28 мау, 2019 сағат 10:23

Атамбаев: Жээнбековті заңды президент деп мойындамаймын

Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев Кой-Таш ауылындағы үйінде. 27 маусым 2019 жыл.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев өзін тиіспеушілік мәртебесінен айырған парламент шешіміне қатысты пікір білдірді.

Кеше, 27 маусымда парламент экс-президент Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Осылайша, тергеу органдары Атамбаевты ұстап, оны тергеуге құқық алған. Бас прокуратура экс-президентке тағылған жемқорлық, заңсыз баю және лауазымын асыра пайдалану сияқты айыптарға негіз тапқан.

Кой-Таш ауылындағы үйінде журналистер сұрағына жауап берген экс-президент өзіне айтылған айыптарды жоққа шығарды. Ол "қылмыстық іс қозғалған жағдайда тергеуге бармаймын" деді.

- Адвокатым бар. Прокурорлардың сұрағы болса, жазбаша жауап береміз. Маған айтылып жатқан айыптардың бәрі - жала. Тергеудің қалай жүріп жатқанын көріп тұрмыз ғой, - деді Атамбаев.

Бұрынғы президент Қырғызстанның "заң шеңберінен шығып кеткенін" айтты. Атамбаевтың сөзінше, "қазіргі билік өз адамдарын ғана қорғап, өзіне жақпағандарды кез келген сылтаумен түрмеге жауып тастайды".

Экс-президент басқа елге көшпейтінін айтты. "Бұл - менің отаным. Қашатын - басқалар. Мені құртуды көздегендер ерте ме, кеш пе өздері қашады. Сөзіме сен" деді журналистердің біріне Атамбаев.

Азаттықтың Қырғыз қызметі журналисінің "Қазіргі президент Сооронбай Жээнбековке көзқарасыңыз қандай?" деген сұрағына экс-президент "Мен оны мойындамайтынымды бұған дейін де айтқанмын. Оның қаншалықты заңды президент екені үлкен күмән тудырады" деп жауап берді.

Былтыр Қырғызстанда өткен президент сайлауы кезінде Жээнбековке қолдау көрсеткені туралы айтқандарға Атамбаев "жаңылмайтын адам жоқ" деп жауап берді.

- Пайғамбар "мен де адаммын, мен де қателесемін" деген. Ал мен - пайғамбар емеспін. Айналамдағы достарыма қараңдаршы. Ең жақын досымның бірі - Сооронбай Жээнбеков, екіншісі Иса Омуркулов еді. Бірақ мен адамдардың алда не істейтінін болжап біле алмаймын, - деді бұрынғы президент.

Атамбаевқа депутаттар тағып, Бас прокуратура негізді деп тапқан айыптар мыналар:

  • Атамбаев үй салған Кой-Таш ауылында жерді заңсыз басып алу;
  • Қылмыстық топ мүшесі Азиз Батукаевты заңсыз босату;
  • Заңсыз баю;
  • Бішкек ТЭЦ-ін жаңарту жобасы кезіндегі жемқорлық әрекет;
  • Бішкек ТЭЦ-іне заңсыз көмір тасымалдау ісіне қатысы болуы мүмкін.

Қырғызстанда бұрынғы президент мәртебесіне Роза Отунбаева мен Алмазбек Атамбаев ие. Ал халық толқулары нәтижесінде биліктен кетуге мәжбүр болған елдің бірінші президенті Асқар Ақаев пен екінші президенті Құрманбек Бакиевке ондай мәртебе берілмеген.

Азаттық