07 нау, 2019 сағат 20:45

АТУ аруы анықталды

6 наурыз күні Алматы технологиялық университетінде жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі «ATU Aruy» байқауы өтті.

Шараның шымылдығы АТУ ректорының орынбасарының құттықтау сөзімен ашылып, ректордың атынан университет қабырғасындағы еңбегі үшін ұстаздар мен студент қыздарға алғыс хаттар табысталды.

Қонақтар мен АТУ-лықтарға арналған концерттік бағдарламада Нұртас Қайратұлы, «АТУ құрамасы» жайдарман ойыншылары өнер көрсетіп, көпшіліктің көңілін көтерді. Кештің арнайы қонағы, қазақ эстрадасының әншісі Ернар Айдар көрермендермен қосыла ән шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«ATU Aruy – 2019» байқауының финалдық кезеңінде университеттің 15 аруы бақ сынады. Олар – осыған дейін үш кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, 38 қатысушының ішінен суырылып шыққандар. Атап айтсақ, университет аруы атағы үшін Дүйсенбиева Дина, Айтқұл Аида, Тойқұл Әйгерім, Шайкенова Адель, Асанова Наилам, Шакимаратова Нұрханым, Үмбетова Гүлнұр, Сағдатова Қарагөз, Жеңісқызы Іңкәр, Данабай Гулнур, Қуанышова Жадыра, Ахметова Индира, Морозова Арина, Ақылбекқызы Наргиз және Наренбаева Гулдерайым бақ сынады.

«ATU Aruy – 2019» байқауының қатысушылары тек сұлулық талаптары бойынша ғана емес, ақыл-ой, білім, сахналық мәдениет, өнер, көркемдік шеберлік пен зияткерлік, шығармашылық қабілеттері бойынша да сынаққа түсті. Байқау 4 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең таныстыру, одан кейінгі кезең сұрақ-жауап, өнер көрсету және дефиле болды. Қатысушылар аталған кезеңдерде өздерінің жан-жақты білімі мен талантын таныта білді.

«ATU Aruy – 2019» байқауының қазылар алқасының құрамында Алматы технологиялық университетінің түлегі, «Қазақ аруы – 2007» байқауының жеңімпазы Альфина Насырова, «Бақытсыздар бағы» сериалының бас актрисасы, әнші Айгерім Қалмұратова, қазақ эстрадасының жұлдызы, әнші Рысбек Аташ, «Жас сахна» театрының актері, кастинг директоры Мадияр Ерғалиұлы, жас әнші Айгерім Мергенбай (Сиситай), жұлдызды hair-стилист Балнұр Қуантай болды. Шараның жоғары деңгейде өтуіне университеттің белсенді студенттері мен ұйым төрағалары да атсалысты. «АТУ аруы – 2017» байқауының жеңімпазы, «Тай-На» сән театрының жетекшісі Жолдасова Динара, университеттің Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Төлеген Хантөре, «Голден Тим» заманауи би тобының жетекшісі Кумаргазин Дінмұхаммед және жеңіл өнеркәсіп және бизнес факультетінің студенті Туманчин Данияр сұлулық байқауының басы-қасында жүріп, ұйымдастыру жұмыстарын атқарды.

Байқау қорытындысы бойынша «ATU Aruy – 2019» атағына Қарагөз Сағдатова лайық деп табылды. Сондай-ақ, Қарагөз «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алып, 20 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

«Байқауға бір ай бойы дайындалдым. Жеңіл өнеркәсіп және дизайн факультетінің 1 курсында оқимын. Жеңімпаз болғаныма әлі сене алмай тұрмын. Қарсыластарымның барлығы мықты болды. Менің озық болған тұсым – «Сұрақ-жауап» бөлімі мен өнер көрсетуде болды деп ойлаймын. Болашақта университетті аяқтап, танымал дизайнер болғым келеді. Мені қолдаған жақындарыма көп рақмет»,- деп алғашқы әсерімен бөлісті байқау жеңімпазы.

Ал І мисс атағына Жеңісқызы Іңкәр, ІІ мисс атағына Тойқұл Әйгерім лайық деп табылды. Үмбетова Гүлнұр «Талантты ару» номинациясын иеленіп, 20 мың теңге сертификатпен марапатталды.

Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан гүл шоқтары мен дипломдар, университеттің баспаханасынан шыққан арнайы фотосуреттері, сертификаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды. Шуақты көктемнің мерекесі аясында өткізілген шара қыздардың да, көрермендердің де көңіліне көктем лебін сыйлады.