09 қаң, 2018 сағат 10:16

«Астанаэнергосервис» АҚ елорда аспанын түтін тұмшалауының себебін түсіндірді

«Астанаэнергосервис» АҚ елорданың аспанын басып тұрған түтінге Жылу электр орталығының қатысы жоқ деген пайымға келіп отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда Астанада ең көп талқыланып жатқан тақырыптардың бірі - Астана аспанын басқан түтіннің пайда болуы. «Астанаэнергосервис» АҚ баспасөз қызметі түтінді тұман - түтіннен, тұманнан және шаңнан көтерілген аэрозоль екенін, желсіз күндері көк түтін шаһардың көшелерін басып қалатынын хабарлайды.

«Жылу электр орталығының құбырынан шығатын түтін «түтін бүркеуінен» айтарлықтай жоғары орналасқан. Жылу электр орталығының жоғары биіктікте орналасқан (100, 120, 150, 180 метр) құбырларынан шыққан түтін газ ағымының жоғары жылдамдығының арқасында тарап кететіндіктен, қаланы түтіннің басып кетуіне олардың (ЖЭО-лардың) қатысы жоқ», - делінген хабарламада.

«Астанаэнергосервис» АҚ баспасөз қызметінің ақпаратына сенсек, ЖЭО-2 градирнясынан шығатын су буының будағын кейбіреулер түтінмен шатастыратын көрінеді. Айта кетерлігі, градирня - атмосфералық ауа ағынымен бағытталған технологиялық процессте судың ауқымды мөлшерін салқындатуға арналған қондырғы. Кейде градирняны «салқындатқыш мұнара» деп те атайды. Әсіресе, аяз түскен кезде су буы анық байқала түседі. «Бу қондырғыларында ыстық суды салқындатуға арналған мұнара түріндегі тоңазытқыштың будағы қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Ай сайын Астана қаласының ЖЭО-1 және ЖЭО-2 кәсіпорындарында атмосфераны ластаушы бөліністердің зертханалық мониторингі жүргізіледі. Сондай-ақ, станциядағы қазандық аррегаттары стационарлы көздерден шығатын шығарындыларға тұрақты әрі автоматты түрде бақылау жүргізетін жүйелермен жабдықталған. Мониторингтің мәліметтері стандарттарға сәйкестікті растайды. Жыл сайын «Астана-Энергия» АҚ атмосфераға ластаушы бөліністерді азайту бойынша тиімді шараларды жоспарлы түрде орындауда», - дейді «Астанаэнергосервис» АҚ-нан.

Компания өзінің хабарламасында, Астана қаласында қазіргі таңда жеке сектор тұрғындарының көп бөлігі от жағып, үйін жылытып отырғандықтан «түтін бүркеуі» пайда болып отырғанын хабарлайды.

«Бұдан басқа, ірі қалаларда ауаның ластануының себебі фотохимиялық түтін болып табылады. Ол автокөліктер санының көбеюімен тікелей байланысты», - деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.