25 қыр, 2018 сағат 13:08

Астанадағы Ramada Plaza полицияның қарамағына өтті

Астана қаласының ішкі істер департаменті Ramada Plaza қонақ үйіне орналасатын болды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифингте ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазір ғана Ramada Plaza қонақ үйін әкімдік меншігіне беру туралы шешім қабылданды. Бірақ, әкімдік оны Ішкі істер департаментіне береміз деп шешкен болатын. Департамент Ramada Plaza-ға көшеді. Біз ол жерде жөндеу жұмыстарын бастаймыз», - деді министр.

Оның айтуынша, аталған ғимаратта Астана қалалық ішкі істер департаменті мен елорданың аудан әкімдіктерінің бірі орналасады. 

«Ғимарат Байқоңыр ауданының аумағында орналасқан. Сондықтан, бірқатар мекемелер сонда көшіріледі», - деді Қалмұханбет Қасымов.