11 қаң, 2018 сағат 17:23

Астанадағы боранда жұмыс істеген журналистер елді сүйсінтті (Видео)

Желіде ақ түтек боранда Астана көшелерінде репортаж жасап жатқан «Qazaqstan» арнасының тілшілері туралы видео жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Видеоны аталмыш телеарнаның басшысы Ерлан Қарин Фейсбуктегі өз парақшасына жүктеді.

«Менің әріптестерім - өз ісінің нағыз шеберлері. Астананың бүгінгі боранында «Qazaqstan» арнасының «жаңалық шығарушылары» қалай жұмыс істегенін көріңіздер», - деп жазды телеарна басшысы. 

Айта кетейік, бүгін елордада бұрын-соңды болмаған боран салдарынан табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Көптеген ғимараттардың шатырлары көкке ұшты. Бір тәулікте 60-тан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қала әкімі Әсет Исекешев астаналықтар мен қала қонақтарына үйден шықпауға кеңес берді. Мектептерде бірінші және екінші ауысымдағы 0-11-сынып оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттері үшін сабақ болған жоқ.

Синоптиктердің болжауына қарағанда, 12 қаңтар күні бұрқасынның беті қайта бастайды. Батыстан, солтүстік-батыстан секундына 9-14 метр жылдамдықпен жел соғып, түнде ауа температурасы -11...-13 градусқа дейін төмендейді.