21 мау, 2018 сағат 14:20

«Атамекеннің» еншісін бөліп, бөлек шығардық - Сағынтаев

Биыл Үкімет пен «Атамекен» палатасы арасындағы бесжылдық келісімнің мерзімі аяқталады. Осыған байланысты билік кәсіпкерлер ұйымының құрамынан шығады. Ал қазіргі әріптестік жаңа келісімнің негізінде жалғасады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Енді, өздеріңіз жақсы білесіздер, нәресте дүниеге келгенде ата-анасы оны әлпештеп өсіреді. Аяғына тұрғанша қамқорлық жасайды. Ал аяғына тұрып кеткен баланың түйсігі болса, ол ата-анасына қамқорлық жасайды, өзіне тірек болады. «Атамекен» бес жылдың ішінде жылдап емес, күнде өсті. Бес жылда жүріп өткен жолын қараңыздар. Бүгінде «Атамекен» Үкіметтің тірегіне айналды. Бес жыл өтті. Енді, біз өз өкілеттігімізді тоқтатып, қазақша айтқанда «Атамекеннің» еншісін бөліп беріп, үлкен жолға шығарып отырмыз. Біздің айтарымыз, ақ жол!», - деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» ҰКП-ның V сьезінде.

Үкімет басшысының айтуынша, билік кәсіпкерлер ұйымының құрамынан шықса да, әріптестік байланыс жалғаса береді.

«Осымен екі жаққа кетеміз деген сөз емес. Керісінше, қазірдің өзінде біз мықты командаға айналдық. Мен бір ғана мысал келтірейін, Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысы кезінде қызу пікірталастар болып жатады. Сонда әріптестерімізге салмақты бір уәж таппай қалғанда біз «Атамекен» қарсылық білдірді дейміз де, болды. Осымен пікірталас басылады. Әріптестеріміз болса, бұндай «Атамекенді» қайдан алсақ екен деп шығады. Себебі бәрі бір нәрсені жақсы біледі. Одақ аясындағы кез келген жұмыс бизнеске тиімді болуы қажет», - деп атап көрсетті Б.Сағынтаев.

Сьезд барысында Үкімет пен «Атамекен» ҰКП арасында жаңа келісімге қол қойылды. Соның негізінде билік пен бизнестің әріптестік байланыстары жалғаса береді. Бірақ ұйымның құрылтайшылар құрамында тек кәсіпкерлер ғана қалады.

«Осымен өзара іс-қимылдың тетіктері белгіленді. Біз жемісті әрі тиімді жұмыстың жалғаса беретініне сенеміз. Шынымен де, бес жылдың ішінде Үкімет лайықты әрі кәсіби әріптесін тәрбиелеп шығарды. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде біраз шаруалар атқарылды. Аталған әріптестік жалғаса береді», - дейді «Атамекен» ҰКП президиум төрағасы Тимур Құлыбаев.

Айта кетейік, бес жылдың ішінде «Атамекенге» бизнесті қорғау бойынша 23 573 арыз-шағым түскен. Соның 40 проценті оң шешімін тапты. Соның нәтижесінде кәсіпкерлердің меншік құқығы 111,3 миллиард теңгеден астам сомаға қорғалды. 2016 жылы Қазақстанның бизнес-омбудсмен институты енгізілді. Құқық қорғау органдары тарапынан кәсіпкерлерге жасалатын қысым деңгейі айтарлықтай төмендеді. Экономикалық қылмысты алғаш рет жасаған әрі өз еркімен залалды өтеген тұлағаларды жауапкершіліктен босату тетігі енгізілді. 2016-2017 жылдары жасалған рақымшылық шараларының арқасында 400-ден астам кәсіпкер экономикалық қызметке қайта оралды.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен дауларды сотқа дейін реттеу механизмі енгізілді. ҚР Қаржы министрлігінің жанынан салық және кеден даулары бойынша апелляциялық комиссия құрылды. Бүгінге дейін салық және кеден тексерулеріне қатысты 157 шағым қаралып, шамамен 40% бизнестің пайдасына шешілді.

Палата құрылғаннан бері 22 300 нормативті құқықтық актінің жобасына сараптама жасалды, оның ішінде 434-тен астам заң жобасы қаралды. Бизнестің ұсыныстарын ескеру көрсеткіші айтарлықтай өсті. 2015 жылы 30 процент болса, биыл ұсыныстардың 73 проценті ескерілді. Үкіметпен бірге 800 рұқсат қысқартылды (1115 болған, қазір 315-і қалды). Бұдан кәсіпкерлер жыл сайын 1,5 млрд теңгені үнемдейді.

2016 жылы «Atameken Services» жобасы іске қосылды. 76 қызмет автоматтандырылды. Онлайн режимде 18 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Осының негізінде «Бизнеске арналған үкімет» жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Бұдан бөлек, «Бастау Бизнес» жобасы аясында xалықты бизнеске үйрету шаралары қолға алынды. 2017 жылы 15 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат оқытылды. Оның ішінде 8 мыңнан астамы бизнес-жобаларын қорғады, 3314 азамат бизнесін ашты және ұлғайтты. Шамамен 10 мың жұмыс орны ашылды. Биыл 30 мың адам оқыталады.