08 қаз, 2016 сағат 13:57

Астанадағы ШҚО мен Қарағанды облысы жәрмеңкелерінде өнімдерге сұраныс жоғары болды

- Астанада өңірлердің ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, «Конгресс-холл» және «Хан шатыр» алдындағы алаңдарда қала тұрғындары Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарынан жеткізілген өнімдер нарықтық бағадан 15-20 пайызға арзанға саудалануда. Белгілі болғандай, қалалықтар картоп, пияз, ет, ұн, қант және шұжық өнімдерін белсенді сатып алып жатыр.

Жәрмеңкеде ірі қара мал етінің бағасы келісіне 1100 теңге, жылқы еті - 1250 теңге, қой еті - 1050 теңге сомасында өткізілуде. Ал шұжық өнімдері де нарықтық бағадан төмен деңгейде сатылуда. Сонымен қатар сауда орындарында Балқаштан арнайы жеткізілген балық өнімдері де көпшілікке ұсынылып отыр.

Осы ретте жәрмеңке барысында өнімдерге қойылған бағаның негізсіз жоғарылап кетпеуі ерекше назарға алынған.

Қарағанды облысының жәрмеңкесінде 840 тонна өнім өткізіледі, 60 сауда орны жасақталды. Шара барысында облыстық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт және «Бауырсақ, қымыз фестивалі» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады.

«Елордаға жеткізілген өнімнің жоғары сапасына 100 пайыз кепілдік береміз. Осында тауарлар орташа нарықтық құнынан 15-20 пайызға төмен болады. Жәрмеңке екі күн өтеді. Сондықтан қала тұрғындарын сауда алаңдарына шақырамыз»,- деді Қарағанды облысы әкімінің ауыл шаруашылық бойынша орынбасары Шагурашид Мамалинов.

Ал «Хан Шатыр» сауда ойын сауық орталығының алаңында өтіп жатқан Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде де өнімдер бағасы қаладағы орташа құнынан 15-20 пайызға арзанырақ. Сонымен қатар осы өңірден жеткізілген балдың түрлері сатып алушылар арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Жәрмеңкеде табиғи таза бал 900-ден 1200 теңге сомасында сатылуда. Елорда тұрғындарының көптеп келуіне байланысты сағат 12:00-ге қарай сауда орнындағы сөрелер босап қалды.

«Балдың 70 пайызы бізде ШҚО-да өндіріледі. Осы ретте бұл табиғи өнім ерекше брендке ие. Сондықтан жәрмеңке кезінде біз осы өнімге айрықша екпін қойып отырмыз»,-дед ШҚО  Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков.

Жалпы жәрмеңкеге бұл өңірден 400 тоннадан астам ауыл шурашылығы өнімдері жеткізілді. Оның ішінде жылқы еті - 42 тонна, құс еті -8 тонна, өсімдік майы- 10 тонна, шұжық өнімдері - 7 тонна, бал- 30 тонна, картоп- 8 тонна, көкөніс - 107 тонна көлемінде қамтылды.

Айта кетейік, аталған екі облыстың ауқымды жәрмеңкелері мен мәдени шаралары Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдыған арналып отыр.