07 шіл, 2019 сағат 14:04

Атырауда қазақ тілі мен әдебиетінен өткен халықаралық олимпиада жүлдегерлері марапатталды

Атырауда қазақ тілі мен әдебиетінен өткен халықаралық олимпиадаға алты мемлекеттен 62 оқушы келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

6 шілдеде Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде қазақ тілі мен әдебиетінен халықаралық олимпиада жүлдегерлерін марапаттау салтанаты болды. Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Ресей, Иран, Өзбекстан мемлекеттерінен келген 62 оқушы ана тілінен білімдерін сынға салды. Жүлдегерлерге облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов марапаттарын тапсырды. 

"Қазақ диаспорасы өкілдерінің басқа елдерде тұрса да, ана тілін жетік меңгергендері, өз тілдерінде сөйлеп, білімдерін жетілдіретіндері қуантады. Халық даналығында айтылғандай, "өз тілін ұмытқан ұлт - тамырын жоғалтады". Басқа елдерде өмір сүрсе де, қазақ тілін меңгеріп, отбасыларында осы тілде сөйлесетін осындай балалардың арқасында ана тіліміздің болашағы баянды боларына сенемін", - деді олимпиада қатысушыларына Серік Шапкенов.


Халықаралық олимпиада қортындысы бойынша 5 қатысушы алтын медаль, 8 қатысушы күміс, 15 қатысушы қола медаль иеленді.

"Балалар түрлі аталымдар бойынша да марапатталды. Үздік көрсеткіш көрсеткендерге Қазақстандағы ЖОО-да тегін оқуға сертификаттар, ректор гранттары берілді", - дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жансұлу Төремұратова.

Олимпиада қортындысы бойынша барлық балалар ана тіліне деген құрметтері үшін түрлі сыйлықтарға ие болды.

Айта кету керек, марапаттардың көпшілігін Өзбекстан Республикасынан келген этникалық қазақтар жеңіп алды.