24 мам, 2020 сағат 02:28

Ауған үкіметі және Талибан Ораза айт мерекесін тойлау үшін атысты үш күнге тоқтатты

Талибан радикалды қозғалысы 23 мамырда Ораза айт мерекесін тойлау үшін атысты үш күнге тоқтататынын мәлімдеді. Ізінше Ауғанстан президенті Ашраф Ғани де қауіпсіздік күштеріне тыныштық режимін сақтауға бұйрық берді.

Талибанның ресми өкілі Забихулла Муджахад Twitter желісінде қозғалыс басшылығының қарамағындағыларға “қарсыластарға шабуыл жасамау” туралы бұйрық бергенін жазды.

Атысты тоқтату режимі 24 мамырда күшіне енеді. Ашраф Ғани Twitter желісінде хабарламаны жылы қарсы алды.

“Бас қолбасшы ретінде Ауғанстанның қауіпсіздік күштеріне үш күнге созылатын тыныштық режимін сақтау туралы және тек шабуылдан қорғану туралы нұсқаулық бердім” деп жазды.

АҚШ-тың Ауғанстандағы арнайы уәкілі Залмай Халилзад Twitter-де осы мүмкіндікті пайдаланып, АҚШ-Талибан арасында тұралап қалған бейбіт келіссөзді жылдамдату қажеттігін айтты.

“Бұдан да басқа оң қадамдар жасалуы тиіс: АҚШ-Талибан келісімінде айқын көрсетілгендей қалған тұтқындарды босату, ірі шабуылға бармау, Ауғанстанның өз ішінде келіссөзді бастау күнін белгілеу” деп жазды Хализад.

Ақпан айының соңында АҚШ-пен жасасқан бейбіт келісімге қарамастан тәліп содырлар шабуыл жасауды қойған жоқ.

Бұған дейін бұл келісім жүзеге асса, Ауғанстаннан шетел әскері әкетілуі мүмкін, елде 18 жылға созылған қақтығысқа нүкте қойылуы мүмкін екені айтылған болатын. Бейбіт келіссөз қарсаңында тараптар арасында сенім қалыптастыру мақсатында ауған үкіметі мен Талибан тұтқындарды босату бойынша келіссөз жүргізген. Оған сәйкес, ауған үкіметі Талибанның шамамен бес мың мүшесін босататынын айтқан. Ал Талибан ауған үкіметінің шамамен мың сарбазы мен азаматын босатуға уәде берген. Ауған үкіметі бұған дейін осы келісім аясында Талибанның жүздеген мүшесін босатқан.

Ауғанстанда АҚШ-тың 12 мыңнан астам сарбазы бар. Вашингтон жыл сайын ондағы әскерге 4 млрд доллар қаржы бөледі.

Талибан ауған территориясының шамамен жартысын бақылауда ұстайды. Asia Foundation ұйымының 2019 жылы жүргізген зерттеуіне сәйкес, ауған халқының 85 пайыздан астамы Талибанды қолдамайды.

Сәуір айында Талибан Рамазан айы кезінде атысты тоқтату туралы ауған үкіметінің ұсынысын қабылдамаған.

Ауғанстанның барлау қызметінің ресми өкілі Жавид Файсалдың айтуынша, Рамазан айы кезінде Талибан шабуылынан кемінде 146 бейбіт тұрғын қаза болған, 430 адам жараланған.

Азаттық