23 қаң, 2020 сағат 10:45

Аустралияда өртті өшірмек болған ұшақ апатқа ұшырады

Аустралияның құтқару қызметі орман өрттерін сөндірумен айналысатын ұшақ елдің оңтүстік шығысындағы Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында апатқа ұшырап, үш адамның қаза тапқанын мәлім етті.

Бұл туралы ҚазАқпарат Sydney Morning Herald газетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бейсенбі күні жергілікті өрт сөндіру қызметі Сноуи Монаро ауданына бағыт алған ірі әуе танкерімен байланыстың жоғалғанын хабарлады.

Басылымның мәліметінше, C-130 Hercules әскери-көлік ұшағының сынықтары штаттың оңтүстігіндегі Кума қаласына жақын жерден табылды.

Жаңа оңтүстік Уэльс штатының ауылдық өрт сөндіру қызметінің комиссары Шейн Фицсиммонс оқиғаның себеп-салдары әлі анықталмағанын айтты.

2019 жылдың қыркүйегінде басталған табиғат өрттерінен Аустралияда миллиондаған гектар жер өртенді, жалын 27 адамның өмірін қиды. 2 мыңнан астам үй қираған. Сидней университетінің бағалауы бойынша 1 миллиардтан астам жануар қырылған.