18 қаз, 2020 сағат 12:51

Атырау мұнай өңдеу зауыты ауаны ластағаны жайлы ақпаратты жоққа шығарды

Атырау мұнай өңдеу зауыты зиянды заттардың апатты мөлшерде шығарылуы туралы видеоны жоққа шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әлеуметтік желілерде Атырау мұнай өңдеу зауытында өндірілген зиянды заттың апатты мөлшерде шығарылуы туралы видео тарап жатыр. Осыған орай, 17-18 қазанда зауыт қондырғылары технологиялық режимде жұмыс істеп тұрғанын, жұмысында ақау жоқ және апатты жағдай болмағанын хабарлаймыз. Технологияға сәйкес каталитикалық крекинг қондырғысы жану өнімдерінің атмосфераға енуіне жол бермейтін заманауи BELCO (америкалық технология) түтін газын тазарту жүйесімен жабдықталған. Қоршаған орта температурасының төмендеуіне байланысты түтін құбырларынан жылу ізі айқын көрінеді, атмосфераға тарайтын ластаушы зат мөлшерінің артып кетуіне жол бермейді», - деп хабарлады мұнай өңдеу мекемесінің қоғаммен байланыс қызметі. 

Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде таңға жуық жағымсыз иістің байқалғанын жазып жатыр.