#
#
Сейсенбі 12/11/2019

Мінез жұмбақтығы

  • 22.10.2019
  • 0
  • 1143

«Қан мен тер» романы Әб­діжәміл Нұрпейісов есі­мімен қосақтала жаңғыратын үр­діс рухани кеңістігімізге бе­рік­ ор­­ныққанына жарты ға­сыр­дан асып, алпыс жылға тақап үл­­гергенінің біздер тірі куә­ге­рі­міз. Өткен ғасырдың ал­пы­­­­сын­шы жылдарының аяқ ше­ніне қарай жарық көрген бі­рінші кітабын оқығаннан былай жалғасын тағатсыздықпен күт­кен уақыт күні бүгінге дейін есі­мізде. Көркемдік құбылысты тану түйсігі жөнінен орталық қана емес, ауылдар да шет қал­мағанын айғақтайтын жайт­тар ол заманда жеткілікті еді. Тек өзің ғана тұшынып қой­май, шығармадан алған әсеріңді ай­нала төңірегіңмен алып-ұшып бөліскің келетін құлық басым­дығын қазір ойлап тұрсаң, то­­быр­лық мәдениеттің кең етек ал­маған тұсында өмір сүру бү­гінгіден  әлдеқайда мән­ділеу кө­рінетінін несіне жасырамыз. Жан мерекесін шарқ ұрып іздеп, ақыры ақ қайыңнан жұбаныш табатын Шукшин кейіпкері секілді  бітімі өзгеше дүниеге аң­сарың ауғанда орыс, оймауыттан гөрі жаныңа жақын тұтатын қолтума дүниелерді көздейтінің қызық. Сондайда ыңғай «Соңғы па­рызға» табан­ тірейтініңді өз­ге тұрмақ өзің түсінбейсің. «Жұлдыз» журналында жарық көр­ген алғашқы нұсқасы бас­пасөз бетінде абың-күбің әңгіме боп, арыны сап басыла қалғанын да білеміз. Өйткені әлі толық жазы­лып бітпеген деген сыбыс ақыры шындыққа айналып, көп жылдарды араға салып ба­рып жа­рық көрген кітапта ав­тордың ма­шығы қазақтың қа­ламгерлер қауымының біріне ұқ­самаса да, бейне тұрпаттары алғаш «Қан мен тердің» жаңа заманға кө­шірілген аналогы тәрізді көрінген. Солай ұйғару жалпы әділетсіз кесім шығаруға ұрын­дырмай қоймайтынына ара-тұра көз жеткізіп қалатының бар. «Соңғы парыздың» образдар жүйесінің жаңалығы - Жәдігердің анасы.

Алматыға барып қайтқан сайын келіні Бәкизат құбы­лы­сын шеше жүрегі сезетінін қатал да нәзік суреттейді. Ұлт­тық бол­мыс­тың кесектігіне әйел бейнесі ар­қылы барлау жасаудың кілтін табуда - Нұрпейісов теңдессіз шебер.

Төрт томдығына жазған өзі­нің алғысөзінде Еламанның Төлеудің екі әйелінің біріне үй­лену шешіміне Мәскеу сын­шысы қатты таңырқап, сүй­сін­генін айтуы тегін емес. Жал­пы бұл таным-талғам сезгір­лігінің қапысыздығымен қатар, көркемдік құндылықты айыру әділетінің үстемдігін аң­дататын жағдай. Адамзат ру­хының төрінен бір жарым ға­сыр­дан астам уақыттан бері орын алып келе жатқан «Соғыс және бейбітшілік» эпопея­сы­­на осы жерде жүгінбей-ақ, Нұр­пейісовтің «Қан мен терін­дегі» бейнелерді есіңе алып, болмыс бітімдерін өзіңше сараптай бас­тасаң – негізгі желіге арқау бо­лып тартылғандарды былай қой­­ғанда, жанама ілескендердің өз­­дері дара-дара. «Қан мен тер» кейіп­керлері  суық басып, дүние мұзға айналғаннан кейін жаппай қырылып қалған динозавр­ларды еске салады. Бейнелерге ену эстетикасының нәзік те кір­пияз өлшемінің ауылына бар­май-ақ, шығарманың орындалу үдерісінің үстіндегі табиғи қа­лы­бының бұзылмай оқушыға тұтас жетуінің өзі Қасым Аман­жоловша айт­қанда, «серінің сертке тақ­қан семсеріне» тән сипат еді. Әдебиет деген жарықтық анау жылдарғы Украинаның Май­дан қозғалысына ұқсайды,  әркім ойына келген пікірін қай­мықпай білдіріп, үкімін жас­қан­бай шығаруға құдды құқы бар­дай. Ақбаланы «Тынық Дон­дағы» Аксиняның көшірмесі деген түсініктің итжандылығына кей­де абыржып, ашуланасың. Ақ­баланың жан әлемінің тар­тымдылығы ұлттық бояуын­да жат­қанын көрнеу ескермеу де Абай анықтамасындағы екі күйдірмектің айласына ұқсайты­ны бар.

Болашақ кәдесіне аманат­тау­ға жа­райтын Нұрпейісовтің  «Қан мен тері» мен «Соңғы пары­зы­ның» орындалуындағы тартыл­ған өрмектің тұғыры бір де, өр­не­гі екі түрлі. Жазушылық тағ­­ды­рында тәуекелге бас тіге­тін жүректілігіне қоса үл­кен по­лотноны аяғына жеткізу­дің жауап­кершілігін дәл Нұрпейі­сов­тей сезініп атқарған жазушы кемде-кем. Сөздің әділе­тіне жүгінген уақытта «Соң­ғы парыз­дағы» тартылған желі­нің артық-ауыс тұстары жұ­дырықтай жұмы­лулы сурет­кер­лік шымырлық­тан байқалмай қалуы бек мүм­кін. Қазақ проза­сына баяндау әді­сінің өзге­шелеу ағысын алып келген «Соңғы парыздың» бі­ті­мі кейде дүниеден көшіп кет­­­кен досыңның бейнесіне ұқ­­сай­тындай. Орындалудың сон­ша­лықты еркін екпінділігінде Нұрпейісовтің өзінің өткен өмірін еске алу үстіндегі те­біреністі кү­ңіренісіне ұқ­сап үндесетіндей. Оның жа­зушылық шеберханасында қаламмен өрнектеліп, басқа ұлттың бірінен кезікпейтін мінез жұмбақтығын бедерлеу шеберлігі кімді де болса тәнті ет­­пей қоймайды.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,

жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

"Егемен Қазақстан"

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар