01 мау, 2018 сағат 11:56

Астанадағы студенттер лашықтарда тұрып жатыр - Назарбаев

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барлық мемлекеттік органдардың басшыларын бес әлеуметтік бастаманы орындауға айрықша мән беруге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл ретте студенттер үшін 75 мың орынға арналған жатақхана нысандарын салу бағытына ерекше екпін қойылды. Мемлекет басшысы елордаға білім алуға келген студенттер тап болатын жағдайға тоқталды.

"Неге менде осындай идея пайда болды? Қаланы аралау кезінде Астана студенттері базардағы лашықтарда тұрып жатқанын көрдім, яғни тек түнеп шығу үшін осындай жерлерге барады. Ондай жерлерде сабақ оқуға немесе жуынуға ешбір жағдай жасалмаған. Сәйкесінше, ол қандай білім алады? Мұндай жағдай осында ғана емес, сонымен қатар өзге жерлерде болуы мүмкін. Атап айтқанда, елордада ата-анасымен бірге тұратын студенттер бар, сонымен қатар өзге өңірлерден білім алу үшін қалаға келетіндер де аз емес. Сондықтан да білім алу үшін қолайлы жағдайларға қол жеткізу -  біздің жастар үшін үлкен игілік", - деді Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Сонымен қатар Президент жазғы кезде студенттердің өздерін құрылысқа тарту керектігін ұсынды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың сөзіне қарағанда, жатақханаларда 2019 жылы 5 мың орын, 2020 жылы 15 мың жаңа орын пайдалануға беріледі.