04 қаң, 2019 сағат 12:25

Атамқұлов Өзбекстан және Тәжікстан Сыртқы істер министрлерімен телефон арқылы сөйлесті

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов өзбек тарапының бастамасымен Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, сондай-ақ Орталық Азия елдері басшыларының екінші жұмыс (консультативтік) кездесуіне дайындық жұмыстарын талқылады.

Өзбек тарапы екі бауырлас халықтар арасындағы рухани ортақтық пен достықты одан әрі нығайтуға үлкен үлес қосқан Қазақстандағы Өзбекстан жылын өткізуге қолғабыс көрсеткені үшін қазақстандық тарапқа алғысын білдірді. Сонымен қатар, Өзбекстан СІМ басшысы 2019 жылы Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясындағы іс-шараларды өткізуде қажетті көмек көрсетуге дайын екендігіне сендірді.

А. Камилов Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Б. Атамқұловты жаңа лауазымға тағайындалуымен құттықтап, кез-келген қолайлы уақытта Ташкентке ресми сапармен келіп кетуге шақырды.

Сондай-ақ, Министр Б. Атамқұлов Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен телефон арқылы сөйлесті.

Тараптар қазақстан-тәжік қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен перспективаларын, сонымен қатар Тәжікстандағы АӨСШК бесінші саммитін өткізу мәселелерін талқылады.

Тәжікстан СІМ басшысы Б. Атамқұловты Сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтап, жоғары қызмет орнында табыстар тіледі.