#
#
Бейсенбі 17/10/2019

Атлах қаласының орнында барлау-қазба жұмыстары жүргізіледі

  • 24.09.2019
  • 0
  • 334

Жамбыл облысындағы Атлах қаласының орнына барлау-қазба жұмыстары жүргізіледі. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов жауапты тұлғаларға нақты тапсырма берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Жамбыл ауданындағы жұмыс сапары барысында Атлах-Талас шайқасы өткен орынға арнайы барып, тарихи шайқастың маңыздылығын тілге тиек етті. Оны насихаттау мен таныту жұмыстарына дұрыс көңіл бөліп, осы бағытта нақты шараларды қолға алу керектігін баса айтты. Сондай-ақ, өңір басшысы жауапты тұлғаларға қаланың орнында қазба жұмыстарын жүргізу үшін алдымен кешенді археологиялық ғылыми-зерттеу мен барлау-қазба шараларын ұйымдастыруды тапсырды.

Жамбыл облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы директорының орынбасары Сауран Қалиевтың айтуынша, бұл жұмыстарға жергілікті тарихшы-археолог ғалымдарды тарту арқылы жүзеге асыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Оған аймақ басшысының тапсырмасына орай келер жылы облыстық бюджеттен қаржы қарастыру көзделуде.

Айта кетейік, Атлах шайқасы біздің жыл санауымыздың 751 жылы Тараздан 25 шақырым жерде орын тепкен Атлах қалашығының маңында өтті. Шайқас қытай және араб әскерлерінің арасында болған. Белгілі тарихшы-ғалым Махмуд Қашқаридың мәліметінде: «Атлах – Тараздың маңындағы қаланың аты». Ал, А.Бернштамның жазбаларында: «Атлахтың қалдығы – Жуантөбе. Қазір ол құлаған. Қамал мен қаланың қалдығынан төбеге айналып, 280-140 метр жерді алып жатыр.Төңірегінде қорғаны, оның сыртында егін алқабы болған» - деген дерек кездеседі.

Тарихшылар Қытай әскері Арабтардан осы Талас бойындағы шайқаста тас-талқан болып жеңілгеннен кейін, екінші рет түркілер еліне беттемегенін айтады. Қытай әскері осы жеңілістен соң өзінің Орта Азияға жүргізген экспанциялық саясатынан бас тартқан көрінеді. Яғни, Атлах-Талас шайқасы бүкіл Орталық Азияның тарихи, мәдени және саяси картасын өте қатты өзгерістерге ұшыратуға себеп болған тарихи оқиға.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар