04 нау, 2018 сағат 18:56

Атырауда жантүршігерлік трагедиядан аман қалғандар болған жайтты баяндады (Видео)

Атырау облысына қарасты Қарабатан стансасындағы өрт кезінде зардап шеккендер қалай аман қалғанын айтып берді, деп жазады sputniknews.kz.  

Компанияда бір жылға жуық жұмыс істеген 36 жастағы дәнекерлеуші Қанат Жарқынбеков түнгі ауысымнан кейін таңғы ас ішіп отырғанда кенеттен ғимарат өртене бастаған.  

"Жалын есік жақтан шарпыды, сондықтан есіктен шыға алмай, терезден секірдім. Өрт неден шыққанын түсінбей де қалдық, секіріп және шығып үлгергендеріміз өрт сөндірушілер мен "жедел жәрдемді" сыртта күттік", — деді ол "Мой город" сайтына. 

Жарқынбеков Қызылордада әйелі мен төрт баласы күтіп отырғанын айта кетті.   

27 жастағы Шымкент тұрғыны жатақханадан дер кезінде шығып кетпегенде өрттен қаза табуы мүмкін еді.  

"Түнгі ауысымнан кейін таңертең душқа түсіп жатқан едім. Есік сыртындағы айқайды естіп, бөлмеге жүгірдім. Қолыма ілінген заттарымды алып, артқы есіктен шығып үлгердім, өйткені алдыңғы есік жақ өртеніп жатыр еді. Жатақханадан кім қалай шыққанын көрген жоқпын, айнала қызыл жалынға оранып, түтін басып қалды, өрт сөндірушілер бәрі біткеннен кейін келді. Аман қалғаным үшін Жаратқанға алғыс айтамын, үйде әйелім мен үш балам күтіп отыр. Досым ауруханада қаза болды", — дейді дәнекерлеуші Ұлан Байшағаров.

2 наурыз күні таңертең сағат тоғызда Атыраудан 40 километр жерде жатақхана өртенді. Баспана ретінде пайдаланылған контейнерлерде түнгі ауысымдағы жиырма адам болған. Оқиға орнынан алты адамның мәйіті табылды. Тағы бір адам ауруханада көз жұмды.