24 там, 2016 сағат 07:46

Астаналықтар Олимпиада жүлдегерлерін салтанатты түрде күтіп алды (Фото)

Бүгін Астана қаласының халықаралық әуежайында Рио Олимпиадасының чемпиондары мен жүлдегерлерін салтанатты күтіп алу шарасы өтті, деп хабарлайды Baq.kz.

Түнгі сағат 1.30-да Астана әуежайында жанкүйерлер мен Олимпиадаға қатысқан спортшылардың туған- туыстары, достары жиналды.

Елордаға келген спортшылардың қатарында боксшылардан Біржан Жақыпов, Олжас Сәттібаев, Берік Әбдірахманов, Қайрат Ералиев, Абылайхан Жүсіпов, Жәнібек Әлімханұлы, Иван Дычко, Әділбеков Ниязымбетов, Василий Левит, Данияр Елеусінов, Жайна Шекербекова, Дариға Шәкімова, ал балуандардан Жұлдыз Ешімова, Екатерина Ларионова, Эльмира Сыздықова, Гүзел Манюрова болды.

Байрақты бәсекеге қатысушыларды күтіп алуға Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев те келді.

«Олимпиада жұлдыздарын құттықтаймын. Сіздер халықтың және осында тұрған азаматтардың сенімін ақтадыңыздар. Сіздер төртжылдықтың басты додасында ел намысын қорғадыңыздар. Сіздер нағыз батырсыздар. Мен сіздердің жаттықтырушыларыңызды және ата-аналарыңызды ұлы жеңіспен құттықтаймын. Жеңістен жеңіске жете беріңіздер», – деді қала әкімі.

Ал Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов жанкүйерлерге шексіз алғысын білдірді.

«Қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахмет. Мұхиттың арғы жағында болсақ та жанкүйер болғандарыңызды сезіндік. Біріншіден, спортшыларға осындай жағдай жасап жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа мың алғыс. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевке де алғысымды білдіремін. Осындай жетістікке жетуіміз бапкерлеріміздің арқасы. Әрі әкеме және бас бапкерге жеке алғысымды білдіремін», – деді бокстан Қазақстан құрамасының капитаны.

Сонымен қатар қала әкімі Рио Олимпиадасының жүлдегерлеріне жаңа көліктің кілтін табыстады. Сондай-ақ Әсет Исекешев оларға жаңа пәтер берілетіндігін атап өтті.

Айта кетейік, осы жылғы Олимпиада ойындарына 28 спорт түрінен 206 мемлекет пен босқындар командаларынан 10 мыңнан астам спортшы қатысты.

Төртжылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғады.

Қазақстан құрамасы 17 медальмен (З алтын, 5 күміс, 9 қола) жалпыкомандалық есепте 22-ші орынға ие болды.