратын балаларды қалай емдеуге болады?

  • 25.02.2020
  • 0
  • 255

Елімізде психикалық ауруға шалдыққан балалардың саны күн өткен сайын артып келеді. Бала аутизімі деп аталатын осы дерттің салдарынан жүздеген емес, мыңдаған бүлдіршіннің тағдыры ерекше күтімді қажет етуде. Дәрігерлердің дерегіне жүгінсек, елімізде бұл қатерлі кеселді емдейтін психиатрлар тапшы. Кейбір дәрігерлер оны қатерлі ауру ретінде қарастырмай, жай ғана психологиялық дерттің түріне жатқызады.

Сондықтан да психикалық ауруларға тек кеңес берумен шектеледі. Мұның соңы балалардың өсе келе әлеуметтік ортаға бейімделуін қиындатады, айналадағы адамдардың өзіне деген түсінбеушілігін тудырады. Дерек­тер­ге қарасақ, қазіргі кезде әлемде мил­лиондаған бала аутизм сырқатына шалдыққан екен. Көптеген елдерде мұндай сырқатпен ауыратындар саны қатерлі ісік, қант диабетінен де жиі кездеседі. Ғалымдардың мәліметтері бойынша уақытымен медициналық, әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық түзеу көмектеп көрсетілген жағдайда аутист балалардың 60 пайызы жалпы білім беру бағдарламалар бойынша, 30 пайызы арнайы білім беру бағдарлама бойынша оқуға қабілетті көрінеді. Ал 10 пайызы отбасын құрып өмір сүруге мүмкіндіктері бар. Бірақ, түзеу көмегінсіз қалған жағдайдағы балалардың 75 пайызы әлеуметтік ортаға бейімделе алмайды. 22 пайызы шамалы бейімделеді, тек 3 пайызы ғана әлеуметтік бейімделудің деңгейіне жетеді. Бастапқы кезде аутизм шизофрениямен сырқаттанатын науқастардың ерекшелігі, шынайы өмірден қашу және өз-өзімен бұйығы күйде болу деп есептеледі.

Аутизмнің пайда болу себептері қандай?

Ғалымдар аутизмнің дамуын резидуалды-органикалық фактордың әсерінен қарастырады. Яғни, мидың туа біткен дисфункциясы, сезімдердің тұқым қуалайтын жеткілікті дамымауы нәтижесінде пайда болады. Бұл жағдайда қандай да бір сыртқы жағымсыз факторлардың нәтижесінде, соның ішінде анасымен эмоциялык қатынастың жеткіліксіздігінен сәби сыртқы ортадан қашып, бұйығыланады. Сыртқы орта оның жанын жарақаттайтын қорқынышты әлем болып көрінеді. Салдарынан  туған кезден бастап жаппай қорғануға, аутизмге негізделген жеке бас құрылымы қалыптасады. Бұдан кейін психологиялық, интеллектуалдық, эмоциялық даму үдерісі бұзылады. Көбіне бала аутизмімен қатар жүретін ақыл-ой кемістігінің, эпилепсия ұстамаларының, туа біткен қызамықтың, туберозды склероздың, церебральды липидоздың, фрагильді Х-хромосоманың бар-жоқтығына қарамастан, бұл бұзылыс тек қана ақыл-ой дамуына сәйкес келмейтін іс-әрекет ерекшеліктерінің болуына қарай анықталады. Әдетте бұл ерекшеліктер бала бір жасқа толмай-ақ байқалады және үш жасқа қарай айқын түрде болады.

Белгілері

Емшектегі баланың іс-әрекет және әсерлесу ерекшеліктерін ата-ана байқай алады. Бұған емізудегі қиындықтарды жатқызуға болады. Атап айтқанда, нәресте емшектен бас тартады немесе тым сылбыр емеді, болмаса тым қомағайланып емеді, тойына алмайды. Тәбеті нашар болуы мүмкін, кейде ол тамақты талғап жейді, кейбір өнімдерден, мысалы сүттен, еттен, балықтан, мүлде бас тартады. Науқас балалардың көпшілігінің асқазан-ішек жолы дұрыс жұмыс жасамайды: іші жиі қатады, құсады. Ұйқы бұзылыстары болуы мүмкін: бала не күндіз, не түнде ұйықтамайды, үнемі айқайлайды немесе күндізгі уақыт пен түнгі уақытты ауыстырып алады, кейде, керісінше, төсекте еш мазасызданбай, көзін бақырайтып бірнеше сағат жата береді. Жайсыздыққа реакциясы әр түрлі болуы мүмкін. аз ғана қолайсыздыққа тым қатты қозудан бастап қарнының ашқанына, тоңғанына, астының ылғалдануына ешқандай реакция болмайды. Кейде бұндай сәбиді ата-анасы «қолайлы», сабырлы, ешқандай қиындық тудырмайтын бала деп санайды. Бұған қоса, аллергиялық көріністерге бейімділік байқалады.

Көбіне олар қатты шудан, тұрмыстық электр құралдардан, желден, жануарлардан, үлкен машиналардан, пианинодан қорқуы мүмкін. Аяқасты пайда болатын үрейлер де болады: бала еш себепсіз кенеттен шошынып, жылайды, айқайлайды, қасына ешкімді жақындатпайды. Аутизмі бар балалардың интеллекті төмен. Ақыл-ойы дамуының коэффициенті (ІQ)  жартысында 50-ден кем, төрттен бірінде – 50-ден 70- ке дейін, қалғандарында – 70-тен жоғары болады.

Қандай ем қолданған дұрыс?

Дәрі-дәрмектермен емдеу синдромдық принцип бойынша тағайындалады. Эпилепсия ұстамалары болған жағдайда оған қарсы дәрілер беріледі. Сырқат баланың ауруханада жатып емделуі ұзақ болмауы тиіс. Мұнда ескеретін жайт, ауруханаға баланы ата-анасыз жатқызу бала үшін бұл үлкен психологиялық жарақат. Интеллектуалдық, сөйлеу дамуында кемістігі жоқ балалар үшін психотерапия ең маңызды терапиялық құрал. Ол баланың эмоциялық мәселелеріне әсер етеді, айналадағы адамдармен толыққанды қарым-қатынас орнатуға, терең психологиялық бөгетті, қорқыныштарды жеңуге көмектеседі. Аутизмі бар балаларда қорқыныш болады. Бұл – әлемді қауіпті нәрсе деп қабылдауға, баланың өз-өзін қабылдауына байланысты қорқыныштар. Аутизм баланың бүкіл эмоциялық-психологиялық дамуына теріс әсер етеді. Сол үшін бір жыл бойы психотерапиядан аптасына 3-4 сеанс жүргізу пайдасын тигізеді.

Қазақстан Республикасының 11.07.2002 жылғы «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық – педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» № 343 Заңын іске асыруда дамуында ауытқушылығы бар балалардың диагнозын анықтау, емдеу, оңалту, оқу-тәрбие үрдісін жан-жақты қарастырудың қажеттігі маңызды.

Аутизммен ауырған балаларды халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығында алтын ине және массажбен емдеу курстары жолға қойылған. Нәтижесі де жақсы, дертінен айығып жатқан балалар да баршылық.

Нұрболат Абайұлы

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар