27 жел, 2017 сағат 10:34

Ата-ана баласын жұбатуға гаджетін беруді доғаруы тиіс - Сауытбек Абдрахманов

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл заңның нақты жұмыс істеуі ата-аналарға, олардың өз балалары, немерелері үшін жауапкершілігіне тікелей қатысты. Мектептерде «ақ интернетті» қанша жерден енгізсек те, бірақ ата-аналар баласының тәрбиесіне тиісінше көңіл бөлмесе, яғни не көріп жүргеніне, қай кезде теледидар алдында отырғанымен ісі болмаса, өзінің компьютерін балаларының беталды ашып отыруына жол беріп отырса, гаджетін кез келген жерге тастай салатын болса, сондай-ақ тіпті баласына жаны ашығандықтан немесе жұбату үшін көңілін аулауға қолына смартфонын берсе, онда бұл заңнан нақты нәтиже шығуы өте қиын», - деп атап өтті депутат Сауытбек Абдрахманов заң жобасын тақылау барысында.

Осы орайда ол ата-ананың жауапкершілігі өте маңызды екенін, сондықтан Қазақстан халқы осы мәселелерді ескеруі қажет деп қадап айтты.

Заң жобасында Қазақстан Республикасының 1 кодекске және 3 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.