30 нау, 2020 сағат 11:52

«Атамекен» коммерциялық жылжымайтын мүлік иелерінен шағын бизнес өкілдерін қолдауды өтінді

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы коммерциялық нысанды немесе мүлікті жалға беріп отырған кәсіпкерлерге өтініш білдіріп, оларды шағын бизнес өкілдерін қолдауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің директоры Шыңғыс Темірдің айтуынша екі аптадан бері палатаға әртүрлі мәселе бойынша кәсіпкерлерден 11 мың өтінім келіп түскен. Ең жиі түскен сұрақтардың жауабын Atameken.kz сайтынан табуға болады. Кәсіпкерлер дәл осы сайтқа және 1432 қысқа нөміріне хабарласып, сұрақтарын қалдыра алады.

«Бизнес бізге қандай мәселе бойынша жүгініп отыр? Кәсіпкерлерді мазалайтын маңызды мәселенің бірі – жалға алынған нысан немесе мүлік бойынша төлем. Яғни, жалға алушы мен жалға берушінің арасындағы проблема. Сұрақтардың 60 пайызына жуығы осы мәселе төңірегінде келген. Олардың ішінде 86 пайызы шағын бизнес, 12 пайызы орта және 2 пайызы ірі бизнес өкілдерінен келді. 62 пайызы қызмет көрсету саласының өкілдері. Яғни, енгізілген шектеулерден зардап шеккендердің алғашқы легінде осылар тұр», - деді Шыңғыс Темір Facebook парақшасында тікелей эфирден.

Департамент директоры қандай жағдайда кәсіпкер «Атамекен» палатасына жүгіне алатынын айтып өтті.

«Палата қазір жалға алушы мен жалға беруші арасындағы проблеманы медиация арқылы шешуге болатын алаңды құрды. Ол қалай жұмыс істейді? Жалға мемлекеттік немесе квазимемлекеттік сектордың нысаны, болмаса коммерциялық мүлік берілуі мүмкін. Яғни бизнес өкілі келесі бизнес өкілінен нысанды жалға алуы ықтимал. Мемлекеттік мүлікті жалға алу мәселесі толығымен шешілді деп айтуға болады. Онда мәселе жоқ. Мемлекеттік комиссияның отырысында Президент әкімдіктерге «20 наурыздан бастап 3 айға дейін ШОБ субъектілерінің мемлекеттік мүлікті жалға алу бойынша төлемнен босатылуы керектігін» тапсырды. Ол үшін мемлекеттік мүлік порталына (Госреестр.кз) кіріп, электронды цифрлы қолтаңба арқылы жалға алу келісіміне қосымша келісім жасау керек. Осы құжат арқылы сіз жалға алу төлемінен 3 айға босатыласыз», - дейді ол.

Ал коммерциялық мүлік бойынша департамент директоры біршама мәселе барын мойындады.

«Бір жағынан жалға берушінің үшінші тұлғаның немесе коммнуалдық қызметтің, бюджеті мен жұмыскерлерінің, банктің алдындағы өз міндеттемесі бар. Екіншіден кірісі жоқ кәсіпкер жалға алып отырған орны үшін ақша төлеуі тиіс. Мұндай жағдайда сіз «Атамекен» палатасының жергілікті филиалына жүгінуге немесе 1432 нөміріне хабарласуға болады. Біз қазір жалға беруші мен жалға алушыларды бір алаңға жинап, медиациялық келіссөздер арқылы проблеманы еңсергіміз келеді. Қазір мемлекет кәсіпкерлерге біршама жеңілдік ұсынды. Ол жеңілдіктерге жалға берушілер де ілінуде. Ол қолдау шараларының ішінде салықтың кейбір түрінен босату, несиені кейінге шегеру, айлығы төмен отбасыларға төлем беру және коммуналдық төлемдерді шегеру тетіктері бар. Яғни тиісті механизмнің бәрі бізде бар», - дейді ол.

Шыңғыс Темір бұл мәселені шешуді Президент өңірдегі әкімдерге де тапсырып отырғанын жеткізді. 

«Біз қазір жалға берушілерге өтініш білдіргіміз келеді: бүкіл елдің амандығы бірлікке сүйеніп тұрған кезеңде шағын бизнес теңдессіз соққы алып отыр. Мұндай жағдайда жалға беруші бизнеске көмек көрсетуі керек. Әлбетте несие мен басқа да міндеттемелер бар. Жалға беруші өз шығынын да жабу керек. Әйтсе де біз де оларға көмектесуге дайынбыз. Егер сіздердің банкте проблемаңыз болса оны шешіп беруге тырысамыз. Салықтан қиындығыңыз болса ол салада сізге көмек қолын созатын мамандарымыз бар. Егер сіздер жұмыскерлеріңізді ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болсаңыздар, бұл ретте де оларға минималды айлық беру мәселесімен айналысуға әзірміз. Қандай мәселемен бетпе-бет келсеңіздер де сіздер шағын бизнеске жүктемені азайтамын десеңіздер, қолдауға барынша дайынбыз», - деді ол.