28 нау, 2017 сағат 08:10

Атырау МӨЗ-ді жекешелендірудің екі жолы бар - Шөкеев

Атырау мұнай өңдеу зауытын жекешелендірудің екі жолы бар. Бұл туралы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Кәсіпорында болған «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев зауыт қызметкерлерімен кездесу барысында «жекешелендірудің IPO периметрінде және периметрден тыс - екі түрлі нұсқасы қарастырылып жатқанын» хабарлады.  

«Егер жекешелендіру IPO периметрінен тыс жүзеге асса, зауыттың тағдыры «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ Атырау МӨЗ қарызын өтей алуына тікелей байланысты болмақ», - деп атап өтті Ө.Шөкеев. - Мәселе мынада, зауытты жаңғырту жұмыстары несиеге жасалған және бұл қарызды қайтару қажет. Егер қарызды өз мойнына алатын жеке кәсіпкер табылса, жақсы болар еді. Жеке тұлғаға бірнеше шарт қойылатын болады, соның ішінде ішкі нарықты қамтамасыз ету бар. Егер Атырау МӨЗ-ді алғысы келетін жеке тұлға табылса, зауытты қандай сомаға сату керек деген сұрақ туындайды. Біз енді бағдарлама алдында сатылым мәселесін қарастыруымыз керек».

Көпшілік Атырау МӨЗ «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ құрамында қалғанын жөн көріп отыр. Және компания IPO-ға шыққан кезде ғана зауытты жекешелендіруге болады, бұл «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ құнын арттыруы мүмкін, деп хабарлады Атырау МӨЗ баспасөз қызметі кәсіпорынды жекешелендіру түрлері туралы «ҚазАқпарат» ХАА сауалына берген жауабында.