27 нау, 2020 сағат 09:02

Атырау облысында коронавирусқа шалдыққан 3 адам анықталды

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 27 наурыз түсте Атырау облысында үш адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. 

Елде қазір 124 адамға вирус жұққаны анықталды: Алматыда - 48 адам, Нұр-Сұлтанда - 61 адам, Қарағандыда - төрт адам, Жамбыл облысында - үш адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында - бір адам, Атырау облысында үш адам.

26 наурыз кешкісін Нұр-Сұлтанда бір әйел адам Covid-19 дертінен қайтыс болды. 25 наурызда Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда бір науқас дертінен айыққан еді.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті.

Ал 28 наурыздан бастап елдегі ірі үш қалада - Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкентте шектеулер күшейеді:

  • Енді үш қаладағы жұрт жұмысқа, азық-түлік және дәрі алуға ғана шыға алады.
  • Парк, жаяу жүргіншілер көшесі, жағалаулар, ойын алаңдары жабылады.
  • Қоғамдық көліктердің жұмысы шектеле бастайды.
  • Қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуға болмайды. Бұл шектеудің бір отбасының адамдарына қатысы жоқ.
  • Балалар ересектерсіз көшеге шығуға тыйым салынады.

Өткен жылдың соңында Қытайда алғаш рет тіркелгелі бері әлемде коронавирус жұқтырғандар жарты миллионға жуықтап қалды. АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің дерегінше, 27 наурызда әлемде вирус жұқтырғандар 530 мыңнан асты. 24 мыңнан аса адам қаза болып, 120 мыңнан астам науқас дерттен айықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялаған.