25 мам, 2017 сағат 07:36

"Атамекен" бағдарламасы тұжырымдамасының жобасы талқыланды

24 мамырда ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінде «Атамекен» ішкі бағдарламасы тұжырымдамасының жобасы талқыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталмыш бағдарлама Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында берген тапсырмасы бойынша әзірленген «Туған жер» бағдарламасының, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының құрылымдық бөлімі болып табылады.

Кездесу барысында үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылық қауымдастық өкілдері үш негізгі жобадан: «Азаматтық бастамалар картасы», «Азаматтық бақылау», «Жомарт жүрек» тұратын  ішкі бағдарламаны іске асырудың негізгі тұжырымдамалық тәсілдемелерін қарастырды.

«Азаматтық бастамалар картасы» негізгі жобасының басты міндеті өңірлердің көкейкесті қажеттіліктерін анықтау, азаматтық бастамаларды ынталандыру, сондай-ақ мемлекетті, бизнес-құрылымдар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен еріктілерді өңірлік жобаларды жүзеге аыру мен қолдауға тарту болып табылады.

«Азаматтық бақылау» жобасының мақсатыайрықша өткір әлеуметтік маңызы бар мәселелрді жедел шешу, сонымен қатар мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін азаматтардың бағалау механизмін құру.

«Жомарт жүрек» негізгі жобасын іске асыру тұрғындарды кіші отанды дамытуға қатысуына ынталандыруға бағытталған. 

Іс-шараға Ерлан Саиров (саясаттанушы), Айгуль Соловьева («Аймақ» ҚҚ), Есентүгел Елеукен («Қазақстан КВН одағы» РЖҚБ), Қанат Әуесбай (ҰАҚ «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» сараптау комиссиясының мүшесі), Қайрат Елубаев («Қаһарман ұрпақ» ҚҚ), Баян Ахметжанова («Ардагер» ҚҚ), Елена Дмитриенко («Жұлдыз» ҚБ), Чингиз Лепсибаев («Eurasian Expert Council» ҚҚ), Нұрлан Өтеш (ҰАҚ «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы») және т.б. қатысты.

Талқылау барысында кездесу қатысушылары жобаларды іске асыру бойынша бірқатар шаралар ұсынды.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі А.Нүкенов «Атамекен» ішкі бағдарламасының тұжырымдамасын іске асыру азаматтық бастаманы арттыруға септігін тигізеді деп атап өтті. Аталмыш жоба аясында әлеуметтік және өзге мәселелерді шешуге әр азаматтың үлес қосу мүмкіндігі қарастырылған. Мысал үшін, ЭЦҚ арқылы азаматтардың көкейкесті мәселелері мен оны шешу жолдары бойынша ұсыныстар жолданатын интернет-портал құру жоспарланған.  

Саясаттанушы Ерлан Саиров бұл жобаларды жүзеге асыру барлық қазақстандықтарды біріктіруге мүмкіндік береді деп атап өтті. Осы орайда аталмыш интернет-порталды әзірлеу мен ілгерілету үдерісіне барлық азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету үшін, бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыруды ұсынды.

Өз кезегінде, белгілі журналист Қанат Әуесбай жобаларды іске асыруда жобалардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін (KPI) ескеру қажеттілігін айтты.  

Іс-шара қорытындысы бойынша ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі А.Нүкенов үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылық қауымдастық өкілдерін сарапшылар мен кеңесшілер ретінде жобалық топтардың жұмысына, сондай-ақ іске асырылып жатқан жобаларға қоғамдық мониторингке белсене қатысуға шақырды.