#
#
Бейсенбі 04/06/2020

Атыраудан бір топ тарихшы Алашорда ізімен сапарға шықты

  • 03.08.2017
  • 0
  • 2146

Атырау қаласынан шыққан бір топ тарихшы, журналистер Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай тарихи жерлерді аралап сапарға шықты.

Экспедиция құрамында тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы, Қызылқоға аудандық «Қызылқоға» газетінің бас редакторы Бауыржан Сисенов, «Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалының саяси жетекшісі Әбілхан Төлеуішов бар. Тарихи сапарды ұйымдастырған - «Ақжол» ҚДП Атырау облыстық филиалы.

«Ақ жол» партиясы Атырау облыстық филиалы саяси жетекшісі Әбілхан Төлеуішовтің айтуынша «Ақ жол» партиясы өзін Алашорда партиясының ізбасары санайды. Сондықтан Атырау облысының Қызылқоға, Ақтөбе облысының Ойыл, Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Жымпиты аудандарын аралап, тарихи орындарға тәу етудегі мақсат – Алаш қайраткерлерінің ізі қалған тарихи жерлерді көзімен көріп, мұраларын іздестіру екен.

Экспедиция мүшелері әуелі Қызылқоғадағы «Халелдің ставкасы» деп аталатын тарихи мекенге ат басын тіреген. Қызылқоға өңірі – Халел Досмұхамедұлының туған жері, Батыс Алашорда өкіметінің соңғы мәжілісі өтіп, большевиктерге билікті тапсырған нүктесі. Одан кейінгі Ойыл қаласы – Батыс Алашорда өкіметінің үні – «Еркін қазақ» газеті шыққан, Алаштың тұңғыш кәсіби әскери қызметкерлерін даярлайтын юнкерлер мектебі ашылған мекен. Ал Қаратөбе – Батыс Алаштың сиезі өткен топырақ. Жымпиты – Батыс Алашорданың астанасы, талай тарихи оқиғалардың кіндігі болған өңір. Міне, үш күн ішінде осындай жерлерді аралап шыққан экспедиция мүшелері Жымпиты селосында сапар әсерімен бөлісті.

Экспедиция мүшелері алдымен Жымпитыдағы Алаш саябағына ат басын тіреп, ондағы алаш қайраткерлеріне арналған ескерткішті көріп, гүл шоқтарын қойды. Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейін тамашалап, мұражайдағы «Азаттықты аңсаған Алаш азаматтары» атты дөңгелек үстел мәжілісіне қатысты.

Сырым ауданы биылғы Алаш тойын барынша мағыналы да мәнді етіп ұйымдастырып, тізбекті шаралар өткізуде. Ғалымдар мен журналистерден тұратын топ Жымпитыдан Семейге және Жымпитыдан Мәскеуге, Жаһанша Досмұхамедұлы жерленген Бутово зиратына барып қайтты.

Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Мағауияқызының айтуынша, Бутово полигонында 20761 адам 13 шұңқырдың ішіне көміліпті. Сол шұңқырлардың бірінде Жаһанша жерленген. Ол 1938 жылдың 3 тамызында 120 адаммен бірге атылған. Жымпитылықтар сол сапарында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның Дон зиратындағы зиратына да зиярат етті.

- Алашорда қазақтың біртұтастығын көрсетті. Біз әлі Алашорда үкіметі туралы толыққанды зерттеп біткен жоқпыз. Бір ғасырлық тарихы бар Алаш үкіметі әлі де іздестіруді, зерттеп-зерделеуді қажет етеді»,- дейді тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет.

Белгілі баспасөз зерттеушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы Алаш қайраткерлерінің шығарған газеттерінің тарихы туралы сыр шертті. «Еркін қазақ» атты газеттің бір ғана саны шығыпты. Мұнда Ахметқали Мамытұлының өлеңі, Халел Досмұхамедұлының мақаласы жарияланыпты.

Атыраулық экспедиция мүшелері Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейіне, аудандық кітапханаға естелік кітаптар сыйға тартты.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар