16 қыр, 2016 сағат 07:22

“Атомдық аждаһа” мекенiне айналған Семей полигонының қасiретi Бiрiккен Ұлттар Ұйымына қалай жеттi?

1994 жылы қазан айының басында “Невада – Семей” қозғалысының “Аттан” жорық штабының жетекшiсi Амантай қажы Хан­темiрұлы бiр күнi менi үйiне жеке шақырды. “Ораз iнiм, саған Америка сапарына қатысты айтуға тиiс құпияны есiңе салуым керек. Онда баратынымыз рас. Бiрақ ол жақтан оралмай қалуымыз да мүмкiн. Өйткенi АҚШ-та атомға қарсы шеру-акция өткiзу оңай болмайды. Ал, Бiрiккен Ұлттар ғимараты алдында ұрандап, АҚШ-тағы атомдық сынақтар тоқтатылсын” деп онда жар салу тәуекелдi талап етедi. Бiр сөзбен айтқанда, мұхиттың арғы жағына “басымызды бәйгеге тiгiп барамыз”, – дедi. Сөйтiп, алда-жалда оқыс оқиғаға тап болып, ол жақтан оралмай қал­ған жағдайда өз еркiммен кет­кенiмдi айғақтайтын “ант-қа­ғазға” қол қоюды өтiндi. “Бұрын мұны неге айтпады екен” деп ойланып қалдым. “Шешiнген судан тайынбас” деген “бәрi өз ерiк-қалауым бойынша” деп қауiптi сапардың “ант парағына” қол қойдым. Яғни, өмiрiме қауiптi “жорық акциясына” журналист әрi сарбаз ретiнде қатысып, қандай қиындық, кедергi болса да қыңқ етпеуге келiстiм. Ертеңiнде елге келiп, (Райымбек ауданы) екi-үш күн аруақтардың басына Құран оқып, үлкендерден бата алып, Алматыға келiп, Амантай қажыға телефон соқтым. “Құдай қаласа, үшiншi қазан күнi “Отырар” қонақүйi жанындағы кассадан “Алматы – Стамбұл – Нью-Йорк” бағыты бойынша ұшаққа билет аламыз” дедi.

1994 жылдың жетiншi қазан күнi әуежайда “Невада – Семей” қозғалысының белсендiлерi сырт көзге “Бейбiтшiлiк маршы” деп плакат көтерiп, шерулеткен бiздi “Елге аман-есен оралыңдар”, “Жер бетiндегi барлық полигон жойылсын”, “Атомдық ақырза­ман­ға жол жоқ” деп ұрандатып шығарып салды.

Алғашқы кедергi, тосын жағдай әуежайда болды. Бас-аяғымызға дейiн тексердi. Құ­жаттары дұрыс болмағандықтан, аудармашы қыз бен тағы бiр-екi топ мүшесi қалып қойды. Стамбұлға бiзден бұрын жүк­терiмiз бен қапшықтарымыз кеттi. Соңында өзiмiз ұштық. Тоқсаныншы жылдардың барлық жердегi былық, аласапыраны әуежайда да болған.

Стамбұлда “Сунай” мейманханасына жайғасып, екi-үш күн осы қалада атомға қарсы акция – шерудi бастадық. Қала полициясы басында ескерту жасады. Соңында Қазақстандағы ядролық жарылыстардың қасiретiн бiлiп, атом құрбандары жөнiнде хабардар болған соң обалы нешiк, түрiк бауырлар бiздi түсiндi. Тiптi кейбiреулерi шеру-акцияға қосылып, “ұрандап” кеттi. Арамыздағы түрiк журна­лисi Енес Жансүйер оларға Қазақстандағы “Атомдық аждаһа” жөнiнде айтып, Семей полигоны туралы түсiндiрдi. “Сунай” мейманханасы төңiрегiндегi шеру қоғамдық көлiктердегi “акция-қарсылық” екi күнге созылды.

Қазанның 10-ы күнi Стамбұлдан Нью-Йоркке ұштық. Ұшақ iшiнде мен Жамбыл облысы, Сарыкемер ауылында экология мәселелерiмен айналысатын қазақшаға судай америкалық ғалыммен танысып, Семей полигоны жөнiнде әңгiмеледiм. Құдай өзi кездестiрген америкалық азамат Нью-Йоркке қонарда әуежай тәртiбiн түсiндiрiп, ағылшынша декларация қағазын толтырып бердi.

Нью-Йорк әуежайында толық тексерiлдiк. Ұран, плакаттардағы жазулар оқылды. Ағылшынша “Бейбiтшiлiк маршы” деген жазулар онша күмән келтiре қойған жоқ.

Әуежайда қарсы алған қа­зiргi Сыртқы iстер министрi Ерлан Ыдырысов ол кезде (1994) АҚШ-та БҰҰ-дағы Қазақстан өкiлеттiлiгiнде жауапты қызмет атқаратын. Ағылшынша судай өзi қарапайым Ерлан Нью-Йорктегi тәртiптi,Бiрiккен Ұлттар Ұйымындағы халықаралық мәселелердi түсiндiрдi. Нью-Йоркке бiз маңызды әрi күрделi үш мәселемен келген едiк. Бiрiншi БҰҰ ғимараты алдында қырық жыл қырғын салған Семей полигонындағы жарылыстардың қасiретiн әлемге әйгiлеу үшiн шеру-акция өт­кiзу. Екiншi – БҰҰ-ға осы мәселе бойынша арнайы Петиция тапсыру. Үшiншi – жер бетiндегi жой­қын атомдық сынақтар жасалатын АҚШ-тағы “Невада”, Қытайдағы “Лобнор” және Англия, Фран­циядағы полигондардағы жарылыстарды тоқтатудың қа­жеттiлiгiн БҰҰ-Қауiпсiздiк коми­тетiнiң назарына салу болатын.

Бас кеңесшiмiз Ерлан Ыдырысов ағылшынша, орысша, арабша жазылған плакаттардағы жазуларды, Петиция құжатындағы мәлiмдемердi оқып, кейбiр жерлерiн түзеп, әбден “сүзгiден” өткiздi. Сондай-ақ Семей полигонындағы жарылыстардың залалынан кемтар болып туған, кескiн-келбеттерi бұзылған балалардың суреттерi мен бүлiнген жер-судың көрiнiстерi бейнеленген буклеттер мен жазуларды қалай көрсетудiң жолдары қарастырылды.

Акция-шерудiң, яғни тәуекел етiп, БҰҰ ғимараты алдына барудың амал-жоспары жасалатын “штаб-пәтер” америкалық қа­зақ, түбi алтайлық Әбдуахиттiң үйi болды. Осы үйде басқосу үш-төрт рет өттi. БҰҰ ғимараты алдында күзеттiң өте қатаң, тәртiптiң ерекше екенiн Ерлан әбден түсiндiрдi.

Жаңылмасам қазан айының 13-i күнi сәске түске жақын асай-мүсейлерiмiздi буып-түйiп, плакат оралған қапшықтарымызды көтерiп, БҰҰ ғимараты маңына жақындадық. Мұздай қарулан­ған, бес қаруы сай күзетшiлер бiр-бiрiмен телефон арқылы өзара сөйлесiп жүр екен.

Жолай бiзге орысшаға судай, ұзын бойлы бiр америкалық кездейсоқ кездескен. Кiм екенiмiздi бiз оған толық айттық. КСРО-ның күйрегенiне қуанған ол аудармашы болуға келiстi. Акция аман-есен өтсе, қала сыртындағы үйiне апарып, қонақ ететiнiн айтты. Ол бiзден “Кеңес үкiметi құлады, ендi елде не болып жатыр” дегендi қайта-қайта сұрай бередi. Бәрiн бiлгiсi келедi, ақпарат алғысы келедi. Мен бұрын бұл кiсi Кеңес Одағында болған адам ғой деп ойладым. Бiрақ сұрамадым...

БҰҰ ғимаратының «Шаранский алаңына» келгенде, асай-мүсей­лерiмiздi шығарып, “Бейбiт­шiлiк маршы” өрнектелген ұзындығы 50 метрге жуық ақ матаны жазып, буклет суреттердi шығарып, iске кiрiстiк. Қаруланған екi күзетшi қасымызға келдi. Құдай жолай өзi кездестiрген әлгi америкалық азамат күзетшiлерге Амантай қажының сөзiн аударып, бiздiң мұнда шатақ шығару үшiн емес, жер бетiнде тыныштық, бейбiтшiлiк орнасын деп келгенiмiздi түсiндiрдi. “Тиiстi орындардан рұқсат бар ма” деп сұрады. Не айтарымызды бiлмей абдырып қалдық. Амантай қажы Алла жолында жүрген, Меккеде болған, әлемде бейбiтшiлiк үшiн күресушi белгiлi тұлға екенiн айтып, полигон зардабынан қасi­рет көрген халықтың мұң-зарын жеткiзу үшiн демократиялық ел – Америкаға келгенiн айтқанда күзетшiлер сенiп, тергеудi қой­ды. О баста БҰҰ ғимараты алдында жарты сағат өткiзсек – осы да жетедi деп Құдайдан тiлеген бiз – Алла тағаланың қолдауының арқасында жарты күн тұрып, Семей полигоны қасiретiн халықаралық беделдi ұйым алдында әлемге әйгiледiк. Осы да бiзге жететiн едi. Ертеңiнде Амантай қажының “арқасы қозып” екiншi күнi тағы келiп, жетпiс қабатты БҰҰ ғимараты алдында акцияны бұл жолы батыл әрi ұрандап жалғастырдық. Қайдан шыға келгенi белгiсiз, бiр полиция машинасы келiп, iшiнен шыққан екi әскери киiмдi адам ай-шайға қарамай, тiл бiлмейтiн бiздермен сөйлеспей, iлiнген плакаттардың жiптерiн қиып, акцияны тоқтатты. Әйтеуiр, өзi­мiзге тиiскен жоқ. “Жетедi ендi, жайларыңа кетiңдер” дегендi меңзедi. Қатты дауыстаған полицияның ерекше ескертiп, әбжiл қимылындағы әрекетi әлi көз алдымда тұр. Атам қазақ “Тәуекел, нартәуекел” деп текке айтпаған. Соңғы жұмыс БҰҰ ғимараты iшiне кiрiп, қауiпсiздiк комитетiнiң кеңсесiне жер бетiндегi атомдық жарылыстарды тоқтату туралы маңызды құжат – үндеу Петиция тапсыру болатын. Бұл шаруа сәтiмен болды. Үшiншi күнi мұнда таксимен келiп, БҰҰ ғимараты кеңсесiне кiрiп, Петиция мәтiнi жазылған “пакет-кон­верттi” арнайы бөлiм­ге тапсырдық. Түрi арабқа ұқ­сайтын әйел “Петиция – хатты” тiркеп, Амантай қажы екеуiмiзге бiртүрлi таңдана қарағаны есiмде. Осы күнi БҰҰ ғимаратында бiр мәдени шара өтiп жатқан болатын. Осында суретке түстiк.

БҰҰ ғимаратына жақын жерде Түркия елшiлiгi бар екен. Ондағы қандас бауырлар сырттан бәрiн көрген ғой. Бiзге тiлеулес болды.

Жердi осiнен тайдыра жаздаған полигондардың бiрi – Қытайдағы “Лобнор” аждаһа ошағы едi. Нью-Йорктегi Қытай кон­сулдығы алдында акция у-шусыз өттi. Атақты “Азаттық” ескерт­кiшi маңында өткен акцияны әр елден келген туристер көрдi. “Бейбiтшiлiк маршы” кейiн теракт құрбаны болған Дүние­жүзiлiк сауда орталығында жал­ғасты.

Атлант мұхиты жағалауындағы акциялар калың көпшiлiктiң ортасында жалғасты. Нью-Йорктiң маңында КСРО-дан келген еврейлер, орыстар, тағы да басқа ұлт өкiлдерi бiздi қолдады. Амантай қажы “Америка дауысына” сұхбат бердi.

Брайтин-Бричте Құдай өзi сақтап қалған бiр оқиғаны айтпауға болмас. Ұран-сөздерi жазылған плакат-матаның бiр шетi бөренеге iлiнген едi. Құйын соғып, бөрене құлап, оның астында отырған әйелдiң басын жарып кете жаздады. Егер бөрене қарақұстан тигенде, әйел тiл тарт­пай кетер едi. Сөйтiп, бiз ұсталып, Америкада жазаланар едiк. Бұл жолы да Құдай өзi сақтады. О баста Амантай қажы сапарда қауiп-қатердiң болатынын текке ескертпеген екен. Америка сапары алдында Мәскеуде Қызыл Алаңда болған акция кезiнде тұтқындалған “жорық штабы” мүшелерiнiң басынан не өтпедi.

1996 жылы қыста Стамбұл –Анкара –Анталия қалаларына акция жалғасты. Ол кезде мен “Халық конгресiнде” емес, “Заман-Қазақстан” газетiнде болатынмын. Түркиядан өтiп, Сирияға барып, одан Иордания арқылы Сауд Арабиясында “Атом аждаһасы” жөнiнде мұсылман ел­дерiне үндеу тастау едi. Өйткенi мұсылман елдерi үшiн жер бе­тiнде сыналып келе жатқан атом бомбасы ақырзаманды елес­теттi. Егер ядролық соғыс болса жердiң осiнен тайып, әлемде тiршiлiктiң тоқтайтындығын ғалымдардың өзi дәлелдеп, халықаралық “телекөпiрде” мұны көз алдымызға сан мәрте әкелген. Бес ұлы держава – АҚШ, КСРО, Англия, Франция және Қы­тай жер шарының әр түкпi­рiнде сексенiншi жылдары жойқын атом қаруларын сынап жатты. Оның iшiнде КСРО-ның ядролық қаруы қазақ жерiнде, Семей өңiрiнде сыналып, жарылыстар тоқтамады. Жер уланып, аймақ бүлiнiп, тұрғындар ауру-сыр­қауға шалдығып, қасiретке ұшырады.

Осы қозғалыс құрылған 1989 жылдан бастап соңына дейiн оның шерулерi мен акцияларын, ұрандары мен талаптарын баспасөзде насихаттау барысында талай құпияға көзiм жеттi. Алматыда өткен бiрнеше (1993, 1994) халықаралық ядролық конгреске қатысып, қазақстандық қозғалыс жөнiнде көп жаздым. Жазғандарым тiптi кiтап болып дайындалды. Өкiнiштiсi, белгiлi себептермен жазғандарым Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарындағы дағдарыс кезiнде еңбегiм (“Атомға қар­сы”) жарыққа шықпады.

Қырық жыл қырғын салған Семей полигонын тоқтатып, әлемге қауiп төндiрген АҚШ, Қытай және Англия, Франциядағы ядролық жарылыстарды болдырмау жолында жанқиярлық көрсеткен “Невада – Семей” қозғалысының әрекетi, оның “Аттан” жорық-штабының ерлiгi ұмытылуға тиiс емес.

Нью-Йорктегi акция кезiнде бiзге қосылған екi қазақ қоңырат Күнтуған мен жоғарыда айтыл­ған Әбдуахиттiң бауырмалдық қасиетi мен қол ұшын берiп, көмектескендерi өзалдына әң­гiме. Бiреуi көлiгiмен алып жүрдi, екiншiсi үйiне жатқызып, барлық жағдай жасады. Ағылшынша судай олардың бауырмалдығында шек жоқ едi. “Атамекендi атом ұясына айналдырған Кеңес үкiметiне түбiнде зауал келген жоқ па” деп Күнтуған қарияның кейiп айтқан сөзi жанымда жатталып қалды.

Бiрiккен Ұлттар Ұйымы алдында сәттi шеру, қарсылық акциясын өткiзiп, Петиция тапсырып, көңiлiмiз орнына түскен соң, Күнтуған қария үйiне қонаққа шақырды. Нью-Йорктегi қазақ Күнтуғанмен алпысыншы жылдары Мұхтар Әуезов, жетпiсiншi жылдары Шәкен Айманов, тоқсаныншы жылдары iссапар­мен барған министр Шайсұлтан Шаяхметов кездескен.

Ұлы Мұхаң Семей полигонының сойқан-сүргiнiн елуiншi жылдары сезiп, iштен тынған. Өйт­кенi, Семей өңiрi, Абыралы аймағы, Шыңғыстау өлкесi Мұхаңа бала кезiнен таныс. Осы өлкеде туып-өскен. 1958 жылы Жапония­да өткен сутегi бомбасына қарсы әлемдiк жиында Мұхаң атомдық сынақтар жөнiнде айтқан да болар.

Жалпы, атомдық сынақтардың зардабы жөнiнде қазақтың ұлтжанды перзенттерi елуiншi жылдардың ортасында айта бас­таған. Бiрақ олардың үнiн шығармады. Полигонның залалы мен зардабы, iндет таратқан қасi­ретiн Кремль құпия ұстады. Қырық жылғы құпия кейiн ашылды. Соңында Қазақстан прези­дентiнiң жарлығымен полигон жабылды. Одан берi ширек ғасыр өттi.

Атомға қарсы жанқиярлық күресте Бiрiккен Ұлттар Ұйымына Петиция тапсырып, онда акция өткiзген (жетекшiсi Амантай қажы) жетi ержүрек жөнiнде жұрт бiле бермейдi. Бұл “полигон қасiретi” тарих үшiн керек. Мен бәрiн қоспасыз, қаз-қалпында баяндап, бұдан 22 жыл бұрынғы оқиғаны еске алдым.

Ораз ҚАУҒАБАЙ,

“Невада – Семей” қозғалысының ардагерi, бұрынғы “Халық конгресi” газетiнiң АҚШ-қа барған (1994) арнаулы тiлшiсi.

"Жас Алаш" газеті