16 нау, 2019 сағат 12:01

Астанадағы жарылыс: үйінді астынан бір адамның денесі табылды

Астанадағы ғимараттардың бірінде газ баллоны жарылып, үйінді астынан әйел адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметінен мәлімдегендей, әйелдің денесі сенбіге қараған түні сағат 01:18-де табылған.

Бұған дейін ғимараттың ішінде орналасқан кәсіпорынның есепшісі үйінді астында қалуы мүмкін екені хабарланған болатын.

Еске сала кетсек, кеше сағат 17:06-да Алаш тас жолындағы "МолПродуктсервис" компаниясының ғимаратында газ баллоны жарылды. Салдарынан бірінші және екінші қабаттардың арасы опырылып түскен.

1991 және 1970 жылғы екі ер адам №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. 1979 жылғы әйел Травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына жатқызылды.