16 там, 2017 сағат 07:27

Ат бәйгесіне «кіру жарнасы» деген бәлені кім шығарған?

Ат бәйгесі - атам қазақтың ежелден еншісі бөлінбеген ортақ дәстүрі. Құлақ естіп, көз көрмеген жерде бәйге болса оған кез келген қазақтың ат қосуға қақысы бар. Ірілі-уақты ат бәйгесінің соңғы сәні аламан бәйгемен аяқталған. Дүлдүл ақнымыз Ілияс Жансүгіров: «Асын жеп, атын шауып тарқағалы»- деп сондықтан жырлаған болар. Асқа, тойға ат қосуға ешкім шектеу қоя алмаған.

Ұлттық дәстүрімізге балта шапты деген кешегі кеңес өкіметінің кезінде де ат бәйгесі қағажау көрген жоқ. Тағы да Ілиястың ғажайып «Құлагер» поэмасындағы мына бір жолдарға назар аударайық:

Бүгінде автом да бар, атым да бар,

Бәйге алу самолетпен салтымда бар.

Бізде жоқ Сағынайдың сасық асы,

Тойында октябрдің атым шабар.

Иә, кеңестік кезеңде октябрь мейрамы, Ұлы Жеңіс күні бір де бір рет ат шабыссыз өтпегені тарихи шындық. Кейін төл тойы мерекесінде де ат шабатын болды. Ақсуат өңіріндегі аңызға айналған соңғы жүйрік – Еркежиреннің бағын ашқан төл тойы еді.

Егемендік алдық деп бөркімізді аспанға атып жүрген бүгінгі заманда күннің ашық, айдың аманында қазақтың нөмірі бірінші спорты – ат бәйгесі әлдекімдердің саудасына түсе бастады. «Байдың асын байғұс қызғанады» дегендей, біреу жасап жатқан тойда бәйгеге ат қосу үшін «Кіру жарнасы» деген бәлені төлеуің керек. Ақшаң жоқ болса атың бәйге жолына шықпайды. Бұрын «Ауыл итінің құйрығы қайқы» деген сөзді жиі естуші едік, енді бұған қосымша «Ауыл атының жолы ашық» дегенді еститін шығармыз. Қазір бір ауылда бәйге бола қалса, көршілес ауылдың жүйрігін қостырмайтын жаман әдет шықты. Биылғы наурыз мерекесінде Көкжыра ауылы көршілес Екпін ауылының атын бәйгеге қостырмай «кәпірлік» танытты.

Атам қазақтың «Қымызы көл, еті тау» болған небір ұлы астарында «кіру жарнасы» деген мүлде болмаған. Мәселен, атақты Сағынайдың асында 1300 ат шапты деген аңыз бар. Сонда әкесіне ас беріп отырған керей руының атақты паң Нұрмағамбеті кіру жарнасына қазіргілерше бір жылқыдан кіру жарнасын алар болса, 1300 жылқы жинап алған болар еді-ау.  Бірақ бабамыз қазақ мұндай тексіздікке ешқашан бармаған, оған жол да бермеген. Ас-той болмаған жағдайда атқұмарлар бірігіп, өз қалталарынан шама-шарқына байланысты ақша шығарып, ат жарыстыратын болған. Әрине, мұндай жағдайда ақша қоспағандарды бәйгеге қатыстырмайды. Оған өкпе де жүрмейді.

Қазіргі ат бәйгесінің бас жүлдесіне машина қойған атқұмарлар да көп. Кіру жарнасын шағарып жүргнедер де солар. Олар ат қосушылардың есебінен бәйгеге берген сол машинасының құнын шығарып та алады. Ат спортын саудаға салған мұндай жалған атаққұмарлықтың пайдасынан зияны басым. Атамыз қазақтың ең қасиетті өнері - ат спортын саудаға салмай-ақ қойғанымыз абзал. Ұлттық дәстүрді көздің қарашығындай сақтау – бүгінгі ұрпақтың ұлы борышы болуға тиіс.

Мейрам ОРАЛОВ,

 журналист.

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы,

Ақсуат ауылы.