29 мау, 2018 сағат 10:00

Астанада жол жүру ақысы 180 теңге болды

Астанада жол жүру ақысы электронды картамен төленгенде бұрынғыша өзгеріссіз қалады, ал қолма-қол төлем 180 теңге болады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Елордалық мәслихат депутаттары қаланың қоғамдық көліктерінде жол ақысына сараланған тариф енгізу мәселесін бірауыздан қолдап дауыс берді. 

Картамен төлеген жағдайда жол жүру ақысы өзгеріссіз қалатыны туралы Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин айтты. 

"Қалалық бағдардарда электронды картамен төлем 90 теңге, қолма-қол төлем 180 теңге болады. Экспресс-бағдарларда картамен төлем 180 теңге, ал қолма-қол төлем 250 теңге болады", — деді ол. 

Қала шетіне қатынайтын бағдарлар аймақтар бойынша бөлінеді. Ал бағасы екі есе көбейеді, мәселен, бірінші көлік аймағына қатынау 180 теңге, екінші аймаққа қатынау 400 теңге, үшінші аймақ 600 теңге, ал төртінші көлік аймағына қатынау 800 теңге болады.